• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 04 Маусым, 2018

Мағжан рухы Еуропа төрінде асқақтады

250 рет
көрсетілді

Париж қаласында орналасқан ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Халықаралық түркі академиясының ұйытқы болуымен «Рухани жаңғыру және мұраны насихаттау» атты халықаралық форум-фестиваль өтіп, оның ауқымды бір шарасы Алаш қозғалысының қайраткері Мағжан Жұмабаевқа арналды. 

Біз қазақстандық делегацияның құрамында кәрі құрлыққа сапарлап қайтқан облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Кемел ОСПАНОВПЕН және М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің ғылым және инновациялар проректорының міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының докторы Ақмарал ИБРАЕВАМЕН тілдесіп, айтулы оқиғаға орайлас ойларымен  бөліскен едік. 

К.Оспанов: – Биыл «Мағжан Жұмабаев жылы» ретінде жарияланып, 125 жылдығы кең көлемде атап өтілуде. Түркі әлемі үшін ұлы ақынның орны бөлек, есімі қастерлі, өмірі үлгі, отты жырлары ортақ қазына екенін Түркияның Анкара, Кастамону қалаларында өткен жиындарға қатысу барысында көзіміз анық жеткен еді. Оның көптеген өлеңдерін тәржімалап, жеке жинақ етіп шығарған белгілі ақын Али Акбаштың айтуына қарап Анадолы жұрты оны еркіндікке жаны құмар түркішіл, тұраншыл, бар ғұмырын халқының, елінің тәуелсіздігі жолына сарп еткен азатшыл тұлға ретінде бағалайтынын білдік. Оның бір мысалына өткен ғасырдың 20-шы жылдары 250 мың түрік шейіт болған «Чанаккале» соғысын келтірді. Орны толмас қайғыға ортақтасқан, бірінші болып үн қатқан сезімтал суреткер «Алыстағы бауырыма» деген атақты өлеңін жазып, қаржылық көмек ұйымдастыруға белсене қатысқан. Біртуар тұлғаның жырлары Түркияда 1960 жылдардан бері жүйелі түрде жарық көріп келе жатқаны сүйсінтеді. Ал Париж төрінде өткен айтулы басқосу Елбасы белгілеп берген рухани жаңғыруымыздың халықаралық деңгейдегі жалғасы десек, артық айтқандық емес. ЮНЕСКО-ның «Мұраны сақтау, насихаттау және жал­ғастыру» стратегиялық мін­дет­­терінен туындайтын талаптарымен үндесетін және әлемнің 20-ға жуық елінен білікті ғалымдар, мә­дениет, қоғам қайраткерлері бас қос­қан халықаралық форумда Мағжан рухы ерекше асқақталды. Өмірі мен шығармашылығына қатысты мазмұнды баяндамалар жасалды. Мичиган штаты университетінің профессоры Ти­мур Қожаоғлуның «Мағжан – от­тың, еркіндік пен махаббаттың ақыны» атты кітабы таныстырылды. Жинаққа ағылшын тіліне аударылған өлеңдер топтастырылған. Тағы 40-ға жуық жауһар жырларын аудармаққа ниетті екен. «Түркі әлемінің 100 тұғыр­лы тұлғасы» ауқымды жоба таныс­ты­ры­лымының өтуі, оған Мағжан есі­мінің енуі өте құптарлық.

А.Ибраева: –Түркі академиясының рухани саладағы тың бастамалары көп. Солардың біріне – айтулы ақынның Парижде өткен 125 жылдық мерейтойының мерекеленуіне қатысу бақытына ие болдым. Айтулы шара Алаштың ардақты азаматы Мұстафа Шоқайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, асылымыздың рухына бас июден басталды. Меніңше, Қазақстан, Түр­кия, Әзербайжан, Қырғызстан мем­лекеттерінің өкілетті елшілері, ЮНЕСКО ұйымының өкілдері ерен қызығушылық танытуы, жойылу қаупі алдында тұрған түркі тілдері төңірегінде тұжырымды ойлардың айтылуы, шешімді мәселелердің қозғалуы тектен-тек емес. Моңғолиядан Мажарстанға дейінгі кең аймақта өмір сүретін түркітілдес ұлыстардың дабыл қағарлық шетін мәселелері жетіп артылады. Осы тұрғыдан алған­да, ЮНЕСКО мінберінен айтылатын ұсыныс-пікірлердің салмақты келе­тініне, ескерусіз қалмайтынына сенімдіміз. Бағдарламаның бірінші бөлімі тұтас түркі тарихына, рухани құндылықтары мен тілдік жүйесіне арналып, теориялық-методологиялық проблемалар жан-жақты қамтылды. Тимур Қожаоғлу, Якуб Омероғлу, Фар­хат Фихри, Борантай Бедюров, Игорь Кызласов, Ахат Салихов сынды түркітанушылар түптамыры Алтайдан бастау алатын түркілердің әлем тарихында алатын орны мен рөлін, тілдік ерекшеліктерін, болашағына қатысты тұжырымдарын жіліктеп берді.

Панельдік сессияның екінші кү­ні түр­кі тілі мен әдеби-мәдени мұ­ра­­лары талқыланды. Осы жерде Мағ­­­жан­­­ның 125 жылдығына орай әлем­нің бірнеше тіліне аударылған кі­тап­тар тұсаукесерінің өтуі керемет әсер қалдырғанын бөле-жара айт­қан абзал. Ұлттық, рухани құн­­дылықтарымыздың әлемдік дең­гей­­де таны­луына Халықаралық Түркі ака­де­мия­сы­ның атқарып жатқан еңбегі зор.

Біз өзімізбен бірге Мағжанға арнал­ған архивтік құжаттар көрмесін ала барған едік. Оны жиналғандардың қызыға тамашалауы форум мәнін аша түскендей болды.

– Жергілікті жерлерде қандай жұмыс­­тар қолға алынбақ?

К.Оспанов: – Мағжанның мерейтойын жоғары деңгейде атап өтудің өңірлік нақты бағдарламасы жасалып, оның аясында 300-ге тарта іс-шара өткізу белгіленген. Ондағы басты мақ­сат – шығармашылық мұраларын на­­си­­хаттау арқылы жас буынның ел та­ри­хына деген сүйіспеншілік се­зі­мін ны­ғайту, қазақстандық патрио­тизм­ге баулу. Ақынның туған күні қар­са­ңында «Мағжан көктемі» төртінші рес­­публикалық өнер фестивалі, ғы­лы­ми-тәжірибелік конференциялар, та­ғы­­лымды кештер өткізіледі. Өмірі мен шы­­ғармашылығын кеңінен қамтитын екі томдық жинақ шығарылады. Баба­мыз­дың туған жері Сарытомарда «Мағжан оқу­­лары» мен ұлттық спорт түрлерінен өтетін шараларға ұла­­сады. Ақындар айтысы, оқушылар ар­асында ғылыми жобалар байқауы ұйым­дас­­т­ырылады. Көшелер мен алаңдарға, мә­­дениет, білім ошақтарына есімі бері­ле­ді.

Әңгімелескен

Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы