Қазақстанда су қоймаларының жанында орналасқан 690 жағажай мен 115 балалар лагері бар. Соңғы үш жылда 1375 адам суға кеткен болса, соның ішінде 401 кәмелетке толмаған бала болды. Аталған оқиғаларды талдау барысында, қайтыс болғандардың 80%-ы ауылдық жерлерде орын алғаны анықталған.
Кәмелетке толмағандардың қайтыс болуының негізгі себептері: судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша түсіндірме жұмыстардың жеткіліксіздігі, балаларды ересектердің қадағалауынсыз қалдыру, суару ағындарын, каналдарды, су қоймаларын қауіпсіздікпен жеткілікті қамтамасыз етпеу.
Осындай жағдайлардың салдарынан өткен жылы 29 бала қайтыс болды. Соның ішінде Алматы облысында бір мезгілде бір отбасындағы үш бала суға кетті. Олар үйінен 300 метр жерде орналасқан суару арығына ойын кезінде абайсызда құлап кеткен.
Өкінішке қарай балаларды қараусыз қалдыру фактілері де жиі болады. Біз жазғы демалыс айларында балаларымыздың қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіреміз. Биылғы статистикаға жүгінсек, шомылу маусымы басталмай жатып, 15 бала суға кеткен. Олардың 13-і ересектердің қадағалауынсыз қалған жас балалар.
Біз бұл мәселеге билік тарапынан назар аударылуы керек деп санаймыз. Сондықтан Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, осыған қатысты ақпарат беруін өтіндік.
Атап айтқанда, су объектілеріндегі кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданатын алдын алу шаралары туралы, аудандық және ауылдық әкімдіктердің судағы қайғылы оқиғалардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуі туралы (суға батқан адамдар өлімінің көп бөлігі ауылдық жерлерде тіркелген), жергілікті полиция қызметінің жұмысы туралы және судағы қауіпсіздік ережелерінің талаптарын сақтамағаны, бұзғаны және суды пайдаланудың жалпы ережелерін бұзғаны үшін Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің баптарына сәйкес жеке тұлғалардың жауапкершілікке тартылуы туралы ақпарат беруді сұраймыз.
Сәуле АЙТПАЕВА,
Сенат депутаты