• RUB:
    5.35
  • USD:
    478.74
  • EUR:
    528.24
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Маусым, 2018

Астанада өңір музейлерінің көшпелі көрмесі ашылды

320 рет
көрсетілді

Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы мен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ұлттық музейде «Өткенді еске алу – болашаққа жол» атты өңір музейлерінің көшпелі көрмесі ашылды. 

Жобаның мақсаты жайлы көпшілікті хабардар еткен Астана қаласы әкімінің орын­басары Ермек Аманшаев, алда келе жатқан елорда күні қарсаңында аса ауқымды мәдени шаралар жоспарланып жатқанын айта отырып, солардың ішін­де маңыздысы бүгінгі көрме екенін жет­кізді.

Үш кезекпен өткізілуі тиіс аталмыш мәдени жобаның бұл жолғы бета­шары ретінде – Солтүстік Қазақстан, Ақмо­ла облыстарының және Қарағанды өңі­рі­не қарасты «Ұлытау» ұлттық тари­хи-мәдени және табиғи қорық-музей жәді­герлері әкелініпті.

Осылардың ішінде қызылжарлықтар ұсын­ған «Ұлтын сүйген ұлы жүрек» ат­ты көрме негізінен көрнекті ақын Мағ­­­жан Жұмабаевтың өмірі мен шы­­ғар­­машылығына арналған екен. Яғни 90-ға жуық жәдігерлердің арасын­да, ақынның атасы Жұмабайдың құра­ны мен қажылық сапары кезінде қолдан­ған жайнамазы, М.Жұмабаев ауданы Сарытомар ауылындағы музей қоры­нан алынған ақынның жары Зылиқа қол­данған ыдыс-аяқ бұйымдар, інісі Сәлім­жанның жарына Мағжанның өзі сый­лаған керлен кесе, сонымен қатар Ұлт­тық музей қорында тұрған ақынның порт­фелі қатарлы тарихи жәдігерлермен қатар, 1912 жылы Ташкентте жарық көрген М.Жұмабаевтың «Шолпан» атты туындысының көшірмесі мен 1923 жылы шыққан «Избранное» кітабы сияқты құнды дүниелерді көріп санамызды жаңғырттық. 

Келесі көрме иесі ақмолалықтар ша­раға арнап 150 экспонат әкеліпті. Осы­ның 50-шақтысы этногафиялық (құс­бегі жабдығы, ат әбзелдері т.б.) бұйымдар екен. Облыстық тарихи-өлке­тану музейінің басшысы Қуаныш Шақшақовтың мәліметіне сүйенсек, жоғарыдағы жәдігерлер өңірдегі барлық музей қорынан жиналған. Бұлардың арасында айрықша атап өтерлік дүние ақын-сазгер, бостандық күрескері Иманжүсіп Құтпанұлының бесатары. Бұл дүние қазір елорда іргесіндегі «Жібек жолы» ауылының тұрғыны Имекеңнің немересі Раушан Нұрқанқызының қо­лында тұр. 

Сонымен қатар өңірге аты мәлім оқы­мысты-ағартушы Мұсабай Зілқара­ұлының шағатай тілінде жазылған кіта­бы, Рағбузидың өзбек тіліндегі «Хис­саул Әнбиясы», 1902 жылы Қазан қала­сын­да жарық көрген діни сарынды «Хисаятул» жыр кітабы, әсіресе құн­ды мұра ретінде танымал Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» қол­жазбасының тұпнұсқасы секілді көне жәдігерлер көрме сөресінен орын алыпты. 

Үшінші көрме иесі ұлытаулықтар жер­гілікті фотограф Дмитрий Ругис түсірген һәм өңірдің көркем ландшафт таби­ғатын бейнелейтін 35 картинаны көз­айым ретінде ұсыныпты.

Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиевтің айтуынша, өңірдегі құнды жәдігерлерді таныстыру ісі әлі жалғасады. Беташар ретінде ұсынылып отырған мұндағы үш облыс көрмесі 10 маусымға дейін тұрса, келесі көрме иесі керекуліктер ісін 16 мау­сымда бастап, 22 маусымда аяқтайды. Үшінші болып Шығыс Қазақстан және Алматы облысының музейлері 27 маусым – 7 шілде аралығында жәдігерлерін тамашалата алады. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан»