• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Маусым, 2018

Дипломат Ақмарал Арыстанбекованың 70 жылдығына орай тарихи құжаттық көрме өтті

972 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ақмарал Хайдарқызы Арыстанбекованың 70 жылдығына орай дөңгелек үстел және тарихи құжаттық көрме өткізілді. 

Дөңгелек үстел жұмысын Қазақстанның сыртқы саясаты­ның дамуына елеулі үлес қосқан Ақмарал Хайдарқызының жауапты мемлекеттік қызметтердегі қажырлы еңбектерін айғақтайтын құжаттар құрамынан қалып­тасқан тарихи-құжаттық көрме то­лықтыра түсті. Ақмарал Хай­дарқызының 35 жылдық дип­ломатиялық қызметінің мәні «алғашқы», «тұңғыш», «бірінші» деген синоним сөздермен сүйе­мелденсе ғана ашыла түсетінін басқосуда айтылған әрбір естелік айшықтап жатты. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы елшісі, еліміздің тарихындағы алғашқы әйел-елші, Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Қазақстан Республикасының алғашқы Тұ­рақ­ты өкілі, Қазақстан Рес­пуб­ликасының ЮНЕСКО жа­нындағы тұрақты өкілі сияқты беделді қызметтерді атқарған А.Арыстанбекова «тұңғыш» деген тұғырдың талассыз иесі. 

Жиынды кіріспе сөзімен ашқан Президент Архивінің директоры Борис Жапаров А.Арыстанбекованың комсомол және партия жұмысы шыңдаған қай­раткерлік қасиетінің тәуел­сіз Қазақстанның алғашқы қа­лып­тасу кезеңінде жарқырай көрініп, жас мемлекеттің халық­аралық беделінің нығаюы жолында көрсеткен белсенді ең­бегін жан-жақты саралап өтті. Азаматтық борышын дербес Қазақстанның жаһанмен ынты­мақты дамуы жолына жұмсаған ұлттық дипломатияның көрнекті өкілі туралы жасалған 30 минут­тық деректі фильм оның балалық шағынан бастап бүгінге дейінгі сәулелі өмірін нақты тарихи құ­жат­тар мен суреттер, бейнежазбалар арқылы баяндап шықты. 

Кеңес Одағының үш бірдей сыртқы істер министрімен – Э.Шеварднадзе, А.Бессмертных жә­не С.Лавровпен бірге жұ­мыс істеп, сыртқы саясат өне­рінің қыр-сыры мен нәзік иірім­­дерін меңгерген Ақмарал Арыс­танбекова Тәуелсіздік туралы декларацияға қол қо­йылғаннан кейін екі күннен соң Президент Н.Назарбаевтың өзін БҰҰ-ға кіруге дайындық жұмыстарын жүргізуге байланысты тапсыр­ма беріп, Нью-Йоркке аттандырған кезді есіне алды. Қазақстан Республикасы 1992 жылдың 2 наурызында БҰҰ-ға мүшелікке қабылданды. Қазақстанның тең құқылы мемлекет ретінде қатысқан БҰҰ Бас Ассамблеясының 47 сессиясы (1992-93жж.), Мемлекет бас­шысының ең алғашқы Аме­рикаға жасаған сапары, 5 қазанда БҰҰ мінберінен егемен елдің ең алғашқы Президенті баяндама жасаған тарихи күнді әрбір минутына дейін беделі зор ұйымның сол кездегі тұңғыш Тұрақты өкілі болған А.Хайдарқызы тәптіштеп айтып бере алады. Дәл осы уақыт аралығында ол үлкен Джордж Буш, Мадлен Олбрайт, Билл Клинтон, Генри Киссинджер секілді Американың беделді саяси тұлғаларымен жиі бас қосып, салмақты сұхбаттар құрды. Ал БҰҰ-ның 49-сессиясында 295 қарар қабылданады, соның 20 қарарына Қазақстан бір­лескен автор ретінде қаты­са­ды. Жауапкершілік жүгі ауыр осы ауқымды жұмыстың бәрі А.Хай­дарқызының тікелей ұйытқы болуымен атқарылғаны анық.

