• RUB:
    5.4
  • USD:
    478.57
  • EUR:
    526.91
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Шілде, 2018

Қиял әлеміне жетелейтін картиналар

492 рет
көрсетілді

Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен елордадағы Ұлттық музейде «Поль Серюзье және Бретань: аңыздардың сиқыры» атты көрме ашылды.

Көрмені әзірлеп әкелген – Франция елінің Ұлттық музей­лер бірлестігі. Шараның ашы­лу салтанатында сөз алған Фран­ция­ның Қазақстандағы Төтен­ше және өкілетті елшісі Фи­липп Мартинэ мырза өз елін­дегі ежел­­­гі рухани мұралар сақ­шысы – Ұлт­тық музейлер бір­лес­тігі өт­кен жылы Астана ұйым­дас­тыр­­ған халықаралық маман­дан­­­дырылған ЭКСПО көрмесі аясында елордалықтарға француз тарихына қатысты құнды дүниелер ұсынған болса, енді міне ХІХ ғасырдағы француз символикасының ірі өкілі Поль Серюзенің картиналары әкелініп отыр деді.

Сондай-ақ көпшілікті көр­менің маңы­зымен таныс­тырған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бір жыл бұрын мә­де­ниет, өнер және мәдени мұра­ны сақтау саласында еларалық ынты­мақ­тастық меморандумына қол қойы­л­ғанын, бұл шара соның жалғасы екенін жеткізді.

Көрмеге барлығы 48 жауһар картина әкелінсе, соның 80 пайы­­­­зының авторы – Поль Серю­зе. Жұмыстар түгелдей дер­лік тұпнұсқа. Оның «Теңіз бен жағалау», «Тоқымашы», «Ма­ха­­ббат бәйтерегі» қатарлы ең­бек­тері модерн стиліне жақын ар-нуво символистер тобына жатады екен. Негізінен бұл топты еуропалық өнертанушылар «Наби» шығармашылық бағы­ты деп бағалайды. Қазақша айтқан­да, тылсыммен сырласушылар.

Аталмыш топ өкіліне жататын кескіндемешілер – Эмиль Бернар, Пьер Боннар, Моррис Дени, Анри Море, Максим Морра, Поль Гоген, тағы басқа­ла­рының туындылары да көр­ме сөресінен орын алыпты. Бұлар­дың бәрі бүгінде өмірден озған, бірақ суреттері арқылы әлемге танымал тұлғалар.

Көрме комиссары тәуелсіз өнер­танушы және Серюзье атын­дағы комитет төрағасы Каролин Бойль-Тернердің пікірінше, бұл кескіндемелер көрмесі тұң­ғыш рет Франция шекарасынан асып, Еуразия кеңістігіне, со­ның ішінде қазақ даласына келіп отыр, сонымен қатар ту­ын­дылардың дені кескіндеме бол­ғанымен декоративті интерь­ер әшекейлерінен тұратын ар-деко өнерінің бірегей үлгісі. Ал көр­менің көркемдік мәнеріне кел­сек, мұндағы картиналар көрерменді қиял әлеміне жете­лейтін модерн стилінің әсемдік сипатын сіңірген дүниелер.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»