Орталық коммуникация қызметінде «Киелі Қазақстан» QazaqGeography Қазақстанның ұлттық географиялық қоғамының және «Арал-2018» экспедициясының нәтижелері» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға QazaqGeography халықаралық және ғылыми жобалар бөлімінің менеджері Нұржан Алғашов, «Назарбаев Университеті» АҚ National Laboratory Astana PR және коммуникация бөлімінің менеджері Жәмила Аязбекова, «Назарбаев Университеті» АҚ National Laboratory Astana биофотоника және имиджинг зертханасының кіші ғылыми қызметкері Вероника Дашкова, «Назарбаев Университеті» АҚ National Laboratory Astana биофотоника және имиджинг зертханасының кіші ғылыми қызметкері Айдын Әбілқас қатысты.
«2018 жылғы 10-29 мамыр аралығында QazaqGeography қазақстандық ұлттық географиялық қоғамы Солтүстік және Оңтүстік Аралға ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырды. Сапар белгіленген бағыт бойынша Қазақстан және Өзбекстан аумағында 7000-ға жуық шақырымды қамтыды. Олар Астана – Қарағанды – Балқаш – Шу – Тараз – Шымкент – Ташкент – Самарқан – Бұхара – Үргеніш – Нүкіс – Мойнақ – Арал теңізі – Бейнеу – Бозой – Арал теңізі – Арал – Қызылорда – Астана. Экспедиция құрамында QazaqGeography қызметкерлері, Назарбаев Университетінің гидробиолог ғалымдары, географтар, фотографтар және Tengrinews.kz және Massaget.kz-тің фотожурналистері болды. «Арал-2018» экспедициясының мақсаты – Оңтүстік және Солтүстік Арал суаттарының гидрохимиялық ахуалын зерттеу, өңір мәселелерін жарыққа шығару, Арал маңының туристік әлеуетін дамытуға арналған деректерді өзектендіру, сондай-ақ фото және бейнематериалды жинау болды», деді QazaqGeography халықаралық және ғылыми жобалар бөлімінің менеджері Нұржан Алғашов.
Сонымен қатар ол туристік жағынан алғанда, Арал өңірі шетелдік және қазақстандық туристер үшін қажетті бағытқа айналудың барлық мүмкіндіктеріне ие екенін, алайда алда атқаратын шаруалардың шаш етектен екенін де жасырмады.
Профессор Наталья Бартеневаның жетекшілігімен Назарбаев Университетінің Биофотоника және имиджинг зертханасының Дмитрий Малашенков, Вероника Дашкова және Айдын Әбілқастан құралған бір топ ғалымдары жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында Арал-2018 экспедициясы кезінде Оңтүстік және Солтүстік Аралдың түрлі нүктелерінен су мен планктоны сынамалары алынып, судың негізгі гидрохимиялық сипаттамалары өлшенген.
«Атап өткіміз келетін жайт, зерттеулер микроскопия сияқты дәстүрлі әдістерді, сондай-ақ цитометрия мен имиджингілік цитометрияны қоса алғанда, ең жаңа технологияларды пайдалана отырып өткізілді. Ғылыми-зерттеу жұмысының негізгі мақсаты – планктондық қауымдастықтарды зерттеу және Арал теңізінің қазіргі экологиялық ахуалын бағалау болып табылады. Алдын ала нәтижелер бойынша Солтүстік Аралдың түрлік алуандығы негізінен, жоғары тұздылыққа төзімді организмдер мекендейтін оңтүстік Аралға қарағанда едәуір жоғары. Тұздылық Арал теңізінің фитопланктоны мен зоопланктонының түрлік алуандығына әсер ететін негізгі факторлардың бірі болып табылады. Планктонның осы екі параметрі де Солтүстік Аралдың экожүйесін қалпына келтіру үдерістерін көрсетеді. Су сынамаларының талдауы көрсеткендей, Оңтүстік Аралдағы іріктеу нүктелерінде судың тұздылығы 130 промиллеге дейін құрайды, бұл өз кезегінде әлемдік мұхит суының тұздылығынан 4 есеге жуық жоғары. Салыстыру үшін атап өтерлік жайт, Өлі теңіздің ең тұзды суаттарындағы тұздылық деңгейі 330 промилле. Қазақстан Республикасының аумағындағы Солтүстік Аралдың тұзды- лық деңгейі 3 және 9 промилле арасында ауытқыды. Бұдан әрі іріктелген сынамалар құрамында пестицидтердің болуына қатысты зерттелетін болады», деді «Назарбаев Университеті» АҚ National Laboratory Astana биофотоника және имиджинг зертханасының кіші ғылыми қызметкері Вероника Дашкова.
Ал «Назарбаев Университеті» АҚ National Laboratory Astana PR және коммуникация бөлімінің менеджері Жәмила Аязбекова 17 және 26 мамыр аралығында QazaqGeography ұлттық географиялық қоғамы Назарбаев Университетімен бірге ұйымдастырған еліміздің киелі жерлері бойынша жыл сайынғы «Киелі Қазақстан» экспедиция жайлы баяндады.
«Экспедиция Астана – Екібастұз – Ақкөл мазары – Семей – Ақкөл мешіті – Өскемен – Абылайкит – Семей – Қоңыр әулие – Қарқаралы – Қызылкент қамалы – Астана бағытында ұйымдастырылды. Осы жылы экспедиция мүшелері Ақкөлдегі ескі ағаш мешітті, Қоңыр әулие үңгірін, Абылайкит монастырының қираған орнын, Ақкөл мазарын, ақын Абай Құнанбаевтың әкесінің мешітін және Қызылкент ғибадатханасын зерттеді. Экспедиция нәтижелері бойынша Исабек Ишан Хазіреттің құлпытас эпитафиясынан бастап, ойрат және түркі тілдеріндегі жазбаша дереккөздерге дейінгі 40-тан астам дереккөздер цифрланды, фотоматериалдар мен жазбаша дереккөздер жиналды, алты зерттелінетін объектінің GIS-координаттары жасалды. Назарбаев Университетінің ғалымдары табылған дереккөздерді зерттеу мен олардың мағынасын ашу және алты объектінің әрқайсысы бойынша қосымша этнографиялық және тарихи материал жұмысын одан әрі жалғастыратын болады. Бүкіл ақпарат киелі жерлердің электронды атласы сайтының негізін құрап, онлайн қолжетімді болады», деді Ж.Аязбекова.
Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»