• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Маусым, 2018

Астана хабында ЭЫДҰ әдісімен электронды үкімет альянсы құрылды

433 рет
көрсетілді

Астана мемлекеттік қызмет хабы жыл сайынғы конференциясы ауқымында Эстония, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия, Армения және Әзірбайжан электронды үкіметті дамыту бойынша практиктер Альянсына бірікті.

Практиктер Альянсы «тең теңімен» қағидатына сай Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) әдісімен құрылып, аймақтың жеті елі арасында ынтымақтастықты арттыру және мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыру бойынша тәжірибе алмасуға негізделген.

ЭЫДҰ мемлекеттік басқару бойынша директорат талдаушысы  Жоао Рикардо Васконселос өз сөзінде: «Тең теңімен» қағидаты бойынша оқыту әлеуметтік-экономикалық жағдайлары ұқсас елдер арасында тұрақты түрде тәжірибе алмасуды білдіреді. Альянс мемлекетті цифрландыру мақсатында ортақ шешімдер мен идеялар іздеуге жол ашады.  ЭЫДҰ осы мақсаттарға жетуге әркез қолдау көрсетуге әзір», - деді.

Эстонияның электронды үкімет академиясының Кеңесі мүшесі Кристин Лейтнер «Альянс ауқымында қатысушы елдер өкілдеріне қазір мемлекеттік қызметтің 99 пайызы онлайн режимінде көрсетілетін Эстонияның уәкілетті органдарына таныстыру сапары ұйымдастырылатынын» айтты.

«Зерде» холдингі басқарма төрағасы орынбасары Жанат Жахметова Қазақстанның цифрлы мемлекетті дамытуда елеулі нәтижеге жеткендігін айта отырып, практиктер Альянсы электронды үкіметті дамытуға тың серпін беретініне үміт артатындығын жеткізді.

Бұл Альянсты құру идеясы 2017 жылы мемлекеттік басқару саласы сарапшыларына арналған мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша халықаралық семинар кезінде көтерілген. Бұл - Астана хабы құрған екінші Альянс. 2016 жылы Әзірбайжан, Грузия және Қазақстан мемлекеттік қызмет көрсету бойынша Альянс құрылып, оның нәтижесінде үш елдегі «бір терезе» қағидаты бойынша үш зерттеу жұмысы жасалған болатын.  

ЭЫДҰ - Астана хабының стратегиялық серіктесі әрі құрылтайшыларының бірі. Конференция барысында: «Біз Хабтың мемлекеттік қызметті жетілдіру саласында тәжірибе мен білім алмасу үшін көп жақты, мойындалған тұғырнамаға  айналғандығын мақтан етеміз», - деген болатын ЭЫДҰ мемлекеттік басқару жөніндегі директоратының басшысы Маркос Бонтури.

Хабқа қазір 40 ел қатысады, оның арасында ЭЫДҰ, ТМД, Орталық Азия және ASEAN елдері бар.