Қазақстандық кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтанов (7-0-0,6 KO) АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен бокс кешінде шаршы алаңға шығып, жетінші жеңісіне қол жеткізді.
Алты раундқа жоспарланған кездесуде отандасымыз мексикалық боксшы Хосе Обандомен жұдырықтасып, алтыншы раундта техникалық нокаутпен жеңді. Жекпе-жектің аяқталуына бірнеше секунд қалғанда Нұрсұлтанов қарсыласын қыспаққа алып, сериялы соққылар жасады. Мексикалық боксшының шарасыз қалғанын байқаған төреші кездесуді мерзімінен бұрын тоқтатуға мәжбүр болды.
Осылайша, отандасымыз кәсіпқой бокстағы жетінші жеңісін тойласа, оның алтауын мерзімінен бұрын аяқтады. Ол кәсіпқой бокстағы дебют жекпе-жегінде ғана толық жұдырықтасып, төрешілердің шешімі бойынша ұпай санымен жеңіске жеткен еді.
«Реал» жас қақпашымен толықтыМадридтің «Реал» клубы Луганскінің «Заря» командасының қақпашысы Андрей Лунинді сатып алды. Бұл туралы клубтың ресми сайты мәлімдеді.
19 жастағы қақпашының «Реал» командасымен арадағы келісімшарты алты жылға жоспарланған. Бұған дейін «Marca» басылымы «Реал» Лунин үшін 14 млн еуро төлегені туралы ақпарат таратқан болатын.
Лунин «Заря» қақпасын 2017 жылдан бері қорғап келген-ді. 2017/18-жылғы маусымда ол клубтың ең үздік футболшысы деп танылған. Өткен маусымда ол команда сапында 36 рет жасыл алаңға шығып, 10 ойында қақпасына гол жібермеген.
Азия чемпионаты Қазақстанда өтедіҚатар астанасы Дохада өткен Азия ауыр атлетика федерациясының атқару комитетінің отырысына Қазақстан ауыр атлетика федерациясының өкілдері қатысып, 2020 жылғы құрлықтық чемпионатты өткізу туралы ниетін растады.
Сондай-ақ отырыс кезінде Азия құрлығында ауыр атлетиканы дамыту мәселесі, 2018 жылғы жазғы Азия ойындарына және 2019 жылы Үндістанда өтетін Азия чемпионатына дайындық барысы талқыланды. Шара барысында қазақстандық тарап IWF және AWF басшылығымен кездесу өткізді. Онда Қазақстан 2020 жылғы Олимпия ойындарының квалификациялық ережелеріне сәйкес квота көлемін қысқарту мәселесіне қатысты өз пікірін білдірді.
Айта кетейік, бұған дейін 2004, 2009 және 2013 жылдары үш мәрте құрлық біріншілігі Қазақстанда өткен болатын.
Дайындаған Әли БИТӨРЕ, «Егемен Қазақстан»