Орталық коммуникациялар қызметінде «Славянский базар в Витебске» Халықаралық өнер фестиваліне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Халықаралық өнер фестивалі Беларусь мемлекетін дүние жүзіне танымал еткені белгілі. 1995 жылдан бастап фестиваль Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко мырзаның жеке қолдауымен, көп жылдар аралығында осы музыка форумы басқа елдер мен халықтар аралығында мәдениеттер диалогының дамуына ықпал етіп келеді.
«Қазіргі уақытта фестивальдің ашық аспан астында өтпеуі мүмкін емес, себебі суретшілердің керемет шығармалары, шеберлер қаласы, халықтық ұйымдар бүкіл халыққа көшелерде көрсетіледі. Фестиваль күндері дәстүрлі түрде одақтас мемлекеттер күні, Беларусь, Ресей, Украина өнер шеберлерінің гала-концерті, «Фестиваль без границ», «Театральные встречи», «Звездный час» бағдарламалары өткізіледі. Осы керемет фестивальде Қазақстан күнін өткізу егеменді Қазақстанның өз әлеуетін толығымен ашып көрсетіп, жаңа мәдениеттік байланыстар орнатуға мүмкіндік алады. Жас әртістерге үлкен сахнада өнер көрсету мүмкіндігін жиі беріп тұру керек, себебі мұндай тәжірибе олардың әрі қарай шығармашылық дамуына себеп болады. Оның үстіне, өнер тобының өз таланттарын ортаға салуы Қазақстан ерекшелігін әлемдік аренада танытуға үлесін қосатыны анық. Славян базарындағы Қазақстан күні «Ұлы Дала өнері» атымен тұңғыш рет өткізілмекші. Біз еліміздің ерекшелігі мен төл мәдениетін және бүгінгі таңдағы табыстарын халықаралық деңгейде ортаға салып, жария етуді мақсат тұтып отырмыз», деді Мәдениет қайраткері, Қазақстан мен Орталық Азиядағы «Славянский базар» халықаралық фестивалінің ресми өкілі Қарлығаш Әбдікәрімова.
«Славянский базар в Витебске» конкурсына қатысып, еліміздің мәртебесін көтерген өнерпаздардың арасында Әлішер Кәрімов, Динара Сұлтан, Димаш Құдайберген, Адам, Ержан Максим, Луиза Нұрқуатова бар. Ал биылғы байқауда Қазақстанның намысын көпшілік тыңдарманға «Әміре» деген атпен танылған әнші Ернар Садырбаев қорғайтын болады.
Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»