45 жастан асқан шағында шау тартып қалмай, әр жылдары кәсіпқой рингте табысты өнер көрсеткен боксшылар аз емес. Олардың біразы 20 мен 30 жас аралығындағы күш-қуаты бойына сыймай, жалындап тұрған жастардың өзін жолдарынан ығыстырып, миллиондаған жанкүйерлердің зор қошеметіне бөленді. Десек те сол саңлақтар арасында ең белді нұсқалар бойынша әлемдік тәж үшін таласқан тұлғалар сирек. Бұл көшті даңқты Бернард Хопкинс бастап тұр.
1965 жылы АҚШ-тың Филадельфия қаласында дүниеге келген Бернард Хопкинс бала кезінен теріс жолға түсіп, талай шытырман оқиғаларды басынан өткерді. Төбелесті, ұрлық жасады, адам тонады, қарақшылықпен айналысты. Өзі секілді бұзақылармен ерегесіп, талай рет пышаққа да түсті. Ақыры 17 жасында тәртіп сақшыларының қолына түсіп, 18 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Кейіннен сот өз шешімін өзгертіп, 1988 жылы болашақ бокс жұлдызын түрмеден босатты. Бес жыл темір қапаста отырған Хопкинс көп нәрсені ой елегінен өткізіп, ендігі өмірін мәнді де мағыналы өткізуге бекінді. Ислам дінін қабылдап, бойындағы жат қылықтардан арылды.
Өз өмірінің 28 жылын Бернард боксқа арнады. 1988 жылдың қазанында алғашқы кездесуін өткізген ол соңғы рет 2016 жылдың желтоқсан айында рингке көтерілді. Бақандай 18 жыл! Сол аралықта 67 мәрте шаршы алаңға шығып, 55 рет жеңіске жетті. 32 қарсыласын нокаутқа жіберді. 8 рет ұтылып, 2 сайыс тең аяқталды. Тағы 2 кездесудің нәтижесі есепке алынбады. Ал Хопкинстің ең ғажап рекорды – әлем чемпионы атанған «ең қарт» боксшы ретінде тарихта қалды. Алғашында Хопкинс 46 жасында, одан кейін 47 жасында алтын белбеуді иеленді. Бұл межемен ол шектелмеді. 2014 жылдың 19 сәуірінде біздің Бейбіт Шүменовті ұпай санымен ұтқан америкалық спортшы 49 жасында чемпиондық атаққа қол жеткізді. Бұл – бүгінгі таңдағы рекордтық көрсеткіш!
28 жыл бойы шаршы алаңды армансыз шайқаған Арчи Мур соңғы рет 1961 жылы әлем чемпионы атанды. Ол кезде АҚШ-тың Калифорния штатының тумасы 47 жаста еді. Арчи барлығы 219 жекпе-жек өткізіп, 185 рет жеңіс тойын тойлады. 131 қарсыласын есінен тандырды. 23 рет ұтылып, 11 айқас тең аяқталды. Кезінде ол Рокки Марчиано, Флойд Патерссон, Мұхаммед Әли және тағы басқа бокс жұлдыздарымен күш сынасқанын егде тартқан жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ.
1994 жылдың 5 қарашасында АҚШ-тың алыбы Джордж Форман өзінің отандасы Майкл Мурерді ұтып, 45 жасында әлемдік тәжді иеленді. Содан кейін қатарынан үш жыл бойы ол мәртебелі атағын абыройлы қорғады. 1997 жылы өзінен 22 жас кіші Шэннон Бриггстен ұпай санымен ұтылғаннан соң 48 жастан асқан ардагер боксшы былғары қолғабын шегеге ілді. Өзінің спорттық карьерасында барлығы 81 кездесу өткізген Джордж 76 мәрте жеңіске жетіп, 68 рет бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Кезінде ол атақты Джо Фрезерді екі рет нокаутпен ұтып, әйгілі Мұхаммед Әлиден ұтылған. Тағы бір ерекше атап өтерлік жайт, Форман 1977 жылы 28 жасында үлкен спорттан қол үзіп, 1987 жылы 38 жасында қайта оралды. Даңқты боксшының жүріп өткен жолына үңілсек, 10 жылдық үзіліс оның спорттық бабына кері әсерін тигізбегенін аңғару қиын емес.
19 жылдан аса уақыт жұдырықтасқан Ларри Холмс өзінің соңғы жекпе-жегін 2002 жылдың 27 шілдесінде Эрик Эшке қарсы өткізді. Бұл бәсеке 53 жастағы ел ағасының пайдасына шешілді. Карьерасындағы 75 айқастың алтауында ғана ұтылған америкалық азамат кезінде Мұхаммед Әлидің өзін айқын басымдықпен ұтқан болатын. Ең кереметі, 1973-1985 аралығында өткізген өзінің алғашқы 48-кездесуінің барлығында Ларридің мерейі үстем болды. Ол тек шау тартқан шағында ғана жеңіле бастады.
Панаманың мақтанышы Роберт Дюранның жанкештілігіне тамсанбау, таңданбау мүмкін емес. Спорттық мансабын жеңіл салмақтан бастаған ол жартылай ауыр салмаққа дейін көтерілді. Сол аралықта чемпиондық белбеуді сан мәрте иеленіп, 119 кездесудің 103-де үстемдік етті. 70 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Ең кереметі, кәсіпқой рингте ол табаны күректей 33 жыл бойы жұдырықтасқан екен. Соңғы рет Дюран 50 жасында шаршы алаңға шықты.
Жоғарыдағы рекордтарды бұзуға Рой Джонстың мүмкіндігі болған еді. Флорида штаты тумасының кәсіпқой рингте жүргеніне 20 жылға жуықтап қалды. Түрлі салмақ дәрежелерінде жұдырықтасқан ол сан мәрте әлем чемпионы атанды. Алғашқы 50 кездесуінде Рой тек бір рет қана жеңілістің кермек дәмін татты. Өзінің 35 бәсекесінде ол ережені бұзып, жеңіс Монтелл Гриффиннің еншісіне жазылды. Содан кейін АҚШ-тың өрені қатарынан тағы 15 жекпе-жекті жеңіспен аяқтады. Барлығы 75 мәрте рингке көтерілген Джонс 66 айқаста ұтып, 47 қарсыласын нокаутқа түсірді. Соңғы рет аты аңызға айналған 49 жастағы боксшы үстіміздегі жылдың ақпан айында Скот Сигмонды ұтты. Содан кейін ол боксты доғарды.
Сонымен қатар қарт боксшылар қатарына Эвандер Холифилд-ты да қосуға болады. Кәсіпқой рингтегі тұсаукесер кездесуін 1984 жылы өткізген ол 27 жыл бойы аянбай айқасты. Атағынан ат үркетін Майк Тайсонның өзін екі рет сабап, аса ауыр салмақта әлем чемпионы атанды. Соңғы рет АҚШ боксшысы 2011 жылдың 7 мамырында Брайан Нильсенді соққыға жыққаннан соң 48 жасында сүйікті ісімен қош айтысуды құп көрді.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН, «Егемен Қазақстан»