• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 12 Маусым, 2018

Дональд Трамп пен Ким Чен Ын ортақ келісімге келді

381 рет
көрсетілді

АҚШ пен Солтүстік Корея басшылары тарихта алғаш рет кездесті. Екі президент Сингапурдың Сентоза аралындағы люкс-отельде қол алысып, шамамен елу минуттай аудармашылардың қатысуымен оңаша әңгімелесті. 

Оңаша кездесуден соң Трамп келіссөз жалғасатынын айтып, Корей түбегін ядролық қарусыз аймақ қылуда табысқа жететінінен үмітті екенін білдірді.  Сондай-ақ олар Вашингтон мен Пхеньянның ара-қатынасы жақсаратынына сенімділік білдірді. Ким Чен Ын бұл саммиттің өтпес бұрын көптеген кедергіге тап болғанын атап өтті.

Дональд Трамп пен солтүстіккореялық көшбасшы Ким Чен Ын ядролық қарусыздандыру процесін бастайтын бірлескен келісімге қол қойды. Декларацияда мына мәселелер белгіленді:

- Америка Құрама Штаттары мен КХДР осы елдердің халықтарының бейбітшілік пен гүлденуге қол жеткізу ниетіне сәйкес елдер арасындағы қарым-қатынастарды орнатуға ұмтылады.

- Америка Құрама Штаттары мен КХДР Корея түбегіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты орнықтыруға күш жұмсайды.

- КХДР 2018 жылғы 27 сәуірде қол қойылған Панумджом декларациясының және ядролық қарудан Корей түбегінің толық босату туралы міндеттемесін растайды.

- Америка Құрама Штаттары мен КХДР соғыс тұтқындарының және жоғалған адамдардың қалдықтарын қайтаруды, соның ішінде анықталған қалдықтарды қайтаруды міндеттейді.

Оңаша кездесуден кейін оларға екі ел делегациясының өкілдері қосылды. АҚШ делегациясы құрамында мемлекеттік хатшы Майк Помпео, президент әкімшілігінің басшысы Джон Келли, президенттің ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңесшісі Джон Болтон және АҚШ-тың Филиппиндегі елшісі Сун Ким бар. Кеңейтілген құрамдағы саммиттен соң Д.Трамп пен Ким Чен Ын ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Кездесудегі басты тақырып КХДР-ның ядролық қарудан бас тартуы төңірегінде өрбіді. Солтүстік Корея соңғы онжылдықтарда адам құқықтары шектелгендіктен, ядролық қару алып, халықаралық заңдарды бұзғандықтан оқшау өмір сүріп келді. Ал АҚШ КХДР-дың ядролық қарудан бас тартқанын, оқтұмсықтарды үшінші тарапқа бергенін қалайды. Пхеньян бұл талапқа қарсы не сұрайтыны білгісіз. Пхеньянның орталық ақпарат агенттігі кездесу өтпес бұрын саммитте «КХДР мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың жаңа деңгейі, Оңтүстік Кореямен байланыс және ядролық қарусыздану» тақырыптары талқыланатынын хабарлады.

Былтыр Вашингтон Пхеньянға қарсы салынған санкциядарды жою туралы айтқан болатын. Ал жыл басында Ким Чен Ын мемлекет экономикалық дамуға бағыт алатынын жеткізген еді.

Айта кету керек, АҚШ пен КХДР басшыларының алғашқы кездесуіне дайындық күрделі өтті. Бірнеше ай бұрын Трамп пен Ким бір-бірін балағаттап, тіпті, ядролық соғыс туралы айтып сескендірмек болды.  Д.Трамп БҰҰ мінберінен Кореяны толық құртатынын айтса, Ким Чен Ын өз кезегінде америкалық президентті «есуас, жынды» деп балағаттады. Мамыр айында Трамптың кеңесшісі Джон Болтон Солтүстік Кореяны Ливиямен салыстырғаннан кейін саммит мүлдем өтпей қалуы мүмкін еді. 24 мамыр күні АҚШ президенті кездесуден бас тартып, 6 күннен соң саммиттің болатынын хабарлады. Кездесу өтетіні белгілі болғанда Солтүстік Корея Пунгеридегі ядролық сынақ полигондарына демонтаж жасады.