• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Маусым, 2018

Елордада таза ауадағы жаттығу маусымы басталды

331 рет
көрсетілді

Елордада әрбір жексенбі күндері өтетін таза ауадағы жаттығу маусымы басталды. «Президенттік», «Студенттік», «Жерұйық» және «Триатлон» парктерінде маусым айының 3-нен бастап көпшілікке арналған жаттығу орындары ашылды. Бұл – биыл саябақтарда ұйымдастырылып отырған алғашқы спорттық іс-шара. 

Тегін түрде ұйымдас­тырылып отырған жоба Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен үшінші мәр­те қолға алынып отыр. Жобадағы негізгі ерекшелік – жексенбі күндері кәсіпқой жаттығулар таңертеңгі 10:00-12:00 аралығында болса, кешкісі 17:00-19:00 аралы­ғында өткізіледі. Сонымен бірге «Астаналық» және «Триатлон» саябағында топтық жүгіруден дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері сағат 19:30-дан 20:30-ға дейін сабақтар өткізіледі.

Жексенбі күні «Аста­на­лық» саябағында таң­ер­теңгілік жаттығу түріне крос­сфит, зумба, йога, топтық жүгіру және бразилиялық джиу-джитсу кіреді. Қазіргі таңда әлемде спорттың кроссфит түрімен айналысушылар саны уақыт өткен сайын артып келеді. Себебі  онда жүгіруден бастап ауыр атлетика, пауэрлифтинг, гимнастика сияқты дене жаттығуларының барлығы қамтылған. Бразилиялық джиу-джитсу өнері жекпе-жек түрі болғандықтан, спорттық кешендерде оған қатысу ақылы түрде болады. Ал саябақтағы сабақтар тегін.

Саябақтағы кешкі бағ­дарламаға шахмат, дойбы және Street Workout, жүгіру, стритбол сияқты топтық ойын­дар мен балаларға арналған ойын-сауық түрлері де енгізіліп отыр.

Кроссфит, зумба, йога және бразилиялық джиу-джитсу бағыттарына «Прези­денттік», «Студенттік» және «Жерұйық» саябақтарына жексенбі күндері таңғы уақытта барып қатыса алады, ал кешкі уақытта «Пре­зиденттік» парктен басқа саябақтарда үстел ойындары ойналады. 

«Триатлон» паркінде жексенбі сайын таңертең және кешке топтық жатты­ғулар өтеді.

Бұл қолға алынып отырған Fitness Park Astana жобасы 27 мамырдан 9 қыркүйекке дейін Астана саябақтарында әр жексенбі сайын өткізіледі.

Азамат МӘУЛЕНҰЛЫ