• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 10 Маусым, 2018

Мемлекет басшысы: ШЫҰ аясында тәжірибе алмасатын алаң құру қажет

319 рет
көрсетілді

Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында цифрландыру мен жаңа технологиялар бойынша тәжірибе алмасатын алаң құру қажет. Бұл туралы бүгін Қытайдың Циндао қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңейтілген құрамдағы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді.

«Әлемде әлемдік валюта себетін әртараптандыру, валютаға тәуелділікті төмендету және криптовалютаның пайда болуы туралы көп айтылып жүр. Осыған байланысты біз ШЫҰ-ның барлық елдерінің ұлттық валютасында өзара есеп айырысуға көшуді елдеріміздің экономикасының қауіпсіздік аспектілерінің бірі ретінде ойластырған жөн. Біздің елдеріміздің Орталық банктері бүгінгі Циндао саммитінен кейін бірге бас қосып, сәйкесінше жол картасын әзірлеуді бастай алар еді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында экономиканы цифрландыру мен роботтандыруда жаңа технологиялық трансформация жүріп жатқанын айтты.

Елбасы цифрлық және заманауи технологияларды дамыту үшін өзара тәжірибе алмасу қажеттігіне тоқталды. Ал Шанхай ынтымақтастық ұйымының экономикалық серпіліс жасауына инфрақұрылымдық мегажобалар ықпал етеді. Бұл шара мультипликативті әсер беріп қана қоймай, ұйымға мүше мемлекеттердегі мамандарды жұмыспен қамтиды. Бұған Бейжің-Астана-Мәскеу-Берлин бағытындағы теміржол магистралінің құрылысы мысал бола алады. Нұрсұлтан Назарбаев мұндай жобаларды құрылымға мүше мемлекеттердің аясында іске асырудың тиімділігін атап өтті. Әрі бұл бастамалар Еуразиялық экономикалық одақ пен ұйымның ықпалдастығын арттырып, болашақта Еуропалық одақпен де тығыз байланыс орнатуға негіз бола алады. Президент сөз соңында бизнес қауымдастықты «Астана» халықаралық қаржы орталығымен бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.