Биылғы жылдың басында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Тараз қаласының әкімдігіне жолаушылар тасымалдаушы мекемелермен арада келісім жүргізу арқылы әртүрлі бағыттардағы қоғамдық көліктерді жаңалауды міндеттеген болатын. Осы орайда орталық «Достық» алаңында «№1 Тараз автобус паркі» ЖШС-нің бірқатар жүргізушісіне жаңа автобустардың кілттері табыс етілді.
Қырық жылдан бері шаһар жолаушыларына қызмет көрсетіп келе жатқан аталған серіктестік меншігінде барлығы 89 автобус тіркелген болса, 66 автобус бекітілген бағыттар бойынша халыққа қызмет көрсетіп келеді. Енді аталған мекеме «Жол картасы» даму бағдарламасы аясында жалпы құны 190 миллион теңгені құрайтын, Ресей мемлекетінен әкелінген орташа сыйымдылықтағы 20 «Паз-32054» маркалы автобусын айналымға қосатын болады. Олар келешекте қала ішіндегі №11 және №17 бағыттарындағы ескірген көліктердің орынын алмастырады. Барлық көліктер газ отынын тұтынуға лайықталған. Сонымен қатар, олардың нақты уақыт кестесін бақылап отыру үшін GPS жүйесімен және автоматтандырылған хабарлау қондырғысымен жабдықталған.
Тараз қаласы әкімдігінің хабарлауынша, облыс орталығында алдағы уақыттарда тасымалдаушылармен бірлесе мұндай іс-шараларды жүзеге асыру өз жалғасын таба беретін болады. Мәселен «ӘулиеатаТрансПасс», «Экспресс-05», «ТаразТрансМоторс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен жалпы саны 39 дана орташа және үлкен сыйымдылықты автобустар сатып алу бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді екен. Жуық арада қала ішіндегі №9, 12, 16, 43, 44, 47 және 54 бағыттарындағы ескірген көліктер жаңасымен ауыстырылады.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы