Астананы жыр-думанға бөлеген Түркістан облысының мәдени күндерінің нүктесі өткен сәрсенбінің сәтінде қойылды.
Маңызды шараның түйіні есебінде «Этноауыл» ұлттық мәдени кешенінде ұйымдастырылған түркістандық өнер тарландарының мерекелік концерті көпшіліктің көңілінен шықты.
«Шырқа, шарықта, Түркістан» деп Арқаны әнмен тербеген қорытынды концертке облысқа есімі танымал 150-ге жуық мәдениет және өнер шеберлері қатысты. Думанды кеш қазақтың «Қара жорға» биімен басталып, Түркістан тумасы әйгілі композитор Ш.Қалдаяқовтың және аймаққа аты мәлім Е.Серікбаев, Ә.Ботағараев сынды танымал сазгерлер қаламынан туған патриоттық, лирикалық әндер шырқалды.
Сонымен қатар өңір мәдениетіне өзіндік үлесін қосып жүрген өнер майталмандары елімізге еңбек сіңірген әртіс Сәбираш Абдрайымова, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Әлден Жақсыбеков, дәстүрлі әнші Ақмарал Биназарова және «Қазына» би тобы мен «Тұмар» фольклорлық ансамблі қатысып, бас қала тұрғындарын ән-жырмен сусындатты. Бұлардан басқа көне тұрандық байырғы сарынды жаңғыртып жүрген «Сарын», «Ретро» топтары да көрермен ықыласына бөленді.
Облыстық мәдени мекемелеріне жауапты баспасөз өкілі Мәдина Әйтпенбетованың алдын ала таныстырған мәліметіне жүгінсек, дәл қазір облыс көлеміндегі 736 мәдениет және өнер мекемесінде 5 мыңға жуық адам абыройлы еңбек етіп жүр. Сонымен қатар өңірдің рухани-мәдени ахуалы жылдан жылға даму үстінде, бұл үрдіс жаңадан құрылып жатқан аймақтың руханиятын ақсатпай алып кетуге тиіс. Дана халқымыз «алтын шыққан жерді белден қаз» дегеніндей бұған дейін Түркістан төрінен түлеп ұшқан Гүлнар Сиқымбаева, Сәкен Майғазиев, Жұбаныш Жексенұлы, Алтынай Жорабаева сынды дүлдүлдер көп. Бұлардың ізін жалғаған қаншама жас дарындар өсіп келе жатыр. Болашақта түркістандықтардың абыройын өрге сүйрейтін осылар болады, дейді шараны ұйымдастырушылар.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»