Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемдегі 800 ең үздік университет арасында 220 орынға табан тіреп, QS «World University Rankings» халықаралық рейтингінде тағы да 16 сатыға жоғарылады. Бұл топқа посткеңестік кеңістіктен тек екі университет кірді. Олар: ҚазҰУ және Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті (РФ).
Елбасы Қазақстанның жоғары оқу орындары алдына әлемдегі ең үздік 200 ЖОО қатарына кіру міндетін қойғаны мәлім. ҚазҰУ әлемдік кеңістікте мойындалған еліміздің жетекші университеті ретінде осы маңызды мемлекеттік тапсырманы іске асыруда мақсатты жұмыс атқарып келеді. Соңғы бес жылда университет «QS WUR» рейтингінде 400-ден астам позицияға көтерілген. Әлемдік тәжірибеде бірде-бір университет осындай өсу динамикасына қол жеткізбеген көрінеді.
QS әлемдегі барша мемлекеттермен танылған беделді және көптеген жылдар бойы әлемдегі үздік жоғары оқу орындарының жаһандық рейтингін жүргізіп келе жатқан ықпалды халықаралық агенттіктердің бірі.
ҚазҰУ-дің осы рейтингте табысты ілгерілеуінің маңызды факторы кең ауқымды құрылымдық жаңғырту, нәтижеге бағытталған басқарудың жоғары тиімділігі, сондай-ақ соңғы бес жыл ішінде 40 пайызға өскен бірегей инфрақұрылымның қарқынды дамуы деп айтуға болады. Әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналу бағытын сақтай отырып, ҚазҰУ медицина-биологиялық және инновациялық ІТ кластерін қалыптастыру бойынша жұмыс жасауда. Оның негізін жаңа суперкомпьютер құрайтын болады.
Университеттің әлемдік деңгейде танылуы тұрақты даму бойынша БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасының Ғаламдық хабы ретінде белсенді қызметімен және оның халықаралық жобаларымен де байланысты. Олардың ішінде ҚазҰУ ұсынған инновациялық-технологиялық және рухани-адамгершілік платформалардың симбиозына негізделген «Университет 4.0» жаңа буын университетінің моделі бар.
Бүгінде аталған оқу орнының таңғаларлық тәжірибесін әлемнің жетекші университеттері зерттеу үстінде, бұл университеттің жоғары бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіші болып табылады. Жетекші қазақстандық жоғары оқу орнының әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігіндегі артып келе жатқан рөлін ескере отырып, «QS Worldwide» атқару кеңесі 2019 жылдың қыркүйегінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ негізінде бүкіләлемдік форум және жоғары оқу орындарының халықаралық көрмесін өткізу туралы шешім қабылдады. Осындай ауқымды іс-шараны өткізу Қазақстанның өсіп келе жатқан беделін айғақтайды және елдің жоғары білім беру жүйесін алға жылжытуға ықпал ететін болады.
Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан»