• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Маусым, 2018

Миллионыншы тұрғынға пәтер берілді

446 рет
көрсетілді

Бүгінде шымкенттіктерді құттықтап жатқандар көп. Облыс орталығы болып келген шаһарға республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру бойынша алғашқы ресми қадамдар жасалып, елге жария етілді. Осы бір қуаныштың себепкері дерсіз, бәлкім, дәнекері болар, Шымкентті мегаполис атандырған миллионыншы қала тұрғыны Айсұлу Еламанова екені күні кеше мәлім болды.

Жарық дүние есігін 17 мамыр күні ашқан нәресте, әрине әзірге ештеңеден хабарсыз. Ата-анасы бастап, жағымды хабардан құлағдар болған қала тұрғындары қуанып жатқанда ол тып-тыныш, тәп-тәтті ұйқы құшағында еді. Айсұлу бұл дүниеге таудай бақ-береке, несібесін ала келді. Нақтырақ айтсақ, кеше, яғни сәрсенбінің сәтінде миллионыншы қала тұрғынына қос бөлмелі пәтер кілті табыс етілді. Пәтер кілтін салтанатты түрде табыс еткен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев нәрестенің дені сау, еліне елеулі, халқына қалаулы қыз болып өсуіне тілектестігін жеткізді.

– Елбасы бүкіл дүние жүзінің қайраткерлері қатыс­қан экономикалық форумда Шымкент қаласын миллионды қала деп жариялады. Ал шымкенттіктер респуб­ликалық статус иелену бастамасын өте қызу қарқынмен қолдады. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес облыс орталығының тұрғындары 39 мың адамға өсті. Мұның 18 мыңы ішкі көші-қон есебінен жүзеге асқан. Ал қаланың миллионыншы тұрғыны мамыр айында дүниеге келген болатын. Ол азаматша – Айсұлу Еламанова жас отбасының бірінші перзенті. Шымкенттіктердің атынан осы айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтаймын! – деп облыс әкімі жүрекжарды лебізін білдірді.

Айта кетелік, бұл пәтерді өңірге белгілі кәсіпк­ер, меценат, облыстық мәсли­хат депутаты Қайрат Молда­сейітов сыйға тартты. «Мен Шымкенттің жанашыры­мын. Қаланың бүгіні мен ертеңі мені әрқашанда тол­ған­­дырады. Естеріңізде бол­са, бұған дейін қала әкімі болып қызмет те істе­дім. Қала мәртебесін асқақ­­татқан осы сәбиге екі бөлмелі пәтер берсем деп шештім. Нәресте Шымкент қаласымен бірге көркейіп өсе берсін деп тілей­мін. Ал өзім қаланың қарқын­ды түрде дамитынына сенім­дімін», деді «Отау групп» ком­паниясының басшысы Қайрат Молдасейітов.

Тұңғыштарының арқа­сында пәтерлі болған жас ата-ана Самат Еламанов пен Айжан Ахайбекованың осындай қуаныш сыйлаған облыс, қала әкімдігі мен меценатқа айтар алғысы шексіз. «Қызымызбен бірге алаңсыз өсіп жатқанбыз. Бізге ең бірінші азаматтық хал актілерін тіркеу орнынан хабарласты. Олар қызымыздың аты-жөнін, салмағын, куә­лігін сұрады. Басында қызы­мыздың миллионыншы тұр­ғын бола қоятынына сенбей, онша үміттене қоймадық. Бірақ кеше олар үйге келіп, біздің қызымызды миллио­ныншы қала тұрғыны болуымен құттықтады. Шыны керек, сонда не істерімізді білмей абдырап қалдық. Қуа­нышымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», дейді отағасы, қаладағы жүйке аурулары ауруханасында мейіргер болып жұмыс істейтін Самат. Ал Айсұлудың анасы Айжан «Альфа банктің» қызметкері екен.

Осылайша, қасиетті Рама­зан айының бірінші күні туған Айсұлу Шымкент қаласының мәртебесін өзгертуге тікелей септігін тигізіп, ата-анасын қуа­нышқа бөледі.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы