Аңсап жеттім, атамекен, өзіңе!
Мен шет елде туып-өссем де, Қазақстанның тарихи Отаным екенін бала күнімнен санама тоқып есейдім. Әлі есімде, алты-жеті жастағы кезім ғой деймін, анам радиоқабылдағышты ашып қойып: “Қазір Алматыдан нағашы ағаларың сөйлейді”, дейтін де біреумізді күзетке тұрғызып (ХХ ғасырдың 60-70-жылдарында Кеңес Одағының радиосын тыңдау Қытайда үлкен қылмыс болып есептелетін) “Шалқарға” құлағын төсейтін де отыратын. Содан не керек, анамыз бауырының аты шықса да жылайтын, шықпаса да жылайтын. Оған тұнжырай отырып, терең күрсініп: “Менің інім не күн көріп жүр екен”, деп әкем қосылатын... Сөйтіп, ол кісілердің қимас жандары, сүйікті атамекендері біздің сәби жүрегіміздің төрінен орын алып, қанымыздан жанымызға дарып жататын.
Бара-бара бұл сезім мен түйсік Ұлт, Атамекен, Отан деген қасиетті ұғымдарға ұласып, ендігі жерде қазақ радиосын (“Шалқар”) өзіміз-ақ жастанып жатып тыңдайтын болдық. Бір қызығы, біздің тыңдауымыз ата-анамыздікінен өзгешелеу болатын. Яғни, біз Қазақстан радиосын ашып қалғанда тек нағашы ағамыздың атын естуді ғана армандамай, күллі Қазақ елінің тыныс-тіршілігімен, өмірімен, өнерімен танысуды, сусындауды мақсаттап тыңдайтынбыз. Бұл тірлігіміз, әрине, өз жемісін бермей қалған жоқ. Ең бірінші туған халқымыздың жер бетіндегі еш халықтан кем, қор емес екенін ұғындық. Өзіміз өнерге жақындадық. Осылайша біздің сәби жүрегімізде ұлттық намыс пен ұлттық мақтаныш бүр жарған болатын.
Кейін келе, ол елдегі саясат оңала бастағанда, Қазақстанмен ашықтан-ашық мақтанатын (КСРО-ның құрамында болса да) жағдайға жеттік. Айлар өтті, жылдар өтті, есейдік, сана-сезім, таным да өсті. Ендігі жерде Қазақстанның тәуелсіздігін күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей аңсайтын болдық. Әрине, жарты ғаламды билеп тұрған Кеңес Одағының талқаны шығады деп ешқашан үміттенген емеспіз. Дегенмен, бір тәтті қиял, асыл арман басымызға ұя салып алған қарлығаштай қалықтап, көкейімізден бір шықпай қойды. Қайда жүрейік, не туралы сөйлесейік, бәрінде де әйтеуір, айналып келіп Отан туралы, азаттық туралы тақырыпқа ойыса беретінбіз.
Әлі есімде, Пекинде университеттің жоғары курсында оқып жүрген кезіміз еді. 3-4 студент бір ағамыздың үйіне қонаққа барып, түннің бір уағында университетке жаяу қайттық. Біз университетке таяғанда шығыс көкжиектен балыққарындап таң атып келе жатты. Көп кешікпей сыпыртқыларын көтерген көше тазалаушылар жұмыстарына кірісіп кетті. Оларды көрген біздің бір жігіт: «Мыналар осыны да жұмыс деп істейді-ау, ә?!» деп қалды. Бұл сөзге қалғандарымыз өре түрегеліп: «Азат отанымыз болса, соның бір қаласында көшесін сыпырып жүріп өлсек, арманымыз болмас еді!» деп оны жабыла тойтарып тастағанымыз бар.
1987 жылы Пекиндегі оқуды аяқтап, жолдамамен Үрімжі қаласындағы ШҰАР қоғамдық ғылымдар академиясының әдебиет институтына ғылыми қызметкер болып жұмысқа қабылдандым. Үрімжіде «Азаттық» радиосының қазақ тіліндегі хабарларын радиоқабылдағыш күндіз-түні емін-еркін, тап-таза ұстайды екен. Үрімжі қаласының тұрғыны болғаннан кейінгі тұңғыш сатып алған дүние-мүлкім «Жаһан» (хуанчю) маркалы радиоқабылдағыш болды. Күндіз академияның жұмысы, кешкі шаруа «Азаттық» радиосын тыңдау. Бұл кез Кеңес Одағының шаңырағы шайқала бастаған шағы болғанымен, Қытай үкіметі 1989 жылғы Тянь-Аньмэн оқиғасынан кейін елдегі тәртіпті біршама қатайтып жіберген. Сондықтан «Азаттық» радиосының хабарларын тыңдап жүргенімізді көлденең көк аттыдан ептеп жасырамыз. Бірақ «Азаттық» радиосын бір күн құр жібермейтін «ауруға» тап болдық. Ара-тұра Хасан Оралтай ағамыздың өз дауысын да естіп қалып жүрдік.
Әйгілі 1991 жыл. КСРО қожырап, іргесі сөгіле бастады. Күндіз-түні «Азаттыққа» құлақ төсеп, күндіз-түні Алладан Алаш жұртының азаттығын сұраймыз. Күз басында қырғыз, өзбек ағайындар азаттықтың айдынына шықты. Шыдам таусыла бастады. Сумаңдаған сан түрлі өсек-аяң одан сайын сабырымызды тауысып, жүйкемізді жұқартып бітті. Жыл аяқталып келеді. Енді қашан?! Біздің қазақтарға не болды?! Бір күні әдеттегідей «Азаттық» радиосына құлақ төсеп отыр едім, беріліп тұрған хабар аяқталмай, ортан белінен үзілді де: «Сүйінші, Алаш жұрты! Сүйінші қазақ баласы! Қазақстан Тәуелсіздігін жариялады!» деп әрі қарай хабарды оқи алмай, әлгі дауыс өксік атып, жылап жіберді. Таныс дауыс! Хасан Оралтай ағамыздың дауысы. Ол кісі «кешіріңіздер» деп сөзін қайта жалғады. Әрі қарай не айтқаны есімде жоқ. Себебі, жаңағы сөзден кейін мен ес-ақылымнан адасқандай күй кештім. Күлемін. Жылаймын...
Егер сол кезде біреу көріп тұрса, мені жынданды деп ойлаған болар еді. Бірақ есімді тез жиып, достарыма тартып кеттім. Ол заманда ұялы телефон жоқ, тіпті үй телефонының өзі тек бастықтардың үйінде ғана болады. Қаланың о жақ, бұ жағындағы достар бір жерге жиналдық. Кешке қарай, жоқ жерден бір «туған күн» жасап, қала шетіндегі бір жолдас жігіттің үйіне бардық. Ақсарбас атап сойып, жақсылап тойладық. Кеш барысында сонда отырған бәріміз «Ертеңнен бастап төсек-орнымызды буып, Қазақстанға кетудің қамына кірісеміз. Паспорт жасата алмасақ, шекара бұзып қашып өтеміз», деген уәжге тоқтадық. Уәде осы болды да ертеңінде түске таман тарастық. Қашпай-ақ, шекара бұзбай-ақ солардың ішінде бірінші болып 1993 жылдың басында Қазақстанға оралдым.
Сонымен, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің арнайы шақыруымен елге келдік. Алғашқы жылдары қатты қиналдық. Алайда, елде болып жатқан бұл қиындықтан Қытайда жүргенде-ақ хабардар едім. Демек, қиындықты, қиналатынымызды көріп-біле тұра, бәрін осындағы ағайынмен бірге көреміз, ауырлықты бірге көтереміз деп келдік. Ал ол кезде Қытайдағы жағдайымыз жап-жақсы болатын. Содан ғой, кетудің қамын жасап жүрген кезімізде кейбір ағайындарымыз: “Қазір не бар? Кейін жағдайлары оңалып жатса, сол кезде көрмейсің бе? ” деген ақылын да ашық айтты. Бірақ ондай ақыл менің жолыма кедергі бола алған жоқ. Өйткені, менің ұғымымда қарын тойдыру – тек хайуанның ғана қайғысы. Ол туралы халқымыздың “Ер туған жеріне…” деп басталатын жақсы мақалы бар ғой.
Әсіресе, мына бір-екі жағдай есімнен кетпейді. 1993 жылдың қараша айында ақша ауысып, ұлттық валютамыз – теңгенің құны күн санап құлдырады. Сондай күндердің бірінде Алматыдағы бір туысқанның үйіне қонаққа бардық. Қайтарда олар бізді таксиге мінгізіп жіберді. Үш жасар қызым әлгі таксидің ішінде ұйықтап қалды. Жатақханаға жеткесін қызымды көтерген күйі бөлмеге кірдім. Баланың киімін шешіндіре бастаған зайыбым: “Баланың аяқ киімінің бір сыңары жоқ”, деді. Асып-сасып далаға жүгіріп шықтық. Такси кетіп қалған. Кірген ізімізді қараймыз. Жоқ. Ертеңінде балам: “Етігім қайда? Далаға шығамын”, деп ал келіп жыласын. Жүрегімнің ауырғаны соншалық, өзімнің де көзімнен жас шығып кетті… 1995 жылы екінші балам дүниеге келді. Белгілі себептермен сәбиімізді “Бона” дейтін дайын тағаммен азықтандыруға тура келді. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде үш айлық сәбиімізге небәрі 30 теңге тұратын “Бонасын” сатып алып бере алмай, қиналған кезіміз болған еді.
Әрине, «көппен көрген – ұлы той», қазір сол қиындықтың бәрі артта қалды. Осыларды бүгін өзге түгіл, өз балаларымыз ертегі секілді қабылдайды.
Заңғар заңгер, академик С.Сартаевтың Дүние жүзі қазақтарының І құрылтайында: «Қазақ мемлекеті – тек Қазақстанда тұратын қазақтардың ғана мемлекеті емес, ол сонымен қатар, дүние жүзіндегі қазақтардың да ұлттық мемлекеті. Сондықтан да ол бүкіл дүние жүзіндегі қазақтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуі және қорғауы қажет», – дегеніндей, Тәуелсіз Қазақ елі бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде өмір сүріп жатқан күллі қазақ баласының жанындай қастерлісі, таңындай мақтанышы ғана емес, тәңірдей тірегі мен қорғанына да айналып үлгерді. Сондықтан күллі қазақ баласы үшін азаттықтан ардақты ұғым, тәуелсіздіктен асқан байлық, 16 желтосаннан асқан мереке жоқ. Себебі, бұл тәуелсіздік – біздің халқымыздың тарпаң тағдырдың тар жол, тайғақ кешуінің бәрін көре жүріп, «мың өліп, мың тіріле жүріп», қылша мойнына ілінген бодандықтың болат қамытын үш ғасырға таяу мойымай көтере жүріп, ұлт ретінде жер бетінен жойылып кетуге шақ қалғанда зорға жеткен азаттығы!
Шетсіз-шексіз тарих көші үшін 20 жыл деген қас-қағым сәт қана. Ал адам ғұмыры тұрғысынан белгілі бір кезең ретінде қарауға болады. Әлем елдерінің тарихына зер салатын болсақ, көптеген елдер мемлекеті құрылғаннан кейінгі жарты ғасыр, тіпті бір ғасыр бойына өз жолын таба алмай, талай-талай қиын-қыстау кезеңдерге тап болғанын көреміз.
Жиырма жылдық қана тарихы бар еліміздің бағындырған белестері ауыз толтырып айтарлықтай. Жалпы, тарихи дамудың табиғи заңдылығының өз қарқыны бар. Сол заңдылық сақталса, ол – эволюция. Сақталмаса, ол – революция. Қазақстан эволюциялық дамудың ең жоғары қарқынымен самғап келеді. Бізге де керегі осындай тарихи дамудың табиғи үдерісі.
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қытай тілі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор.
«Отан» деген сөзден қуат алдық
Соғыс кезінде көзбен көрген бір айрықша сезім туралы айтайын. Сол кездерде менің жанымда болған, кездескен, сөйлескен жандардың бәрінің де аузында Отанға деген сүйіспеншілік керемет болатын еді. Адамдардың бойын Отан деген сөзді айтқанда бір рухани күш кернейтін. Сондықтан ресми сөздерде ғана емес, өзара әңгімелескенде де біз оны ауыздан тастамайтынбыз. «Отан» деген сөз бізге күш беретін, «Отан үшін алға!» десе, жаудың жауып тұрған оғынан қаймықпай, уралап тұра жүгіретінбіз. Жұрттың бәрінің санасы тек Отанға қауіп төндірген жауды жеңуге ғана байланып қалған секілді болған еді.
Біз Ұлы Отан соғысында ең бірінші патриоттық рухтың күштілігінен ғана жеңіске жеттік. Әйтпесе, «бес қаруы сай» немістің моторланған дивизияларына төтеп беру оңай емес-ті. Соғыстың алғашқы жылдары біздің майдандағы әскердің қолына винтовка да толық жетпеген екен. Екі адамға бір винтовкадан келетін, қару алу үшін жаныңдағы жолдасыңның өлімін тілейсің деген де сөздерді естідік. Әрине, Қызыл Армияны жамандаған болып саналатын мұндай әңгімелерді жауынгерлер бір-біріне сыбырлап қана айтатын. Әйтпесе, осы сөз үшін ғана трибуналға ілігіп кетуге болатын еді.
Ал немістердің қолында отыз оғы бар зуылдай атылатын Шмайсер автоматы, астарында мотоцикл мен автомәшинелері болды. Біз қолмен, атпен сүйрелеп жатқанда, олар зеңбіректерін мәшинелерімен сүйрейтін. Артиллериялық дайындықтан кейін шабуылға шыққанда олар біздей жалаңаш кеудесін оққа төсеп емес, танкілерінің қалқасында жүретін еді. Біз жауып тұрған оққа тура шығатынбыз. Қазір кейбір әдебиеттерде біздің көптеген генералдарымыз бен маршалдарымыздың әскерді ашықтан-ашық «ет турағышқа» айдап салып, қырып алған дарынсыздықтары әшкере болып жатыр. Ол да рас сөз.
Бірақ, сонда да біз жеңдік. Оның ең басты себебі, қайталап айтайын, Отанға деген сүйіспеншілік еді. Бәлкім сол кездегі басқаша ойлауға мүмкіндік бермеген күшті идеологияның әсері де болған шығар, біз әйтеуір, барлық КСРО-ны туған Отаным деп қабылдадық. Оның әрбір пұшпағын өзімнің жерім деп білдік. Ал оның ішінде Қазақстан туралы немесе қазақ туралы айтылса, тікелей өзіңе ғана қатысты мәселе секілденіп, ішкен асыңды жерге қойып, құлақ түретінсің. Жауынгерлер арасындағы отаншылдықтың күшті екенін жақсы білетін саяси қызметкерлер оны ұштай түсу үшін түрлі шаралар да қолданып жататын. Мәселен, бір қазақ жауынгеріне орден берілсе, майдандық газет ондай жанды «славный сын казахского народа, настоящий патриот Родины» деген секілді сөздермен әспеттейтін. Осындай сөздерден кейін қалай ғана жігерің жанылмасын, қаның ойнап, қуанышың қойныңа сыймай, шаттанып қалушы едік. Және сол батыр сияқты атымызды шығаруға қалғанымыз да ұмтылатынбыз.
Жауынгерлер әскерден жазған хаттарында да «Отан қорғау жолында жүрмін» деген сөздерді жазуға әсте ұмытпайтын. Бұл елдегі туысқандардың сағынышын басуға, әлдеқандай болып кетеді деген сарыуайымына тоқтау беруге шақыратын сабыр сөздеріндей еді.
Қалай десек те «Отан» деген ұлы сөз бізге қуат берді, жігерімізді жанып, намысымызды тулатты. Сондықтан да оның қасиетін майдангерлер ешқашан ұмытпайды. Бүгінгі күні оқта-текте кейбір ұшқары пікірлі адамдардың аузынан сіздер Отан үшін соғысқан жоқсыздар, қосақта кетіп, орыс-неміс соғысына ғана қатыстыңыздар деген сияқты сөздер шығып қалатынын құлағымыз шалады. Бұл – Ұлы Отан соғысына қатысқан барлық боздақтардың рухына, тірілердің жан-дүниесіне тас лақтырумен тең пікір. 1991 жылға дейін бізде бір-ақ Отан болғанын, соның ішінде Қазақстан да жүргенін ондайлар білмейтін сияқты бола қалатындары қызық. Егер сол соғыста біздер жеңілсек, қазіргі Тәуелсіз Қазақстан болмайтыны екібастан белгілі дүние ғой. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та солай деп айтқан. Ендеше, бүгін КСРО-дан бөлініп, тәуелсіз ел атанған екенбіз деп, кешегі тұтас Отан үшін күресіп, белуардан қан кешкен, жалаңаш төсімізбен жаудың оқ боратып тұрған ажал апанын жапқанымызды аяқасты етуге бола ма? Мұндай ұшқарылылықты ақыл-ойы терең адам айтпаса керек-ті.
Бүгінгі күні жас қазақстандықтар Отан үшін қандай қауіптен болса да тайынбай, от кешуді Ұлы Отан соғысына қатысқан ерлерден үйренсе ешқашан ешкімнен кем болмайды. Керісінше, жүрегі таза, ниеті ақ болып, Алла оның барлық ісін қолдайтыны сөзсіз. Оның үстіне бүгінгі Отанымыз – жанға тіпті жақын, өзіміздің туған Қазақстанымыз. Оны сүю, оны қорғауға әрқашанда дайын болу – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Егер оған адалдықтан айныған адам болса, бәрібір бір қиыншылыққа ұшырайды. Ұзақ сүрген жасымда оған талай көзіміз жетті. Құран Кәрімде: «Егер де құлым бір қиыншылыққа тап болса, білсін – ол өзінің жасаған ісінің салдары», делінген. Қазақ та «Елін сүймеген езден без» дейді. Ондай жанның өзінен де, сөзінен де аулақ болған жөн.
Сапар ДҮЙСЕНОВ, Ұлы Отан соғысының ІІ топтағы мүгедегі.
Шапағат
Туар деп күткем күн қашан,
Саулар деп күткем нұр қашан.
Аңсарлы азаттығыммен,
Елжіреп дәйім сырласам.
Еске алам бұла бағымды,
Кеудесі биік шағымды.
Күннен де туған ғұндарды,
Сақ, үйсін, Тұмар ханымды.
Сенада атын суарған,
Алтынмен үсті бұланған,
Атилла ерді еске алам,
Ай-күндей атын шығарған.
Елтеріс, Мөде, Күлтегін,
Көк түрік күйін шертемін.
Қашалған тарих көк таста,
Қаймығып неден үркемін?!
Қуаты кенен құт шағым,
Қыран бір құсқа ұқсадым.
Дабысы кеткен әлемге,
Дүбірлі Дешті Қыпшағым.
Жаһанды жайлап жырғадым,
Еділде қара орманым.
Байтаққа билік жүргізген,
Айбынды Алтын Ордамын.
Ноқтаға сыймас нар басым,
Тарихтың тартып арбасын,
Өзіме бөлек енші алғам,
Іргелеп Қазақ ордасын.
Хандарым асқақ асылдар,
Жәнібек, Есім, Қасымдар.
Тәуекел, Салқам Жәңгірлер,
Жайратқан жауын жасындар.
Жоңғардың ұрған дабылы-ай,
«Елім-ай» деген сарын-ай...
Елдікті сақтап ерлеген
Бахадүр ханым Абылай!
Болады қайдан кіл ғажап,
Алдынан тосқан түрлі азап.
Бодауын беріп басқаға,
Бодан да болды бұл қазақ.
Көзінен қанды жас аққан,
Жайлауын жатқа босатқан.
Алауыз алты бақан боп,
Біріне бірі тас атқан.
Қорлыққа мына шыдамай,
Күңіреніп еді ұлы Абай.
Тәуелді болған заманда
Тәңірдің қатты сынағы-ай!
Жаралған дейтін намыстан,
Ерлерім өтті арыстан.
Әлихан, Ахмет, Міржақып
Азаттық үшін алысқан.
Ер де көп, айтар шер де көп,
Еске алам қайсын термелеп.
Батырған тізе қазаққа
Кеңестің кезі кермелеп.
Алашқа салған азапты ұқ:
Қасиет қалмай қазақтық,
Қан жылап тұрған кездерде
Аңсағам сені, азаттық!
Қайтадан атқан таң сәрім,
Азаттық, сенсің аңсарым.
Басыма қонған бақыт құс,
Бар шағым әмбе нар шағым.
Тар шағым алыс қалды артта,
Жан салып ұштық самғап та.
Өлгенде көрген бұл бақты
Баладым барлық қымбатқа.
Азаттық үшін қан бергем,
Азаттық үшін жан бергем.
Қанша деп құны сұрағын
Құрбандық болған ерлерден.
Тәуелсіздігім, қалайда,
Түскен жоқ әсте оңайға.
Қолда бар алтын қадірін
Кетіріп алмай, соны ойла!
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
Алматы.
Ұйымның тамырына қан жүгіртті
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының екі тізгін, бір шылбырын қолға алып, Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістіктегі бақуатты елдердің барлығына Қазақстан 2010 жылы төрелік етті. Бір сөзбен айтқанда, Ұйымның төре биі де, төбе биі де Қазақ елі болды.
Қазір жер бетінде ұлтаралық қақтығыстар мен кикілжіңнің етек алып бара жатқанына алаңдамайтын ел жоқ. Бірақ бұл бір ғана ел бір ғана күнде шеше салатын оңай шаруа емес. Мәселен, соңғы жеті жылда ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің Сыртқы істер министрлері жыл сайын жиын өткізсе де, бірде-бір маңызды тоқтамға келе алмаған екен. Сонда, бір ғана Саммитпен бүкіл әлемнің әуресін қазақтың шешіп беруі мүмкін бе? Мүмкін емес, әрине! Бірақ Қазақ елі Еуропа ұйымына төраға болған тұста, оның тамырына қан жүгіртті.
Әлі есімде, Саммиттің жалпы отырысында сөз алған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ның дамуын үш кезеңге бөлді. Алғашқы кезең, сөз жоқ, 33 елдің қатысуымен өткен 1975 жылғы Хельсинки кеңесінен бастау алады. Өткен ғасырдағы түрлі сұрапылдарды бастан кешкен әлем елдері үшін ол кезде ең маңызды проблема бейбітшілік болғаны хақ. Алайда, тұрақтылықты орнату үшін Ұйым мүшелері 90-шы жылдары бір емес, бірнеше рет бас қосып, түрлі шаралар қолданғанымен «созылмалы сырқаттарға» қатысты түйткілдердің түйіні әлі күнге шешілмей келеді.
Ұйымның екінші кезеңіндегі келелі кездесулерде көтерілген бұл көкейкесті проблемалар күн өткен сайын көмескілене берді. Осы орайда ЕҚЫҰ-ның үшінші кезеңін жаңа мыңжылдықтағы Астана Саммитінен бастауды нұсқаған Нұрсұлтан Назарбаев мұхиттан мұхитқа дейінгі аймақтың қауіпсіздігін мықтап қолға алуды ұсынды. Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау мен жалпы қарусыздану мәселесі қазір өткір тұр. Сондықтан бұл проблеманы реттеу үшін ЕҚЫҰ-ның жанынан арнайы форум құру керектігін де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтерді. Қазақстан трансшекаралық қылмысқа, есірткі трафигіне және заңсыз көші-қонға қарсы күресті үйлестіру үшін арнайы кеңес құруды да ұсынды. Қазір ЕҚЫҰ кеңістігіндегі сенімсіздік «сызаттары» да жекелеген елдердің арасында алауыздық тудырып отыр. Бұл келеңсіздіктің өңірлік және жаһандық ахуалға кері ықпалын тигізіп отырғаны тағы рас. Сосын кешегі халықаралық қаржы дағдарысы жаһан елдерінің жақын болашақты болжауда босаң әрі дәрменсіз екенін көрсетті.
Астана Саммитінде осыны ашық айтқан Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ның Астанадан түрлі экономикалық қауіптерді бақылап, болжап, сұрыптап отыратын орталығын ашуды ұсынды. Бұл да Ұйым тарихында бұрын-соңды көтерілмеген тың идея еді.
Ал егер Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға болмағанда, Алатаудың арғы бетіндегі айыр қалпақты ағайынның тағдырын қазір көзге елестетудің өзі қиын. Себебі, осы елдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге төраға ретінде Қазақ елі ерен еңбек сіңірді. Әрі көмектесіп қана қоймай, Ұйымға мүше елдердің назарын осы проблемаға аударды.
Саммиттің үшінші жалпы отырысы аяқталған соң, делегаттар Астана Декларациясының мазмұнын ұзақ талқылады. Аты еуропалық болғанымен, бұл әлем елдерінің саяси, экономикалық-экологиялық және адами құндылықтарын бір салаға тоғыстырған күрделі құрылым. Саммит ақыры Ұйымның бағытын айқындап, түйіткілді мәселенің басын ашты. Сөйтіп, күн демей, түн демей жұмыс істеген Саммитке қатысушылар қызу талқыдан соң, түн ортасында қауіпсіздікке қатысты 13 бөлімнен тұратын Астана Декларациясын бірауыздан мақұлдады.
Бұл, сөз жоқ, азат Қазақстанның тарихында алтын әріптермен жазылған тарихи маңызды құжат болып қалмақ.
Айбек ҚОБДАБАЙ, журналист.
Мақал-мәтелдер
Отан елдің анасы,
Ел ердің анасы.
Отансыз адам –
Ормансыз бұлбұл.
Кісі елінде сұлтан болғанша,
Өз еліңде ұлтан бол.
Кісі елінде күркірегенше,
Өз еліңде дүркіре.
Аққу көлін аңсайды,
Адам туған жерін аңсайды.
Отан үшін күрес –
Ерге тиген үлес.
Іргесі берік елді
Жау ала алмас,
Аузы бір елді
Дау ала алмас.
Отан үшін отқа түс –
Күймейсің.
Отанын сүйген отқа жанбайды,
Суға батпайды.
Отанды сүю – отбасынан басталады.
Есі бар жігіт елін табар,
Есі жоқ жігіт жаттың отын жағар.
Адам отанын іздейді,
Қой қотанын іздейді.
Құртақандай торғай да
Өз ұясын қорғайды.
Егілмеген жер – жетім,
Елінен айырылған ер – жетім.
Туған жердің күні де ыстық,
Күлі де ыстық.
Туған жер – тұғырың,
Туған ел – қыдырың.
Елінен безіп, елсізде өлгеннің,
Екі көзін қарға шұқиды.
Сағынышқа толы сегіз жыл
Ұлтым грек болғанымен, қазақ жерінде менің ата-бабаларымның бесінші ұрпағы тұрып жатыр. Өзім Сандықтау ауданындағы Балқашын ауылында туып-өстім. Бұл – табиғаты төгіліп тұрған көркем өлке. Адамның жаратылысындағы әдемілікке құштарлықтан шығар, мұнда жиырмадан астам ұлт пен ұлыстың өкілі жараса топтасып, бір-біріне бауырласып, ынтымақты күн кешуде. Бізде бөлектеп, бөле-жару деген болған емес. Мұндағы басты дәнекер өнер екендігін бала күнімнен сезініп өстім. Балабақшада, мектепте сан ұлттың баласы сап түзеп, әртүрлі халықтың ән-жырын хорға қосып шырқайтынбыз. Үлкендер жағының той-томалағы осы әдіспен көңілді өтіп, ауылдастарымды бұрынғыдан да жақындастыра түсетін.
Біздің отбасымызда әртүрлі мамандық пен кәсіп иелері бар. Адал еңбектің арқасында нәпақа тауып, абырой жинап жүр. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы кезеңіндегі қиыншылықтар жұртшылықты дүр сілкіндіріп, ширықтырды, жинақылыққа бастады. Сондықтан да қиюы қашқан тіршілік, жүдеу көңілден адамыз. Келіншегім Алла Рыбалко екеуміз төрт бала өсірдік.
Мен өнер адамы ретінде рухани тұрғыдағы маңызды жұмыстың ортасында болғанымды мақтан етемін. Мектептен кейін Көкшетаудағы музыка мектебін труба класы бойынша бітірдім, Шымкенттегі мәдениет институтын тәмамдадым. Оңтүстікте оқығанда қазақ тілін бір кісідей меңгердім деп айта аламын. Мәдениет үйінің қатардағы музыкантынан аудандық мәдениет және тіл бөлімінің бастығы дәрежесіне дейін көтерілдім. Сандықтауда этномәдени бірлестіктер, халықтық атақтағы өнер ұжымдары құрылды.
Сөйтіп жүргенде, 2003 жылы Грекияға, тарихи отаныма қоныс аудардық. Аудандық мәдениет бөлімінің әдіскері болып істейтін зайыбым Алла қарсылық танытпады. Жалпы, біз қиналғаннан көшкен жоқпыз. Ол кезде Қазақстан қуатты даму арнасына түскен. Менің тосын шешімімді өнер адамының қиял ғаламының қанаттануы деуге болатын шығар. Бастапқы ойым ел астанасы Афинада тұрып, айтулы өнер ордаларына араласып, қал-қадерімше Қазақстанымды шетелдіктерге таныстыру болатын. Бірақ, мұның айрықша қиын екендігін отбасымызбен сегіз жыл сонда тұрғанда ұқтық.
«Көңілдегі көк дөнен» де ырқымызға көне қоймады. Оттай ыстық сағыныш шарпыған жылдар деуге келеді. Балаларым да көндіге алмады. Мен құрылыста жұмыс істеуге мәжбүр болдым. Өнер адамы үшін мұның қаншалықты ауырлығын түсіндіріп жату артық. Ақыры елге оралудың құжаттарын дайындаумен біраз жыл өткізіп, биыл Көкшетауға қайта көшіп келдік. Қазақстан азаматтығын алып, қазір «Көкшетау» мәдениет сарайының оркестрінде жұмыс істеп жүрмін. Біз үй-жайымызды, дүние-мүлкімізді түгел сатып кеткендіктен, тұрмыстық жағдайымыз бұрынғыдай болмағанымен, оның да түзелетіндігіне сенемін. Ең бастысы, туған елдің құшағында, жан-дүниемді түсінетін дос-жаранның ортасындамын.
Мені отандастарымның ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын ерен табыстармен қарсы алудағы құлшынысы, Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтағы қарышты қадамдары қуантады. Сыртта жүргенімде Елбасымыз туралы жылы лебіздер естіп, көңілім көкке көтеріліп қалатын. Мен осы елдің перзентімін! Қарызым да, парызым да көп. Дәл қазір осы бағыттағы қуатты саптың қатарына қосылғанымды мақтан етемін.
Илья ЧАПАНИДИ, музыкант.
Ақмола облысы.