Ұлттық академиялық кітапханада «Егемен Қазақстан» газеті жариялаған карикатура байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Аталған іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, әдебиетшілер, ғалымдар, сондай-ақ сатира жанрының сардарлары қатысты.
Бас басылым «Астана айшықтары» тақырыбымен ұйымдастырған конкурсқа республиканың түкпір-түпкірінен 20-дан астам үміткер 30-дан аса жұмыс ұсынған. Байқауды ұйымдастырудағы басты мақсат – қазақ баспасөзінде ұмытылып бара жатқан карикатура жанрын қайта жаңғырту. Егеменнің бұл бастамасын шараға қатысушылар, зиялы қауым өкілдері барынша қолдайтынын білдірді. Көрмеге қойылған үздік 15 суреттің ішінен оза шапқан үш автордың жұмысы жүлделі орындардан көрініп, бір карикатурашы ынталандыру сыйлығына ие болды. Атап айтсақ, бірінші орын алматылық белгілі карикатурашы Ғалым Смағұлұлына беріліп, 300 мың теңгелік сертификат табысталды. Өскемендік Берік Қайнарұлы екінші (200 мың теңге), ал ақтөбелік Қайрат Болатбайұлы үшінші орынға (100 мың) ие болды. Тараздық Альмира Омароваға ынталандыру сыйлығы берілді. Карикатураға байланысты елімізде ірі конкурстар 20 жылдан бері бірінші рет өткізіліп отыр.
«Астана қаласының 20 жылдығына орай «Егемен Қазақстан» газетінің жүлдесі үшін қазақ баспасөзінде ұмытылып кеткен карикатура жанрын қайта жаңғыртып, «Астана айшықтары» тақырыбымен карикатура конкурсын жариялаған болатынбыз. Егеменнің бұл бастамасы суретшілер арасында кеңінен қолдау тауып, конкурсқа 20-дан астам үміткерден 30-дан аса жұмыс келіп түсті. Олардың арасынан ең үздіктері таңдалып, бүгінгі марапаттау рәсіміне келіп отыр», деді «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі.
Карикатура тек кемшілікті ғана көрсететін жанр деп тар ойлайтындар да бар. Бірақ шынтуайтына келгенде карикатура арқылы жақсылықты да, кемшілікті де теңдей етіп көрсетуге болады. Ол суретшінің шеберлігіне байланысты. Бұл конкурстың бас жүлдесін алған шығарма нысанаға өте кең өлшеммен келген. Тақырыпты қылқаламмен ашу, оған ойды ұшастыру – қиынның қиыны. Осы жағынан алғанда жүлдеге ие болған автор ойының ұшқырлығы мен қаламының шеберлігі анық көрінеді.
Карикатура тек қана біржақты сын емес. Ол – үлкен өнер, астарлы сөз, тапқыр шешім, ұтымды ой, сараптама мен сынның тоғысы. Кейде карикатураның үлкен мақаланың, кітаптың жүгін арқалап тұратын тұстары болады. Үлкен өркениетті елдерде қазір баспасөз карикатурасыз шықпайды. Бұл – баспасөздің үлкен бір бөлшегі, ірі саласы. Сондықтан бұл саланы да жандандырған жөн.
Карикатура өнерін көпшілік қауым тек адам танымына әжуалы әзіл әкеледі деп түсінеді. Асылында, ол – бір сәт ой-сананы сергітіп, әжуадан бөлек әсерлі ой нұрын шашатын ауқымы кең өнер. Әр қоғамның саяси, әлеуметтік, психологиялық, моральдық болмыс-сипаты осы өнерде қылқалам шеберінің қиялы арқылы қапысыз қалыпталады. Осы мақсатта карикатураның үлкен мектебі бар «Егемен Қазақстан» газеті кенжелеп қалған осы өнердің кеңінен дамуына өз үлесін қосып, қылқалам шеберлерінің оспақ өнерін оқырмандарға терең насихаттауды қолға алып отыр.
Бәйгені ұйымдастыру жұмысының басы-қасында жүрген суретші Айдарбек Ғазизұлы: «Суретшілерге қойылған талап оңай болған жоқ. Карикатура туралы қалыптасқан таптаурынды бұзу үшін осындай бәйгелер керек. Астанамыздың жайнаған дидарын осы өнер арқылы беру – қатысушыларға үлкен сын болды. Тапқыр, қиялы жүйрік суретшілер бәйгеден сүрінбей келді», деді.
Шара барысында, сондай-ақ Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Егемен Қазақстан» кітапханасы» сериясымен жарық көрген, елордамыздың айшықты келбетін сөзбен әрлеген «Бақорда» кітабының таныстырылымы өтті.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»