• RUB:
    5.35
  • USD:
    478.74
  • EUR:
    528.24
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Маусым, 2018

Ұлттық ұлан қызметшілері арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» сайысы өтті

707 рет
көрсетілді

Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында жергілікті ұлт өкілі емес әскери қызметшілердің арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» сайысының екінші кезеңі өтті, деп хабарлайды Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.

Сайыстың мақсаты мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, тілге құрметті арттыру, қазақ тілін жетік үйренуге ынталандыру,  әскери қызметшілерге мемлекеттік тілді меңгертудің оң тәжірибесін тарату болды.

Аталған сайыс Ұлттық ұланда бірнеше жыл қатарынан өткізіліп келеді. Жыл сайын сайыстың талабы күшейіп, заманға сай жаңалықтар енгізіліп отырады. Тіл тақырыбы ғана емес, тарихты, салт-дәстүрді, отансүйгіштікті насихаттаған шараның жеке құрамды тәрбиелеуде атқарып келе жатқан рөлі зор.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылыққа қарасты Шымкент, Тараз, Қызылорда қалалары мен Алматы облысының Ұзынағаш аулынан шақырылған ұландық сайыскерлер Алматы қаласында өтетін шараға үлкен дайындықпен келген. Кілең сайдың тасындай іркітелген жігіттер алдымен өздерін таныстырудан бастады. Сайысқа жеті үміткер қатысты, атап өтсек, 7552 әскери бөлімінен сержант Щелоков Александр Владимирович, 3650 әскери бөлімінен аға лейтенант Крук Виктор Владимирович, 5571 әскери бөлімінен сержант  Наймушин Андрей Александрович, 5513 әскери бөлімінен сержант Баклагин Владимир Александрович, 5547 әскери бөлімінен аға лейтенант Ибатуллин Руслан Павлович, 6506 әскери бөлімінен аға лейтенант Подоляк Святослав Владимирович, 6698 әскери бөлімінен сержант Мұстафаев Нураддин Дагестановичтер, 28237 әскери бөлімінен қатардағы Мамыкин Александр Александровичтер бақ сынасып, өз бөлімдерінің намысын қорғады.  

Мақал-мәтел айтудан жарысқа түскен әскерилер арасында сержант Щелоков Александр қатарластарынан оқ бойы озып шықты, ол өзін таныстыруда да домбыраны  айтыстың мақамымен шертіп, көрерменді бірден баурап алған еді. Шымкенттен келген  әзербайжан ұлтының өкілі сержант Мұстафаев Нұраддин қазақтың салт-дәстүрін терең ойлы сөздермен жеткізіп, парасатты қазақ ер-азаматының тұлғасын сомдап шықты. Нұраддиннің тілі жатық, ойын еркін жеткізетіндігі байқалды.

Ал сайыскерлер ішіндегі ең жасы қатардағы Мамыкин Александрға төтеп берер қарсылас болмады. Жас келсе, іске деген осы болар. Александрдың сөз саптауы, ой қорытуы, таным-түйсігі мен білімі артымызда келе жатқан жас толқын ұрпақтың шығар биігін көрсеткендей. Ол осы шараның өзіне жаңа үлгі алып келді. Күні кеше, Отан қорғаушылар күні жауынгерлік парадта шырқалған «Мен қазақпын» әнін рухтанып, арқаланып айтты.

Сондай-ақ, тіл байқауының барысында Б.Момышұлына арнау, тілге құрмет, Қазақстанның жетістіктері, Астананың 20 жылдығы, Отанды сүю тақырыптарында шешен сөйлеуге талпыныс болды.

Сайыс қорытындысы бойынша көрермендер көзайымы болған  5547 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, татар халқының өкілі, аға лейтенант Р.Ибатуллин арнайы грамотамен марапатталды. 6698 әскери бөлімінен келген сержант Н.Мұстафаев 3-орынды, 7552 әскери бөлімінен қатысқан сержант А.Щелоков 2-орынды, ал 28237 әскери бөлімінен сайысқа түскен қатардағы А.Мамыкин 1-орынды иеленіп, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Мемлекеттік тіл мәртебесі ұлықталған кешке Қазақстан халқы ассамблеясының Алматы қаласындағы өкілдері қатысып, ұлттық-мәдени орталықтардың ән-шашулары сыйға тартылды. Қазақтың қолөнер бұйымдарынан көрме қойылды. Аталған бағдарлама мен көрмені ұйымдастыруға қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Қоғамдық келісім» Республикалық мемлекеттік мекемесі Алматы қаласындағы «Достық» үйінің бірқатар мүшелері алғыс хаттармен марапатталды.