Астанада Халықаралық балаларды қорғау күнінде балдырғандарға тосын сый жасалды! Төл мерекелері қарсаңында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен «Этноауыл» ұлттық–мәдени кешенінің ашылу рәсімі аясында тұсауы кесілген «Алпамыс» театралды-цирк шоуының премьерасы кішкентай көрермендерді қиял-ғажайып әлемінің сиқырға толы ғаламат көрінісімен қуантты.
Астананың 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған айтулы шараға Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Парламент Мәжілісінің депутаты, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан, Қазақстанның халық әртісі, Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық Қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Талғат Теменов және тағы да басқа белгілі қоғам қайраткерлері қатысты.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасымен құрылған «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінің екінші аймақтық ашылуына қош келдіңіздер! Сонымен қатар біз бүгін болашағымыз – балдырғандарды атаулы төл мерекелері қарсаңында тұңғыш рет цирк өнерінің элементтері негізінде сахнаға шығып отырған «Алпамыс» театралды шоуының премьерасына арнайы шақырып отырмыз. Біздің мақсатымыз – еліміздің дәстүрін дүниежүзіне әйгілі ету. Қазіргі уақытта Қазақстан – ынтымағы мен берекесі жарасқан, мәртебесі асқақтап тұрған сыйлы мемлекет. Саяси-экономикалық бағытта ғана емес, өнер мен спорт саласында да еліміздің жеткен жетістігі көңілге қуаныш орнықтырады. Бүгінде біз оны мақтанышпен айтамыз. Мереке мерекеге ұлассын! – деп министр алқалы жиынның ресми бөлімін ашып берді.
Этноауылды өз саласындағы айрықша және алғашқы ұлттық жоба деп мақтанышпен айтуға болады. 2500 шаршы метр аумаққа жайылған мәдени-этнографиялық кешен бірнеше секторға бөлінген. «Шеберлер ауылы», «Спорттық-цирктік іс-шаралар», «Аңшылықтың дәстүрлі түрлері», «Концерттік зал», «Демалыс аллеясы», «Дәстүрлі қазақ және шығыс тағамдары мейрамханасы», «Ұлттық дәстүрлер мен салттар», «Жібек жолы», «Шығыс базары» сынды тақырыптық-мазмұндық ерекшеліктеріне орай топтастырылған бөлімдер елорданың мерейтойын атап өтуге келген әр мейман көңіліне берік бекіп, қазақтың дәстүрі мен салтынан, ұлттық болмысы мен тамырын тереңге тартқан тағылымды тарихынан мол мағлұмат беретіні сөзсіз. Алдағы уақытта этноауыл кешенінде ұйымдастырылатын этникалық музыка және театр өнерінің фестивальдері, көрмелер, қолданбалы-сәндік өнердің сан түрлі шеберлік сыныптары, ұлттық спорт түрлері бойынша өтетін сайыстар, атты-спорттық іс-шаралар және тағы басқа айтулы мәдени бағдарламалар келушісін қуантып, ұлттық құндылықтарға деген құрметін еселей түсуге септеседі деп күтілуде.
Іс-шараның екінші бейресми бөлімі этноауылдың бас шатырында өткен «Алпамыс» театрландырылған цирк-шоуының премьерасына ұласты. Ұлы дала халқы мен еліміздегі ең жас қаласы – Астананың түп тамыры саналатын ежелгі Бозоқ елді мекенінің тағылымды тарихынан сыр шертетін қойылымның көрерменіне ұсынар жаңалығы мол.
– Қазақ тарихының ең көне және жұмбақ беттерінен бастау алатын Алпамыс батыр туралы ғажап аңыздың желісі ежелгі Бозоқ қаласының көшелері мен алаңдарында өтеді, Бозоқ – бүгінде Қазақстанның жаңа астанасы ретінде әлемге танымал Астана қаласы», деді «Қазақ әуендері АҚ-ның вице-президенті Сәкен Шәкеев.
Жанры айтып тұрғандай, жоғары сапалы заманауи техникамен жабдықталған сахнада өнер көрсеткен әртістер қойылымдағы негізгі басымдықты цирк өнерінің элементтеріне беріпті. Шоу жұмысын сапалы ұйымдастырып, көрермен көңілін селт еткізерлік, таң қалдырарлық өнер тудыру үшін Ресейден «Журавли» спорт театрының өнерпаздары Астанаға арнайы шақырылыпты. Шоу продюсері әрі режиссері – Сергей Козин. Композиторы – Жанболат Әділов. Сәні мен салтанаты келіскен костюмдердің авторы – Шура Тумашова. Ал бас кейіпкер Алпамыс рөлі Даркан Камбышев ізденісінде көрермен назарына ұсынылды.
«Алпамыс» қойылымына әр елден арнайы шақыртумен жасақталған 70 әртіс қатысты. Олардың барлығы – халықаралық цирк байқауларының лауреаттары мен ең жоғары деңгейдегі спорт сайыстарының жеңімпаздары, Du Soleil циркі қойылымдарының тәжірибелі қатысушылары.
Қойылымның декоративті-технологиялық жасақталуында мін жоқ. Әйтсе де көңілге қонбаған, қисынға келмейтін жалғыз-ақ тұс – ұлттық дәстүріміз бен құндылықтарымызды ұлықтайтын этноауыл төріне қазақ эпосының жауһары – «Алпамысты» әкеліп, орысша шүлдірлетіп қойғанымыз болды. Ана тіліміз тағы да титрдің көлеңкесінде қалған. Сондай-ақ цирк элементтері оқиға мазмұнына икемделмей, керісінше драматургиялық желі шоудың қызығы мен жарқ-жұрқ жарқылы жолында құрбан болған. Қанша жерден шетелдік мамандар қойды дегенімізбен де, ұлттық жауһар ұлттың тілінде сөйлеуі керек емес пе?!. Оның үстіне, оқиғаның барлығы шоу дәстүріне сай баяндау үлгісінде алдын ала жазылып алынған жазба мәтін арқылы кадр сыртынан жүретіндіктен, әртістер тілден қиналады дейтіндей ақталымды себепті де көрмедік. Қойылымды тамашалауға жиналған көрерменнің де басым көпшілігі – өз отандасымыз. Осы тұрғыдан кеткен олқылық ойымызды тым-тым жиі бөле бергені болмаса, жалпы шоу бағдарламаның көркемдік деңгейін жоғары деп бағалауға толықтай негіз бар. Бастысы – балалар бақытты, ата-аналары дән риза.
P.S: «Алпамыс» театралды-цирк шоуы Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы аясында 1 маусымнан 2 қыркүйекке дейін аптаның әр бейсенбі мен жексенбі күндері аралығында «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінің аумағында сахна төріне шығып, қиял-ғажайып әлемі мен цирк элементтерінің үйлесімінен туған театрландырылған қойылым үш ай бойы көрерменіне қуаныш сыйлайтын болады.
Назерке ЖҰМАБАЙ, «Егемен Қазақстан»