• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Маусым, 2018

Астанада «Алпамыс» теат­рал­­ды-цирк шоуының премье­расы

444 рет
көрсетілді

Астанада Халықаралық балаларды қорғау күнінде балдырғандарға тосын сый жасалды! Төл мерекелері қарсаңында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен «Этноауыл» ұлттық–мәдени ке­ше­­нінің ашылу рәсімі аясында тұсауы кесілген «Алпамыс» теат­рал­­ды-цирк шоуының премье­расы кіш­кентай көрермендерді қи­ял-ға­жайып әлемінің сиқырға то­лы ғаламат көрінісімен қуантты.  

Астананың 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған айтулы шараға Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Парламент Мәжілісінің депутаты, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан, Қазақстанның ха­лық әртісі, Қ.Қуанышбаев атындағы ака­демиялық Қазақ музыкалық драма театры­ның көркемдік жетекшісі, режиссер Талғат Теменов және тағы да басқа белгілі қоғам қайраткерлері қатысты.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы­ның тапсырмасымен құрылған «Этно­ауыл» ұлттық-мәдени кешенінің екінші аймақтық ашылуына қош кел­ді­ңіздер! Соны­мен қатар біз бүгін бола­ша­ғымыз – балдырғандарды атаулы төл мере­ке­­лері қарсаңында тұңғыш рет цирк өнерінің элементтері негізінде сахнаға шы­ғып отырған «Алпамыс» театралды шоуының премьерасына арнайы ша­қырып отырмыз. Біздің мақсатымыз – еліміздің дәстүрін дүниежүзіне әйгілі ету. Қазіргі уақытта Қазақстан – ын­ты­м­а­­ғы мен берекесі жарасқан, мәр­тебесі ас­­қақ­тап тұрған сыйлы мемлекет. Саяси-экономикалық бағытта ғана емес, өнер мен спорт саласында да еліміздің жеткен жетістігі көңілге қуа­ныш орнықтырады. Бүгінде біз оны мақ­танышпен айтамыз. Мереке мерекеге ұлас­сын! – деп министр алқалы жиын­ның ресми бөлімін ашып берді.

Этноауылды өз саласындағы айрық­ша және алғашқы ұлттық жоба деп мақ­танышпен айтуға болады. 2500 шар­­шы метр аумаққа жайыл­ған мә­де­­­ни-этнографиялық кешен бір­не­ше сек­торға бөлінген. «Шеберлер ауы­лы», «Спорттық-цирктік іс-шара­лар», «Аң­шы­лықтың дәстүрлі түрлері», «Кон­­церт­тік зал», «Демалыс аллеясы», «Дәс­­түр­лі қазақ және шығыс тағамдары мей­рам­ханасы», «Ұлттық дәстүрлер мен салт­­тар», «Жібек жолы», «Шығыс базары» сынды тақырыптық-мазмұндық ерекшеліктеріне орай топтастырылған бөлімдер елорданың мерейтойын атап өтуге келген әр мейман көңіліне берік бекіп, қазақтың дәстүрі мен салтынан, ұлттық болмысы мен тамырын тереңге тартқан тағылымды тарихынан мол мағлұмат беретіні сөзсіз. Алдағы уақытта этноауыл кешенінде ұйымдастырылатын этникалық музыка және театр өнерінің фестивальдері, көрмелер, қолданбалы-сәндік өнердің сан түрлі шеберлік сыныптары, ұлттық спорт түрлері бойынша өтетін сайыстар, атты-спорттық іс-шаралар және тағы басқа айтулы мәдени бағдар­ла­малар ке­лушісін қуантып, ұл­т­тық құн­ды­лық­тарға деген құрметін еселей түсуге септеседі деп күтілуде.

Іс-шараның екінші бейресми бөлімі этноауылдың бас шатырында өткен «Алпамыс» театрландырылған цирк-шоуының премьерасына ұласты. Ұлы дала халқы мен еліміздегі ең жас қаласы – Астананың түп тамыры саналатын ежелгі Бозоқ елді мекенінің тағылымды тарихынан сыр шертетін қойылымның кө­рерменіне ұсынар жаңалығы мол.

