• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 25 Маусым, 2018

Астана граффитимен ажарлана түсті

920 рет
көрсетілді

Елордада көше өнерінің ASTANA Street Art фестивалі өтіп жатыр. Шара аясында жас суретшілерден құралған бес команда өз туындыларын ғимараттардың қабырғасына салуда. Аталмыш жобаны Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасы «Құланшы» қазіргі заманғы өнер орталығымен бірге қолға алып отыр.

«Бүгінде граффити – бейресми өнер ғана емес, тұтастай мәдени бір бағыт. Бір кездері осындай суреттер заңсыз болып саналған, ал енді оларды Нью-Йорк, Лондон, Париж, Мәскеу секілді әлемнің ірі қалаларында тарихи ғимараттардың қасбет­терінен көре аламыз. Бұл суреттер Астананы ажарландыра түс­пек», деді Астана қала­сы­­ның Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов.

ASTANA Street Art жобасына қатысатын суретшілер шағын баллондарды, сондай-ақ дәстүрлі қасбеттік бояуларды пайдаланады. Бұл жай граффити емес, нағыз өнер. Суретшілер өз еңбектерін Астананың 20 жылдығына арнап, шығармашылықтары арқылы жергілікті тұрғындарға қуаныш сыйламақ.

«Жас суретшілер үшін бұл – үлкен тәжірибе. Бұл ретте кенептің орнына қалалық ғимараттардың қасбеттерін пайдалану – елес-қиялыңа ерік беріп, қалағаныңды салуға мүмкіндік береді әрі өз суретіңнің Аста­наның көркін келтіріп, қала тұр­ғындарына қуаныш сыйлайтынын білесің», деді «Құлан­шы» қазіргі заманғы өнер орта­лығының арт-директоры Айгүл Тегжанова.

Жұмыстардың басым бөлі­гінен қазақ халқының ерек­ше­лігін байқауға болады. Мысалы, Кенесары көшесіндегі №63 үйде киіз үйдің жанында тұрған қазақ қызы бейнеленген. Картина «Ықылас» деп аталады.

Қолына қызғалдақ ұстаған ұлт­тық киімдегі қыз Республика даң­ғылы, 34/2 мекенжайында орналасқан үйде салынды.

Қазақ мәдениетінде жылқы мәрттіктің, адалдықтың, сұлулық пен ақылдылықтың белгісі болып табылады. Абай даңғылындағы 67-ші үйде жарқыраған ай мен жылқының басы бейнеленген.

Күйші Дина көшесіндегі 15-ші үйдің қабырғасынан бәй­генің суретін көруге болады. Бұл су­реттегі бар­лық эмоция пішін­дер мен түстердің экспрессиясы ар­қылы жеткізіледі.

Бараев көшесіндегі 6/1 нөмірлі ғимараттан ерекше картинаны тамашалауға болады. 3D әсерімен салынған суретте мегаполистегі өмір бейнеленген.

«Егемен-ақпарат»