Дәрігер мамандығының қыр-сырын біліп, анық сол жолды таңдау үшін үлкен жүрек керек. Әр дәрігер адам өмірінің арашасы екендігін білуі әрі түйсінуі тиіс.
Дәрігер – халыққа қызмет етуге өмірін арнайтын абзал мамандық. Ол мойнына өмірдегі ең қымбат жауапкершілік саналатын адам өмірін алады. Сондықтан да беделді, қажетті және адамгершілікті талап ететін ізгі мамандықтардың бірі болып қала бермек.
Осы іспетті ауыртпалық жүгін қорықпай арқалаған Қостанай облысындағы Рудный қалалық ауруханасының кардиология бөлімшесінің дәрігері Зинат Кенішбекқызы 23 жылдан бері науқастар жанына араша болып келе жатқан тәжірибелі маман.
Дәрігер қандай қасиеттерге ие болуы керек? Зинат Кенішбекқызының айтуынша, ең алдымен ақ желеңді жандар ақжүрек болуы қажет. Яғни адамды жақсы көре білуі тиіс. Білімді де білікті, күрделі жағдайларға әзір және махаббат пен мейірімділікті ту етуі шарт. Сонда ғана саласының жілігін шағып, майын ішкен маманға айналады.
«Дәрігердің жұмысы науқастың жанын қинаған азапты жеңуден тұрады. Ол халықтың денсаулығына жауапты маман. Бойындағы қайсар мінез – дәрігердің басты қаруы. Яғни алдында қандай қиын іс күтіп тұрса да, бәріне бірдей төтеп беруге дайын болуы дәрігердің қайсарлығы мен күрескерлігінің айнасы. Сондай-ақ адам өмірінің арашашысы шешімді тез қабылдап, жауапкершіліктен жалтармауы керек. Өйткені қай жерің ауырса, жаның сол жерде ғой, дейді кардиолог-дәрігер.
Әлбетте, қаншама адамның жанын сақтап қалған мейірімді жан барлық құрметке ие. Ол тіпті бас ауырып, балтыр сыздап келген мыңдаған адамдардың көңіліне демеу, жанына сүйеніш бола білген дәрігердің бірауыз жылы сөзі ауырып жатқан адамға дәріден де артық әсер ететінін айтады.
– Жұмыс барысында түрлі жағдаймен бетпе-бет келуге тура келеді. Қиын сәттерде күрделі жағдайдан шыға білу – тапқырлықтың белгісі. Әйтпесе сенімсіздіктің кесірінен жүрек соғуын тоқтатады. Сол себепті сабырлы шешім қабылдай білудің маңызы зор. Әрине, еңбек жолында есте қаларлық сәттер көп. Алайда, мен үшін соның ішіндегі ең қиын әрі жүрегіме тигені екі бірдей жанның өмірін арашалап қалуға жанталасқан оқиға дер едім. Жүрек ақауы бар жүкті әйелдің біздің ауруханаға келгені әлі есімде. Дәрігерлердің айтқан сөзіне құлақ аспай, өз бетінше әрекет жасаған жас ананың өмірі қыл үстінде тұрғанын ол білмеген еді. Өмірін барынша сақтап қалу біздің дәрігерлік міндетіміз болатын. Жүрегінің әлсіз екендігіне қарамастан құрсағындағы нәрестеге жаңа өмір сыйлау жанкештілік қой. Алайда мұның бір ғана жолы болды. Не ананың өмірін арашалау, не нәрестеге жаңа өмір сыйлау. Бұл – өте қиын шешім. Дәл осындай ауыртпалықты бұрын-соңды сезініп көрмеппін. Мұндай медициналық операцияны жүзеге асыруға біздің аурухана қауқарсыз еді. Сол себепті де ананы тез арада облыстық ауруханаға жеткізу керек болды. Жол үстінде жүкті әйелдің қан қысымы кенеттен төмендеп кетіп, жүрегі бір мезетте тоқтап қалады. Бар жігерімді жинап, сол арада алғашқы көмек көрсетуге асықтым. Дефибрилятордың көмегімен сөнген жүректі қайта өмірге әкелдім. Бірақ, бұл уақытша ғана болды. Ауруханаға жеткенше ананың өмірін арашалап қалу мүмкін емес еді. Сол себепті құрсақтағы нәрестеге жаңа өмір сыйлаған дәрігердің қандай ауыртпалықпен бетпе-бет келгеніне көзіміз жетіп отыр, дейді Зинат Кенішбекқызы толқып.
Дәрігерге осы адал қызметі үшін 2016 жылы қала әкімінің дипломымен марапатталды. Жалпы, Рудный қалалық кардиология бөлімшесінің қызметкерлері адам өмірін арашалап алып қалу, оларға екінші өмір сыйлау- әр дәрігердің басты міндеті деп біледі. Олардың көмегімен тоқтаған жүрек қайта соғып, сөнген үміт қайта жанады. Сондықтан оларға әрдайым құрмет көрсетіп жүрейік.
Лаура ЕШНАЗАРОВА,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті
Саясаттану және журналистика факультетінің І курс студенті