– Қазақ тарихының ең кө­не және жұм­бақ беттерінен бастау ала­тын Алпа­мыс батыр туралы ғажап аңыз­дың желісі ежелгі Бозоқ қаласының кө­ше­ле­рі мен алаңдарында өтеді, Бозоқ – бү­гінде Қазақстанның жаңа астанасы ре­тінде әлемге танымал Астана қаласы», деді «Қа­зақ әуендері АҚ-ның вице-пре­зи­ден­ті Сәкен Шәкеев.

Жанры айтып тұрғандай, жоға­ры сапалы заманауи техникамен жаб­дық­талған сахнада өнер көр­сеткен әр­тіс­тер қойылымдағы негізгі ба­сым­дық­ты цирк өнерінің элементт­е­ріне бе­ріпті. Шоу жұмысын сапалы ұй­ым­дас­тырып, көрермен көңілін селт ет­кі­зер­лік, таң қалдырарлық өнер тудыру үшін Ресейден «Журавли» спорт театры­ның өнерпаздары Астанаға арна­йы ша­қырылыпты. Шоу продюсері әрі ре­жи­с­сері – Сергей Козин. Композиторы – Жан­болат Әділов. Сәні мен салтанаты келіс­кен костюмдердің авторы – Шура Тумашова. Ал бас кейіпкер Алпамыс рө­­­лі Даркан Камбышев ізденісінде кө­рер­­мен назарына ұсынылды.

«Алпамыс» қойылымына әр елден арнайы шақыртумен жасақталған 70 әртіс қатысты. Олардың барлығы – ха­лық­­аралық цирк байқауларының лау­ре­аттары мен ең жоғары деңгейдегі спорт сайыстарының жеңімпаздары, Du Soleil циркі қойылымдарының тәжі­ри­белі қатысушылары.

Қойылымның декоративті-техно­ло­гиялық жасақталуында мін жоқ. Әйтсе де көңілге қонбаған, қисынға кел­­мейтін жалғыз-ақ тұс – ұлттық дәс­­­түріміз бен құндылықтарымызды ұлық­­тайтын этноауыл төріне қазақ эпо­­сы­ның жауһары – «Алпамысты» әке­ліп, орысша шүлдірлетіп қойғанымыз бол­ды. Ана тіліміз тағы да титрдің көлеңкесінде қалған. Сондай-ақ цирк элементтері оқиға мазмұнына икемделмей, керісінше драматургиялық желі шоудың қызығы мен жарқ-жұрқ жар­қы­лы жолында құрбан болған. Қанша жер­ден шетелдік мамандар қойды дегенімізбен де, ұлттық жауһар ұлттың тілінде сөйлеуі керек емес пе?!. Оның үстіне, оқиғаның барлығы шоу дәстүріне сай баяндау үлгісінде алдын ала жазылып алынған жазба мәтін арқылы кадр сыртынан жүретіндіктен, әртістер тілден қиналады дейтіндей ақталымды се­бепт­і де көрмедік. Қойылымды тама­ша­лауға жиналған көрерменнің де басым көпшілігі – өз отандасымыз. Осы тұр­ғыдан кеткен олқылық ойымызды тым-тым жиі бөле бергені болмаса, жалпы шоу бағдарламаның көркемдік деңгейін жоғары деп бағалауға толықтай негіз бар. Бастысы – балалар бақытты, ата-аналары дән риза.

P.S: «Алпамыс» театралды-цирк шоуы Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы аясында 1 маусымнан 2 қыркүйекке дейін аптаның әр бейсенбі мен жексенбі күндері аралығында «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінің аумағында сахна төріне шығып, қиял-ғажайып әлемі мен цирк элементтерінің үйлесімінен туған театрландырылған қойылым үш ай бойы көрерменіне қуаныш сыйлайтын болады.

Назерке ЖҰМАБАЙ, «Егемен Қазақстан»