• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Шілде, 2018

Азамат аты ардақтала береді

395 рет
көрсетілді

Киелі Әулиеата өңірінен шығып, бүгінде еліміздің әрбір саласында жетістікке жеткен азаматтар аз емес. Қазақ әдебиетіне, ғылымына, мәдениеті мен спортына үлес қосып жүрген жандарға лайықты құрмет қашанда елдіктің белгісі. Елдің даңқын шығарған ерлердің есімі ұрпақ үшін әрдайым өнеге.

Ілгеріде Жамбыл облысының және Тараз қаласының Құрметті азаматтарының, Олимпиада, әлем және Азия чемпионаттары жеңімпаздарының есімдері көне шаһар орталығындағы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ алдында орналасқан «Еңбек даңқы» аллеясындағы «Құрмет тақтасына» енгізілген болатын. Тасқа қашалып жазылған тарихи есімдер әрдайым елдің ерге деген құрметін арттырып келеді.

Бүгінгі таңда аталған «Құрмет тақтасы» облыстық тарихи-өлкетану музейіне ауыстырылған еді. Осы орайда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізінде облыс­тық мәдениет, архивтер және құ­жаттама басқармасының қол­дауымен музейге қойылған «Құрмет тақтасының» таныстырылымы өтті. Шара барысында басқарма басшысының орынбасары Сара Мәдиева тақтаның жанына сенсорлы дүңгіршек орнатылып, оған Құрметті азаматтар мен чемпиондар туралы барлық мәліметтер енгізілетінін айтты. Енді тізімдегі азаматтар жайында арнайы бейнероликтер дайындалып, әлгі дерекқорға енгізілетін болады. Музейге келушілер бұдан былай өңірдің Құрметті азаматтары мен спорт жеңімпаздары туралы барлық ақпаратты осында орнатылған шағын ғана дүңгіршектен таба алады.

 Жалпы, «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атағы тұңғыш рет бірінші шақырылған об­лыс­тық мәслихаттың 1999 жыл­ғы 17 қыркүйектегі ХХІІІ сес­сия­сының шешімімен даңқты қы­зыл­шашы, Социалистік Еңбек Ері Дариға Жантоқоваға берілген екен. Ал Тараз қаласының тұң­ғыш Құрметті азаматы – Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаев. Пре­зи­дентке құрметті атақ Тараз қа­лалық мәслихатының 1997 жыл­ғы 8 қаңтар күнгі кезектен тыс сессиясында беріліпті.

 Жиын барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Тараз қаласының Құрметті азаматы Сансызбай Жорабеков, еркін күрестен Лондон Олим­пи­адасының және әлем чем­пи­онатының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров сөз алып, бұл бастамаға ризашылық білдірді. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Гүлнұр Ембердиеваның айтуынша, Тараз қаласының Құрметті азаматы атағын 139 азамат алған екен. Ал 60 азамат әр жылдары Олимпиада, әлем және Азия чемпионаттарының жеңімпазы атанған. «Құрмет тақтасы» өзінің лайықты орнын тапты деп ойлаймыз. Енді өңір тұрғындарымен қатар, әр аймақтан және шетелден келген қонақтар осы бұрыштан Құрметті азаматтарымызды танып, өздеріне керекті барлық мәліметті ала алады», дейді музей басшысы.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы