• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Білім 22 Маусым, 2018

ҰБТ ұпайлары белгілі болды

2464 рет
көрсетілді

Кеше ҰБТ бірінші күнінің қорытындысы шығарылды. «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры Рамазан Әлімқұловтың айтуынша, 20 маусым күні еліміз бойынша 13 897 түлек ұлттық бірыңғай тес­ті­леуге қатысқан. Алғашқы күнн­ің қо­ры­тын­дысына сәйкес, 11 795 түлек шекті мәннен, яғни 50 балдан артық жинаған.

«Бұл – жалпы қатысушылар­дың 84,8 пайызы. Ал 50 балды алмағандардың саны – 2 102. Бұл жалпы тапсырушылардың 15,2 пайызы. Шекті балды жинай алмаған түлектер тамыз айында қайта тапсырады. Егер тамыз айындағы сынақтан да сүрінетін болса, онда оқу біті­руші түлектің қыркүйек айында ақылы түрде бір семестрге оқуға тапсыруы­на болады. Бір семестрден кейін қаңтар айында үшінші рет тапсыруға мүм­кіншілігі бар. Және де айта кететін тағы бір жайт, қа­жет­ті балды жинай алмаған түлек­термен, олардың ата-аналарымен біздің психолог мамандар жұ­мыс істеп, керекті кеңестерін беруде», деді ол. 

Аталған жаңашылдықтың нәти­жесінде 2017 жылы еліміз бойынша 30 мыңдай адам жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік алған.     

«ҰБТ-ның алғашқы күнінде 33 тесті­леу пункті жұмыс істеді. Жалпы, тест тапсыруға 14 250 түлек өтініш берді. Олардың нақ­ты тапсырып шыққаны – 13 897. Бұл – өтініш берген түлектер санының 97,5 пайызы. Бір тү­лектің нәти­жесі есепке алынбады. Оқиға елі­мізд­­ің оңтүстік өңі­рінде тіркелді. Ол тест тап­с­ыру ережелерін бұз­ған», деді Р.Әлімқұлов. 

Бес пән бойынша республи­кадағы орташа балл 80,9 па­йыз­ды көрсеткен. «Бұл өткен жыл­ғы ҰБТ-ның бірінші күнінің қоры­тын­дысымен салыс­тыр­ғанда 4 бал­ға артық. Еске сала кетейік, былтыр бірінші күн­нің қорытындысы бо­йынша республикадағы орташа балл 77,5-ті құраған еді. Тестілеудің алғашқы күні тіркелген ең жоғары балл – 138. Әзірше 140 ұпайдың бәрін жинаған оқушы тіркелмеді. Алдағы күндері ең жоғары балды жинайтын шәкірттеріміз шығады деп сенеміз», деді Р.Әлім­құлов. 

Сонымен қатар Қазақстан бойынша 46 түлек тесті ағыл­шын тілінде тапсыруға өтініш бер­ге­німен, олардың біреуі ғана өз таңдауын өзгертпеген. Ағыл­шын тілінде тапсырған түлек – Алматы қаласының өкілі екенін айта кетсек дейміз. 

«Колл-орталыққа 105 қо­ңы­рау келіп түсті. Олардың көбі – ҰБТ-ны өткізу ережесіне қа­тысты шалынған қоңыраулар. Биылғы жаңашылдықтың бірі – тестілеу барысын онлайн-режімде бақылау. Осы орайда, аудиториялардың 85 пайызы бейнебақылау камералары­мен жабдықталғанын атап өт­кен жөн. Алғашқы күннің қо­рытындысы бойынша апел­ля­ция­лық органға өтініш берген­дер болған жоқ», деді ұлттық тес­тілеу орталығының директоры. Оның сөзінше, апел­ля­циялық органға өтініш бергісі келген тү­лек тест тапсырған күн­нің ер­теңінде түскі 13:00-ге дейін үл­геруі керек. 

Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»