А.Арыстанбекова Қазақ­стан­ның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі болып 8 жыл үздіксіз жұмыс істеді. Бұл жылдары А.Хайдарқызы Қазақстан Республикасының Кубадағы тұрақты және өкілетті елшісі қызметін де қоса атқарды. Францияда елші болған жылдары саяси-экономикалық байланыстармен бірге, мәдени қарым-қатынасқа да көбірек назар аударып, Париждегі Шығыс тілдері мен өркениеті ұлттық институты мен архивтерінде сақталған белгілі саяси қайраткер Мұстафа Шоқай туралы құнды деректер мен мәліметтердің елге қайтарылуы жолында көп жәрдем берді. Кедендік және қаржылық қиындықтары шешілген маңызды құжаттар 2001 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай ел Президентінің қолына табысталды. Қазақстанның Бі­рік­кен Ұлттар Ұйымында ядро­лық по­лигонды жабу және қуаты жө­нінен әлемдегі төртінші ядро­­лық әлеуеттен ерікті түрде бас тарту жөніндегі теңдессіз әрекеті, жаһандық қауіпсіздік пен тұ­рақтылықты нығайтуға нақты үлес қосуы, әлеуметтік-эконо­микалық дамудағы дү­ние­­жүзілік тәжірибені зерде­леу мен енгізуде жасаған А.Хайдарқызының еңбегін бас­қо­суға жиналған ардагер дип­ломаттар мен танымал тұл­ғалар жарыса баяндады.

Бодандықтың қамытын ен­ді сыпырған Қазақстанның халықаралық құқық нормалары мен қағидаттарын ұстануға негізделген дәйекті сыртқы сая­­си бағыты арқасында жас мем­­ле­кеттің әлем алдындағы бе­делінің асқақтағанының куәсі болып қана қоймай, сол саяси үде­рістердің бәріне тікелей өзі қатысып, атсалысты. Тәуелсіз мемлекеттің сыртқы саясатымен таныстыру үшін ол АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Гер­мания, Қытай, Жапония, Үн­дістан, Египет, Бразилия жә­не басқа да мемлекеттердің елші­лерімен жиі жүздесіп, дүние­жүзілік қоғамдастықтың ортақ мәселелерін бірге талқылап, шешуге шақырды. Қазақстанның жас дипломатиясы сол тарихи кезеңдегі міндетін Ақмарал Арыстанбекованың қажырлы еңбегі мен парасаты арқасында лайықты орындай алды. Биік лауазымды кәсіби адал жауап­кершілікпен атқара жүріп, дип­ломатия тарихымен айналысып, тарих ғылымдарының докторы атанды. Бүгінде ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Әлемдік саясат», «Жаһандану» және «Жаһандану дәуіріндегі Қазақстан мен БҰҰ» атты үш авторлық дәрістерін ұстаздар мен студентер үшін арнайы оқып тұрады. Үш монографияның және отандық, шетелдік басы­лымдарда тұрақты жария­ланып тұратын саяси сараптамалық материалдардың авторы. Интер­нет желісінде оның ағылшын тілінде халықаралық қатынастар тақырыбымен тығыз байланыс­ты жазылған 1500-ден астам ғылыми жұмысы мен мақалалары тіркелген. 

Дөңгелек үстелге А.Қошанов, М.Әбусейітова сынды Ұлттық ғылым акдемиясының акаде­мик­тері, Т.Қабдрахманов, Р.Бөл­тіріков, Б. Ахметғалиев, Б.Құ­сайынов, Р.Саурамбаева сияқ­ты дипломатиялық қызмет­тің өкілдері мен ардагерлері қатысып, мерейтой иесі туралы мақтанышқа толы мазмұнды ес­теліктер айтып, тың ұсыныс­тарымен бөлісті. 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