Пайғамбардың (с.ғ.с) інісі әрі жалғыз қызы Бәтиманың жары, ислам дүниесінің төртінші халифасы Әли ибн Тәліп хазіретіге мұсылманшылыққа бет бұрмай қасарысқан бір пенде келіп: «Ей, Әли, сендер бұл өмір уақытша сынақ деп жүрсіңдер, о дүниеде есеп-қисапқа тартыламыз деп қорқасыңдар, таңнан тұрып намаз оқып, адалдықпен өмір сүреміз деп қиналасыңдар. Осы сендер сеніп жүрген о дүниедегі есеп-қисап болмай қалса не болдыңдар, өкінесіңдер-ау?» дейді.
Сонда Әли хазіреті: «Сіз өте орынды сұрақ қойдыңыз, мен жауап берейін, сіз айтқандай о дүниеде есеп-қисап болмайтын, маһшар күні таразы тартылмайтын болса да менің ұтыларым жоқ. Өйткені таңмен намаз оқып ерте тұрдым, таза ауа жұттым, елден бұрын тірлігіме кірістім, өзіңіз айтқандай ұрлық жасамадым, өтірік айтпадым, соның арқасында елге сыйлы болдым, бейбіт-тыныш өмір сүрдім. Бұдан пайда таппасам, ұтылған түгім жоқ. Ал сіз о дүниеге сенбей, қалауыңызша өмір сүріп жатырсыз. Алда-жалда есеп күні болып, маһшарда таразы тартылып, күнәлар салмақтанса сіз қайтесіз?» деген екен.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»