Орал қаласында қарақшылық шабуыл жасап, «ізін суытпақшы» болған күдіктіні полиция аға сержанты құрықтады.
Орал қалалық ІІД тергеу басқармасының жүргізушісі полиция аға сержанты Ғабит Нұғманов сол күні қызмет бабымен қалада көлікпен келе жатып, белгісіз біреудің көшедегі үйлердің бірінің қақпасынан ыршып түсіп жүгіріп бара жатқанын байқайды. Оның бұл жүгірісіне күдікпен қараған тәртіп сақшысы оны біреуден қорқып қашып бара жатыр немесе бірдеңе бүлдіріп қойған болса керек деп, ізіне түседі. Бір кезде әлгі адам үйлердің жанында орналасқан гараждардың арасына кіріп кетеді.
Кенет ол ізінен қалмаған тәртіп сақшысын қолындағы қаруымен атып жібермекші болады. Ғабит бұғып үлгереді. Сосын басын көтеріп қараса, анау одан әрі жүгіріп барады. Бұл да қайтадан қалмай артынан жүгіреді. Соңынан қуып жетуге қалған полиция қызметкеріне әлгі күдікті «Бауырым, мені жібер, қума артымнан!» деп одан әрі қаша жөнеледі. Ғабит бұл адамның қандай да бір іске душар болғанын сезіп, артынан қалмауға тырысады. Бірақ бір сәтке күдіктінің көзінен тасалана қалады. Сосын оның осы айналадан алысқа ұзамайтынын сезген тәртіп сақшысы дереу өз әріптестерін көмекке шақырады. Артынан бәрі анықталады.
Күдікті сол күні Алмазов көшесінің бойындағы үйлердің біріне кіріп, үй иесін аңшылық қаруымен қорқытып, ақшасы мен бағалы алтын бұйымдарын тонапты. Қашып бара жатқан кезінде оны полиция аға сержанты Ғ.Нұғманов байқап қалады. Осылайша дер кезінде күдікті ұсталып, Орал қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысында 48 жасар күдіктінің бұрын сотты болғаны анықталды. Орал қалалық сотының үкімімен ағымдағы жылдың маусым айында алты жылға бас бостандығынан айырылды.
Ал қызмет атқару кезінде қырағылық танытып, қылмыскердің таянған қаруына тайсалмай, қайсарлық көрсеткен аға сержант Ғабит Нұғманов ІІД басшылығы тарапынан марапаттауға ұсынылды.
Асылай Ғұбашева,
БҚО ІІД баспасөз қызметкері