• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Маусым, 2018

Атыраудағы НЗМ оқушылары қағаздан жасаған түрлі ғимараттар жұртты таң қалдырды

1772 рет
көрсетілді

Ақорда, Бәйтерек, Хан шатыр, Бейбітшілік және келісім сарайы, министрлік үйі, заманауи тұрғын үй кешені секілді сәулетті ғимараттар Атырауда да бар. Әрине, Астанадағыдай аспанмен таласқан ғажайып нысандар емес, бар болғаны қағаздан жасалған көшірме. Бірақ сол қағаз үйлерде қанша баланың арманы мен махаббаты жатыр.

Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Астананың 20 жылдығына арналған мерекелік онкүндікте елорда төрінде тұрған зәулім ғимараттарды қолдан жасап шықты.

«Макеттерді дайындауға қалқан мен желім ғана қажет болды, - дейді өнер  пәнінің мұғалімі Данияр Олжағалиев. – Алдымен әр нысанның сызбасын жасап алдық. Содан соң керек материалдардың көлемін анықтадық. Топтық жұмыстың нәтижесінде осындай бұйымдар шықты. Бұл туындылар балаларды қолөнерге машықтандырумен қатар математика мен бейнелеу пәндерінде алған білімдерін тәжірибеде пысықтауға мүмкіндік береді».

Ғимараттардың ішінде ерекше көзге түсетіні – «Ақорда» резиденциясы. Ақорданы «тұрғызуға» оқушылардың он күндей уақыты кеткен. Көшірменің түпнұсқаға ұқсауы үшін түрлі түсті бояулар мен 12 вольттық диод шамдар қолданылыпты. Макеттің салмағы 5 келі. Ұзындығы 1,5 метр, ал ені 1 метр.

Зияткерлік мектепте Астананың 20 жылдығына орай көрме ашылды, ол жыл аяғына дейін балалар жасаған бұйымдармен толығады.

Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»