Серпінділік стратегиясы
Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы Қазақстан экономикасының негізгі тәуекелдерінің стратегиялық дұрыс екенін көрсетіп, сол арқылы экономиканы әртараптандырудың және шикізатқа тәуелділіктен арылудың баламасыз болып танылды. Мемлекеттік инновациялық саясат біріншіден, дамудың жедел әрі әсерлі тәсілі инновациялық кластерлерді дамытуға, екіншіден, барша қазақстандықтардың ұлттық идеясын қанағаттадыратын инновациялық орта қалыптастыруға, үшіншіден, инновациялық инфрақұрылымның әсерлілігін арттыруға, төртіншіден, ғылыми-технологиялық әлеуетті коммерцияландыратын қазақстандық жүйе жасауға және бесіншіден, отандық кәсіпкерлікті инновациялық гранттармен қамтуға бағытталған. 2011 жылғы 4 шілдеде «Көрме» орталығында Мемлекет басшысының қатысуымен «Қуатты Қазақстанды бірге жасаймыз!» атты іс-шара өткізілді және 2011 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосылған Индустрияландыру картасы жобаларының тұсаукесері өтті. Осы іс-шара барысында облыстар, Астана және Алматы қалаларының әкімдері Мемлекет басшысына 6 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құра отырып, 114 млрд. теңге қаражатты қамтитын 75 жобаны таныстырды. Жалпы, жарты жыл ішінде 900 млрд. теңгеден астам сомаға 227 жоба іске қосылып, 29 мың жаңа тұрақты жұмыс орындары құрылған. Екінші жартыжылдықта кемінде 617 млрд. теңге қаржыны құрайтын 14,5 мың тұрақты жұмыс орынын қамтитын 129 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Оның ішінде «Самұрық-Энерго» АҚ-тың қолдауымен Шарын өзенінде Мойнақ ГЭС-ін салу, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың жауапкершілігімен Жетіген-Қорғас темір жол торабын және «Өзен – Түркіменстанмен мемлекеттік шекара» жаңа темір жол торабын салу, Астана қаласында «Talgo» жолаушылар вагонының өндірісін ұйымдастыру, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолын салу секілді ірі жобалар бар.Мойнақ ГЭС-і
Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасына орай Мойнақ ГЭС-ін қайта қолға алу туралы Үкіметтің арнайы қаулысы Швейцария мен Қытайдан кейін жер астын ұңғылау әдісімен салынған үшінші су электр стансасы. Қуаты – 300 МВт. Оның ерекшелігі – ТМД кеңістігіндегі жоғары қысымды үш гидростансаның бірі. Су қысымы 500 метрді құрайды. Құрылыстың жалпы құны 340 миллион доллар. Алғаш құрылысқа Қазақстанның Даму банкі 25 миллион АҚШ долларын бөліп, қаржы «Бестөбе» су қоймасы мен жол, электр желісін тартуға, тұрғын үй салуға жұмсалған. Аталмыш банк кейіннен тағы да 132 миллион доллар бөлген. Қытай Даму банкі 200 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салған. Қаражат есебінен негізгі нысан құрылыстары басталып, жұмысқа кәсіби тәжірибесі бар Қытай мамандары тартылған. Қазір бөлінген қаржының 90 пайызы игерілді. Құрылыста 1200-дей адам еңбек етсе, оның 340-ы Қытайдан келген мамандар. Қалғандары өзіміздің отандастар. Мамандар үшін 80 тұрғын үйден тұратын қалашық және мешіт, балалар бақшасы салынды. Мойнақты салуға 200 мың текше метр бетон, 25 мың тонна арматура, 16 мың тонна құбыр, 5 мың тонна құрал-жабдық, 1 млн. текше метр тас жұмсалған. «Мойнақтың» 51 пайыз акциясы мемлекет қолында. Ал, 49 пайызы қазақстандық акционерлер иелігінде. Жарық көзі «KEGOC» акционерлік қоғамының желілері арқылы Шелек және Қапшағай жанындағы қосымша стансаларға беріліп, одан әрі оңтүстік өңірге таратылады. Құрылыс жұмысында 100 түрлі маркадағы автокөліктер мен 37 арнаулы техника және механикалық агрегат, генератор, трансформатор, компрессорлардың 50-ден аса түрі бар. «Бестөбе» су қоймасының көлемі 238 млн. текше метр. «Мойнақтың» кепілдік мерзімі 100 жылға есептелген. Сейсмикалық жағынан 9 баллдық жер сілкінісіне төзімді. Алып құрылыс іске қосылғанда өңірдегі өнеркәсіп өнімінің көрсеткіші жыл сайын 6,7 млрд. теңгені құрайды деп жоспарланған. Бюджетке 1 млрд. 790 млн. теңге түсім түсетін болады.Жетіген – Қорғас темір жол торабы
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының аясында салынған «Жетіген-Қорғас» темір жол желісі жүкті темір жол арқылы Қытайдан Орталық Азияға, одан әрі Еуропаға жеткізудің ең қысқа жолы болып отыр. 293 шақырымға созылған желіге 165 000 млн. теңге инвестиция салынды. «Жетіген – Қорғас» темір жол желісі Қазақстан мен Қытай арасындағы жол қашықтығын 500 шақырымға қысқартады. «Жетіген – Қорғас» темір жол желісінің бойында орналасқан «Алтынкөл» стансасы ірі көліктік-логистикалық түйін болмақ. «Алтынкөл» стансасында пойыз вагондары қытайлық тар рельсті темір жолдан (1435 мм.) ТМД елдерінде пайдаланылатын темір жол рельсіне (1520 мм.) ауыстырылады. Қазіргі таңда «Алтынкөл» стансасының жұмысшыларына арналған «Нұркент» шағын қалашығы салынды. Қазақстан Республикасының Көлік және байланыс министрлігінің мәліметтері бойынша, «Жетіген – Қорғас» желісі арқылы 2012 жылы 5,5 млн. тонна, 2015 жылы 10,5 млн. тонна, ал 2020 жылы 25 млн. тонна тауар айналымы жүзеге асады. Осы арқылы Қазақстанның көліктік-логистикалық қызмет түрлерінен табатын табыс көлемі 50 пайызға дейін артады. ҚХР-мен екі ортадағы Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы екі ел арасындағы сауда-саттық қатынастардың дамуына, мемлекетаралық байланыстың артуына атсалыспақ. Орталықта көтерме және бөлшек сауда орындары, көрме залдары, жүк сақтау қоймалары орналасады, ақпараттық-логистикалық орталық болады, қонақүйлер мен дәмханалар салынып, көліктік-экспедициялық, телекоммуникациялық, брокерлік және банк қызметтері көрсетіледі. Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы 2012-2018 жылдар аралығында жеке инвестициялардың есебінен толықтай салынып бітеді деп жоспарланып отыр. Болашақта Алматыдан орталыққа дейін электр пойызы немесе рельсті автобус жүргізу жоспарланып отырған көрінеді. Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы азаматтарға 50 килограмға дейін жүкті салық төлемінсіз алып өтуге мүмкіндік береді.Өзен – Түркіменстанмен мемлекеттік шекара темір жол желісі
«Өзен – Түркіменстанмен мемлекеттік шекара» жаңа темір жол магистралі – «Өзен – Қызылқия – Берекет – Этрек – Горган» халықаралық жобасының бір бөлшегі. Аталмыш желінің құрылысына 13 млдр. теңге жұмсалуда. Еуразия мен Иран теңіз айлақтарын барынша жақындастыратын Солтүстік – Оңтүстік стратегиялық трансұлттық дәлізінің құрылысын атқаруды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-қа жүктеді. Темір жолдың қазақстандық 146 шақырымдық бөлігінде 68 жасанды ғимарат, 7 станса мен жолайырықтары, төрт көпір салынады. Құрылыс жұмыстарына еліміздің түпкір-түпкірінен екі мыңға жуық маман тартылған. Қазақстан Президентінің тапсырмасына орай «ҚТЖ» ҰК» АҚ темір жол теліміндегі тапсырыстардың 80 пайызын отандық өндіріс орындарына орналастырды. Аталған жоба 2007 жылы Қазақстан, Түркіменстан және Иран арасында қол қойылған Мемлекет басшыларының Декларациясы және Үкіметаралық келісім негізінде жүзеге асырылуда. Қазақстан аумағы арқылы өтетін желінің ұзындығы – 146 шақырым. Бүгінгі таңда рельс торкөздерін төсеу мен суағарлар және көпірлер секілді жасанды ғимараттардың құрылысы толығымен аяқталды. Телімнің барлық желілеріне бағандар орнатылып, электр қуаты беріле бастады. Өзен стансасы барынша кеңейтіліп, жаңғыртылуда. Мұнда 100 жолаушыға арналған жайлы вокзал бой көтеріп, инфрақұрылымы сәйкестендірілуде. Әлеуметтік мақсаттағы әрқайсысы 320 орындық екі балабақша, монша, басқа да нысандар тұрғызылады. Жаңадан салынған Болашақ стансасында 25 жолаушыға арналған вокзалмен бірге қызметтік-техникалық ғимараттар бой көтеріп келеді. 80 оқушыға арналған мектеп, 50 орындық балабақша, желілік амбулатория, өнеркәсіптік және азық-түлік дүкендері, асхана, наубайхана ашу көзделген. Темір жол желісінің құрылысы барысын тұрақты бақылау жөнінде арнайы штаб құрылған. Жаңа темір жол магистралы еліміздің бәсекелестікке сай әлеуетін өсіріп, Қазақстан Республикасын жаңа халықаралық көлік дәлізіне бастайды. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Өзен – Түркіменстанмен мемлекеттік шекара» темір жол желісі белгіленген мерзімінде аяқталады.Талапқа сай «Тальго»
Қазақстанда «Тальго» пойызының вагондары 2004 жылдан бері пайдаланылады. Мемлекет басшысының жолаушы пойыздарының жылдамдығын арттыру жөнінде берілген тапсырмасы бар. Ол тапсырманы орындау үшін әлеуетті әріптес – жолаушылар вагондарын шығаратын испандық «Тальго» компаниясымен бірлескен зауыт салу туралы шешім қабылданған. Қазан айының 5-і күні Мемлекет басшысының қабылдауында болған «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин желтоқсан айында жолаушылар вагондарын құрастыратын зауыт құрылысы аяқталатынын жеткізді. Жолаушылар вагонын құрастыратын зауыт кузов дайындау, электр-монтаждау жұмыстары, кузов жинау, вагондарды тіркеу және статистикалық сынақ, вагонның есік-терезесін жинау, кузовты сырлау және дайындау секілді цехтардан тұрады. Зауыт орналасқан аумақтың көлемі шамамен 30 мың шаршы метрді құрайды. «Тұлпар-Тальго» жолаушылар вагонын құрастыру зауытының құрылысы өткен жылдың қазан айында басталған. Зауыттың жылдық қуаты 150 вагонды құрайды. Іске қосылғаннан кейін 140 вагонға дейін құрастырылатын болады. Жұмыс күші де соған сай көбейіп отырады. Мәселен, зауыт пайдалануға берілген биылғы желтоқсан айында 54 жұмыс орны қарастырылған. Ал келесі жылы зауыт ұжымының саны 115 адамға жетеді. 2015 жылы жолаушы вагондарын жасауға 360 адам жұмылдырылады. «Тұлпар-Тальго» ЖШС-ның өнімдеріне қазірдің өзінде сұраныс бар. Мәселен, «Жолаушылар тасымалы» АҚ өткен жылы қазақстандық-испандық бірлескен кәсіпорын – «Тұлпар-Тальго» ЖШС-мен 2011-2014 жылдар кезеңінде 420 жолаушылар вагонын сатып алу жөнінде ұзақ мерзімді келісім-шарт жасасты. Сонымен қатар, зауыттың вагондарына Орталық Азия елдері, оның ішінде Өзбекстан Республикасынан да тапсырыс түскен. Қазіргі таңда «Тұлпар» пойызының жүрісі сағатына 140 шақырымды алады. Ал «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бұл жылдамдықты 200 шақырымға ұлғайтуды көздеп отыр. «Тұлпар-Тальго» жолаушылар вагонын құрастыру зауыты бойынша өндірісті шоғырландыру барысында отызға тарта отандық тауар өндірушілерді қатыстыру көзделген. Олар – Алматының «АЛПРОФ», «SatClass», «Держава корпорациясы» және Сарань қаласының «Восход», «Казцентрэлектропровод» ЖШС секілді мекемелер жолаушылар вагонын жасау зауытын вагон кузовына қажетті алюминиймен, резеңкеден жасалған бұйымдармен, шынылы-талшықты бұйымдармен, кабельді өнімдер, лак және бояу материалдарымен, желімдермен қамтамасыз етеді. Осылайша өндірісті шоғырландыру үдерісі үстіміздегі жылы 5 пайызды, ал келесі жылы 23 пайызды құрайтын болады. 2013 жылы бұл көрсеткіш – 34, 2015 жылы – 51 пайызға көтерілмек.Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізі
Құны 825 млрд. теңге тұратын “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық транзит дәлізін салу жобасы үлкен қызығушылық тудыруда. Қытайдан басталатын магистраль Ресейдің Санкт-Петербург қаласына дейін 8,5 мың шақырым қашықтыққа созылып жатыр. Алдын-ала болжам бойынша, экономикалық тиімділігі 86 млрд. теңгені құрайтын теңдессіз жобаның еліміз аумағын басып өтетін бөлігі 2 787 шақырым болса, оның 2 452 шақырым қайта салынуға жатады екен. Жоба аясында Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары бойынша жолдарды салумен қатар, республикалық маңыздағы желілер де қоса жаңғыртылады. Бұл республикалық маңыздағы желілердің 90 пайызы “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” жобасы есебінен жөнделеді деген сөз. “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” автожолын салуға қазір 11 компания жұмылдырылуда. Оның бесеуі шетелдік, қалған алтауы қазақстандық компаниялар. Атқарылатын жұмыстың 69 пайызы қазақстандық компаниялардың мойнында. Бүкіләлемдік банк, Ислам банкі, Азия және Еуропа даму банктері бұл жобаға ірі көлемде (422 млрд. теңге) қаржы салып отыр. Жоба жүзеге асып жатқан еліміздің үш облысында 14 мың адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Болашақта жұмысты толық игеру үшін 50 мың адам еңбекке тартылатын болады.Айқарма беттің материалдарын ұйымдастырған Қанат ЕСКЕНДІР.