Бұл жарыста жергілікті өрендерден бөлек, Қазақстан, Малайзия, Тәжікстан және Қырғызстаннан келген 300-ден аса спортшы бақ сынады.
Айтулы додада Қазақ елі құрамасының қанжығасы майланды. Екі күнгі созылған жарыс қорытындысы бойынша жерлестеріміз 4 алтын, 6 күміс және 2 қола медальді иеленді. Атап айтсақ, 110 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Артем Саблин мен Роксана Оспанова, 10 шақырымдық спорттық жүрісте Диана Айдосова және үш қарғып секіруде Ирина Эктова алдына жан салмай, алтын тұғырға көтерілді.
Ал Алексей Гусаров (1 500 метрге жүгіру), Виталий Терехин (10 шақырымдық спорттық жүріс), Александр Пудовинников (400 метрге кедергілер арқылы жүгіру) және Антон Боднар (биіктікке секіру), Светлана Кузнецова (400 метрге кедергілер арқылы жүгіру) және Регина Рыкова (10 шақырымға спорттық жүріс) күміс медальді еншілесе, Саид Сулейманов (1 500 метрге жүгіру) пен Денис Соколов (биіктікке секіру) қола жүлдеге қол созды.
Енді Қазақстан құрамасы 16-17 маусым аралығында Қырғызстанның астанасы – Бішкекте ұзындыққа секіруден Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы Татьяны Колпакованың жүлдесі үшін жеңіл атлеттер арасында өтетін халықаралық турнирге қатысады. Бұл бәсекеде ел құрамасы сапында 79 спортшы өнер көрсетеді деп жоспарлануда.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН, «Егемен Қазақстан»