Қазақстан құрамасы жолдастық кездесуде Әзербайжанмен кездесіп, 3:0 есебімен басым түсті. Бұл ойын барша қазақ жанкүйеріне сенім ұялатқаны рас. Құраманың бас бапкері Станимир Стойлов та ойынға дән риза екенін жеткізді.
Ойынға Еркебұлан Сейдахмет қатыспайды дегенді естіген көптеген көрермен біраз қызықтан құр қалып қойғандай күй кешті. Қаптал арқылы сытылып өтіп, қарсыластың қорғанысына лап қоятын жас дарын жарақатына байланысты алаңға шыға алмады. Ол 19 сәуір күні «Уфа» командасының ойынында жарақат алып қалған еді. Дегенмен, оның орнына алаңға шыққан Еркебұлан Тұңғышбаев та тәп-тәуір өнер көрсетті. Ал негізгі шабуылшы ретінде бірінші минуттан алаңға Алексей Щеткин шықты.
Бұрындары тек екінші таймда алаңға шығатын «Астана» шабуылшысы негізгі құрамдағы орынды амалсыздан алған секілді. Себебі қазір Сергей Хижниченко «Ордабасы» сапында жөнді ойнай алмай жүр. Шынын айтқанда, команда ішіндегі бәсекелестікте ол легионерлерге орын беріп қойды. Ал Стойлов футболшының сіңірген еңбегі мен атақ дәрежесіне мүлде қарамайды. «Дәл қазір кім мықты ойнап жүр, соның барлығын құрамаға шақырдым» деген сөзінен еш танбады. Ал қалған футболшылардың барлығы өз орнына жайғасты.
Матч бастала салысымен Қазақстан құрамасы стандарттық жағдайларға көп көңіл бөлді. 15 минуттың ішінде 3 бұрыштама көтеріп, бір айып добын орындады. Сол айып добынан тамаша пас көтерген Бауыржан Исламхан Роман Мұртазаевтың гол соғуына мүмкіндік жасады. Есеп 1:0.
Артынша іле-шала Исламхан тағы бір комбинациялық шабуыл ұйымдастырып, оның да нәтижесі голға ұласты. Серікжан Мұжықов шабуылға нүкте қойып, есепті еселей түсті. Айта кетейік, бұл Серікжанның ұлттық құрама сапындағы алғашқы голы еді. 16 ойында соққан бірінші добы. Жалпы алғанда Мұжықов Стойлов бапкердің сызбасындағы маңызды футболшыға айналғанын байқадық. Ортада Исламхан мен Мұжықов жұбы бүкіл шабуылды бастады. Ал Исламбек Қуат көбінесе қорғанысқа жауап беріп, қарсылас шабуылына тойтарыс берумен айналысты.
Екінші таймда да бірнеше футболшы алмасып, болгар бапкері қызықты қадамдарға барды. Әлгі Еркебұлан Сейдахмет ойнайтын оң қапталда өнер көрсеткен Тұңғышбаевты алмастырып, оның орнына Георгий Жуковты кіргізді. Бірақ «Қайрат» ойыншысы тек ортада ғана ойнай алады. Ал оң қапталға Мұжықов келді. Бірақ сағатқа жуық ойын өткен тұста бапкер Серікжанды да демалуға жіберіп, оның орнына Бахтиер Зайнутдиновты шығарды. Жас ойыншы оң қапталда ойнауға мәжбүр болды. Әйтпесе оның да негізгі орны орталық алаң еді. Зайнутдиновтың оң қапталда мардымды ештеңе бітіре алмасын байқаған бапкер Исламханды алып, орнына Ян Вораговскийді кіргізді. Себебі ортада ойнайтын ойыншылар алаңда төртеу болып кетті. Ал Вораговский оң қапталдың ойыншысы болмаса да, шеткері тұста емін-еркін қимылдайтын қасиеті бар. Негізінен ол да сол қапталда ойнайды. Екінші таймда оң қапталда төрт футболшы өнер көрсетті. Тұңғышбав, Мұжықов, Зайнутдинов, Вораговский. Бұл әрине ұлттық құрамамыздың ақаулы тұсы деген сөз. Ертеңдері ресми ойын өткізген шақта бұлайша ойыншыларды алмастырып отыру мүмкін емес. Сондықтан да Қазақстан құрамасына оң қапталда ойнайтын тағы бір адам керек деген сөз.
Матчтың соңғы минутында Зайнутдинов гол соғып, 3:0 нәтижесін тіркеді. Бұл есеп «Астана Аренаға» жиналған 22 мың жанкүйердің көңілін одан әрі шалқытып тастады. Жамбыл футболының өкілі өзінің 3 ойынында 2-голын соғып отыр.
Бақтиер ЗАЙНУТДИНОВ,
Қазақстан құрамасының ойыншысы:
– Командадағы тәжірибиелі ойыншылар маған көп ақыл айтып, үнемі қолдап отырады. Соның арқасында сенімді ойнадым. Есепте алға шығып тұрған соң, аяқтағы допты еш ойланбас- тан қақпаға тебе салдым. Кезекті голымды соққаныма ризамын. Станимир Стойлов келгелі бері құраманың ойыны жандана түсті деген пікірмен толық келісемін.
Станимир СТОЙЛОВ, Қазақстан құрамасының бас бапкері:
– Барша қазақ жанкүйерлерін жеңіспен құттықтаймын. Менің футболшыларым жақсы деңгейде доп тебе алатынын дәлелдеді. Енді 6 қыркүйекте болатын Грузияға қарсы ойынға дайындаламыз. «Астана Аренада» Ұлттар лигасының матчын жеңіспен бастауымыз керек. Ал оған дейін ешқандай жолдастық матч өтпейтіндіктен, футболшылардың еурокубокте көрсететін ойынына көп назар саламыз.
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»