Қабағынан қар жауған қарт Тарбағатай жырақтан қарасаң тым суық, сұсты. Қарлы шыңдарының етегі бұлыңғыр тартып дымданып тұрады. Қысының қары қалың, жазы салқын бұл өңір ешкімді де жатсынбайды. Жақындап қойнына ене берсең сенен жылуын аямайды. Бауырына басып, баласындай мәпелейді.
...Тоқсаныншы жылдары елге жаңа жүйе еніп, әркім жеке отауын құрып жатқанда Қарашевтар «Юбилейный» ЖШС-ін құрып, бір кездері «Аксаковка», «Юбилейный» аталған кеңшарды ыдыратуға жол бермей, сақтап қалуға күш салды.
– Бастапқыда бұл ісімізге күдікпен қарайтындар көп болды, – дейді бүгінде «Юбилейный» ЖШС басшысы Мамырбек Қарашев. – Ұжымды таратпай, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара, бірлесе еңбек ету бастамасын қолдаудан гөрі кері тартатындардың көп болатыны белгілі ғой. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» болып бір жүйеге келгенше әрі-сәрі күй кешкеніміз рас.
Ұзақ жолға шыққан керуен жүгін тез түзеп алды. Тарбағатайдың қойнауында отырған ауыл жұртшылығы өзгеден көмек күтпей, өз еңбектеріне арқа сүйеді. Айрандай ұйыған Көлденең атты алақандай ауылдың атағы алысқа тарады. 1994 жылы Президент Н.Назарбаевтың Құрмет грамотасын иеленген комбайншы жас жігіт Мамырбек Бақтығазыұлы мен бүгінде маусым кезінде 100-ден аса жанның басын біріктіріп, жұмыс көзін тауып беріп отырған ұжымның арасында тарих салған соқпақтар жатқаны рас. Жыл сайын «Үздік салық төлеуші» атағын жеңіп алып келе жатқан серіктестікке мұндай мәртебе өздігінен келген жоқ, әрине.
– Юбилейныйлықтар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дұрыс түсініп келе жатқан ұжым. Ауылдағы көмекке зәру, тұрмысы төмен отбасыларына, жастары егде тартқан қариялар мен мектеп ұжымына үнемі қолдау білдіріп келе жатқан Мамырбек Бақтығазыұлына алғыс айтамыз, – деді ауыл әкімі Сайлаухан Естемесов. – Ол ауылдағы мешіт, спорт кешені, қатымхана, мейрамхана, наубайхана, сұйық май шығаратын зауыт, қырман, машина-трактор жөндеу шеберханасы, аудан орталығындағы диірмен, – барлығының жұмысын алға бастырып отыр.
Қазіргі кезде облыс әкімі Д.Ахметовтің тауарлы сүт фермаларын қайта жаңғырту идеясын қуаттап, аталған іске бел шеше кіріскен Мамырбек Көлденең ауылына ұзындығы – 120, ені 10 метрді құрайтын қоражай салып, сиыр сауатын құрылғылар сатып алды. Арнайы сиыр бұзаулайтын және сауын сиыр тұратын қоражайлар қазір өндіріске сақадай-сай. Сондай-ақ асыл тұқымды «Симменталь» сиырлары, Ресейден әкелген «Алтай», «Рысак» тұқымды жылқылары, қазақтың «Байыс» тұқымды қара қойлары мен «Гиссар» қойлары да осы шаруашылықта. Бағуы келіссе қойлардың өзі 100 келіден ет бере алады.
Осының бәріне азық керек екені белгілі. Көлденең ауылы жері құнарлы, шөбі шүйгін жерде орналасқандықтан астық өсіру – серіктестіктің басты міндеттерінің бірі. Бидай, арпа, күнбағыс секілді дәнді, майлы дақылдардың әр гектарынан үнемі жоғары өнім алуға қол жеткізіп келеді. – Биыл 20 миллион теңгеге осы дақылдарды кептіретін агрегат сатып алдық, – дейді серіктестік басшысы. – Сол сияқты күнбағыс дәнін себетін «Матармакс» атты 3 тұқымсепкіш, 5 «Беларусь», 3 комбайн алдық. Бұдан өзге өзіміздегі «Заря» күнбағысына қосымша 23 миллион теңгеге жуырда ғана шетелдік «Санай», «Конди», «Тристан» атты күнбағыс тұқымдарын әкелдік. Сондай-ақ, Өскемен қаласындағы тәжірибе алмасу орнынан «Дарья», «Тома» деген бидай тұқымдарын сатып алғанбыз. Алла қаласа, көктем шыға жерге сіңірмекпіз. Жерің қандай құнарлы, бонитеті жоғары болғанымен, тыңайтқышсыз іс бітпейді. Жамбыл облысынан «аммафос»
тыңайтқышын, күздік бидайға Ақтау қаласындағы «Қазазоттан» селитра алып жерді тыңайтамыз. Бір сөзбен айтқанда, бәсекеге қабілетті, жаңа заманға лайық іс жасасақ деген ой.
...Биыл Тарбағатай қойнауына көктем кешігіп келді. Диқан қауымы мен малшылар күннің райын бақылап жата алмайтын халық. Бірі кетпен, күрегін алып, атыз бойлап кетсе, бірі мыңғыртып малын өргізіп Барқытбелдің бауырын жайлауда...
Берікхан ТАЙЖІГІТ, журналист
Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы