Футболдан Қазақстан чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы елорданың «Астана» клубы Еуромаусым жорығы алдында баспасөз мәслихатын өткізіп, команданың жаңа бас жаттықтырушысын таныстырды.
1 маусымнан бастап «Астана» командасын украиналық білікті маман Роман Григорчук жаттықтырады. Бұл туралы баспасөз жиынына қатысқан команда президенті Саян Хамитжанов мәлімдеп, БАҚ өкілдері алдында Роман Григорчукты ресми түрде таныстырды. Бастапқы келісімшарт екі жылға жоспарланған.
«Жыл басында Станимир Стойлов Қазақстан ұлттық құраманың бас бапкері болып тағайындалғанда біз оның орнына жаңа бапкер іздеп жатқан едік. Григорчукпен бізде белгілі бір деңгейде ортақ келісім болды. Мен оны «Астанаға» наурыз айында алып келуге тырыстым. Бірақ оның Әзербайжанның «Габала» командасымен мамырдың соңына дейін келісімшарты бар еді. Міне, бүгін онымен келісімшартқа отырдық. Біз қазірге дейін команданы жаттықтырып келген Бабаянға клубты уақытша басқара тұруын өтінген едік. Ол өз келісімін берген болатын. Бабаян клубта қалып, Григорчуктың бірінші көмекшісі болады», деді С.Хамитжанов.
Саян Хамитжанов таңдау не үшін украиналық маманға түскеніне де тоқталып өтті. Ол Роман Григорчукты бірнеше себеппен таңдағанын айтты. «Біріншіден, Григорчук Еурокубоктарда нәтижеге жеткен бапкер. Бұл біз үшін өте маңызды. Ол үш командамен төрт рет Еурокубокта ойнаған. Екіншіден, Роман түрлі командалар мен елдерге оңай бейімделеді және орналасуына қарамастан нәтижелерге қол жеткізе алады. Григорчук Қазақстан чемпионатында және Еурокубок бәсекелерінде табысқа жету үшін біздің мақсатымызды толығымен орындайды деп сенемін», деді С.Хамитжанов. Сонымен қатар клуб президенті жазғы трансфер маусымында команда құрамын күшейтетіндігін, клубқа көмегі тиюі мүмкін деген бірнеше футболшыны қарастырып жатқанын да тілге тиек етті.
53 жастағы Роман Григорчук әр жылдары Латвияның «Венспилс», Одессаның «Черноморец» және Әзербайжанның «Габала» ұжымдарын жаттықтырған. Ол соңғы ұжымда үш жарым жыл қызмет етіп, командамен бірге екі жыл қатарынан Еуропа лигасының топтық кезеңінде сынға түскен. Сонымен қатар Роман Иосифович 2013/2014 жылғы Еуромаусымда Одессаның «Черноморец» клубымен турнирдің 1/16 финалына дейін шыққан болатын.
Одан бөлек украиналық маман үш мәрте Латвия чемпионатында топ жарып, екі мәрте Балқан түбегі елінің кубогында жеңіске жеткен. Әзербайжан чемпионатында екі рет күміс, екі рет қола жүлдені жеңіп алған. Ал жекелей марапатқа келер болсақ, Григорчук үш мәрте Латвияның үздік бапкері атанып, Украина және Әзербайжанда бір реттен осы жетістікке қол жеткізген.
«Астана» командасының жаттықтырушысы атанғаныма қуаныштымын. Соңғы жылда қол жеткізген жетістігінің арқасында «Астана» Еуропаға біршама танылып қалды. Бұл маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Команда тек жеңіске жетуді үйренген. Менің жұмысым да клубты жеңіске жетелеу», деді Григорчук.
Айта кетейік, «Астана» командасы биыл Еуромаусымды Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінен бастайды. Алғашқы ойын шілде айының 10/11 күндеріне, қарымта кездесу 17/18 күндеріне белгіленген. Өткен маусымда елорда ұжымы Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне дейін жеткен болатын.
Әли БИТӨРЕ, «Егемен Қазақстан»