БАЛАЛАРДЫ ОҢАЛТУДЫҢ ОҢ ҚАДАМЫ
Бұл орталықтың құрылуы ел медицинасының алға басқандығының бір дәлелі десе де болады. Отанымыз бойынша қазір 44,574 мүгедек бала есепте тұрады. Соның ішінде 10 мың баланың диагнозы тірек-қимыл аппарат функцияларының бұзылуынан болатын балалардың церебралды сал ауруы (БЦС). Бұл сырқат туа бітеді. Бұрын ем қонбайды делініп келсе, ендігі жерде медицинаның таңғаларлық нәтижелерінің арқасында жаны жаралы ұл мен қызға көмек берудің мүмкіндігіне қол жетті. Жан-жақты ем-домның арқасында ауруға шалдыққан балаларды қоғамға бейімдеуге, тіпті кейбіреулерінің жүруіне, сөйлеуіне жағдай жасалуда. Ең бастысы, бұл орталық арқылы еліміздің бейкүнә бүлдіршіндерін шетелдерге жібермей-ақ әлемдік медицинаның озық жетістіктерімен өз Отанымызда емдеуге болатын болды. Президенттің Астана қаласында медициналық кластерді құру тапсырмасы аясында салынған «Республикалық балаларды оңалту орталығы» АҚ осы жұмыстарды жоғары дәрежеде атқарып келеді. Біздің орталыққа балалар өңірлерден арнайы жолдамамен келеді. Оларға берілетін квота саны жыл сайын арту үстінде. Мысалы, 2008 жылы – 2675 квота бөлінсе, 2011 жылы бұл көрсеткіш – 3900-ге жетті. Ал алдағы жылы – 4200 квота бөлу жоспарланып отыр. Орталық санаулы жылдардың ішінде 10 мыңнан астам балаға оңалту терапияларын жүргізді. Емдеу курсы 25 күн ішінде өтеді. Көңілдері жабыққан, көздерінде мұң бар балаларды емдеу ісі оңай емес екені белгілі. Мұндай жұмыстарды атқаруда мықты мамандарға жүктелер жұмыс аз болмайтыны мәлім. Ондай кадрлардың қатарында логопед, дефектолог, еңбек терапевті, ЛФК, тағы басқа мамандар бірлікте жұмыс атқарады. Біздің орталықтағы балаларды емдеуге арналған құрал-жабдықтардың барлығы заман талабына сай жауап береді. Мен бұған Германияға барған сапарымда көз жеткіздім. Сол құрал-жабдықтардың қатарында ойын аппараттары, робототехнология, ортездер бар. Шолпан БӨЛЕКБАЕВА, «Республикалық балаларды оңалту орталығы» АҚ басқарма төрайымы.* * *
«100 АУРУХАНАНЫҢ» БІРЕУІ
20 мың тұрғыны бар Ақжар ауданының тұрғындарын сапалы медициналық қызмет жайы қатты алаңдататын. Шалғайдағы облыс орталығына дімкәс жан түгіл, сау адамға қатынау оңайға түспейтін. Ескі аурухана өте тарлық ететін. Орынның жетіспеушілігінен науқастар палаталарға барынша тығыз орналасып, емделулеріне тура келетін. Жұртты әбден мезі етіп, сергелдеңге түсірген қиын тығырықтан шығуға Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауына ие болған «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы жәрдемдесті. Аудан орталығы Талшық кентінде 100 төсектік, бір ауысымда 200 адам қабылдайтын ғимарат салу үшін республикалық қазынадан 1 миллиард 200 миллион теңге қаржы бөлінді. Сөйтіп, 2007 жылы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында 3 қабатты жаңа аурухана кешені пайдалануға берілген еді. Мақтануға тұратын мұндай емдеу мекемесі бұрын-соңды ешқандай ауылдық жерде болмағанын айта кеткен жөн. Қазір мұнда 160-тан астам жоғары білімді дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Медициналық қызметтің сапасы әлдеқайда жақсарып, алыс елді мекен тұрғындары енді алысқа сабылмайтын болды. Көршілес Уәлиханов ауданының жұртшылығы да еш кідіріссіз қарала алады. Аурухананың сырты қандай көрікті болса, іші де әсемдігімен көз тартады. 1-3 адамға арналған палаталар кең әрі жарық. 8 бөлімшеге заманауи медициналық құрал-жабдықтар орнатылған. Соңғы кездері италиялық рентген аппараты, германиялық стоматологиялық қондырғы, УЗИ, жаңа туған сәбилерді оңалту инкубаторы, ЭКГ сатып алынды. Енді мекеменің қаражатына мамограф құрылғысын алуды жоспарлап отырмыз. Сонда сүт бездері науқасына ұшыраған жандарды өзімізде емдеуге мүмкіндік туады. Ұжымның негізін жастар құрап, ісімізге жаңаша серпіліс тудырғанын баса айтқым келеді. Емдеу орны бой көтергеннен бері 15-ке тарта дипломды маман жұмысқа орналасып, 200 мың теңге мөлшерінде материалдық көмек алды. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында былтыр 3, биыл 2 жоғары білімді дәрігер келді. Оларға 2 миллион теңге жеңілдікті несие беріліп, жайлы баспаналарға қоныстанды. Бірқатар дәрігерлеріміз елордада біліктіліктерін көтеріп, тәжірибе алмасып қайтты. Тәуелсіздіктің арайлы ақ таңы шалғайдағы елді мекендерге де нұрлы шуағын төгіп, тұғырлана, кемелдене түскенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Қазақстанды азат ел қатарына жеткізген Нұрсұлтан Назарбаев сынды Елбасымыздың барына бәріміз мақтанамыз. Шолпан СӘБИТОВА, Ақжар аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері. Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы.ТӘУЕЛСІЗДІК СЫЙЫ
Талғар қаласында 150 төсектік және бір ауысымда 500 адам қабылдайтын жаңа аурухана кешені өз есігін айқара ашты. Мұның өзі талғарлықтар үшін ел Тәуелсіздігі қарсаңындағы үлкен сый болды. Емдеу мекемесінің құрылыстарын жүргізуге республикалық қазынадан 4,4 миллиард теңге жұмсалды. Физио, рентген, ультрадыбыстық, клиникалық зертхана кабинеттері, оттегімен қамтамасыз етілетін станса талапқа сай жабдықталып, осы заманғы медициналық қондырғылар мен құрал-жабдықтар қойылған. Салтанатты жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Маралбек Мейірбеков, қала тұрғыны Алина Власова, тағы басқалары сөз алып, еңселі денсаулық сақтау ғимаратының бой көтеруі Тәуелсіздік жемісі екенін, саламатты өмір сүру, ана мен бала денсаулығын жақсарту, аса қатерлі аурулардың алдын алу жолдарын ортаға салды. Жаңа аурухананың ұжымына жемісті еңбек тіледі. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы. __________________________ Айқарма беттің материалдарын ұйымдастырған Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан».