Осыдан жеті жыл бұрын өлкетанушылармен бірге Торғай даласына жасалған тарихи-танымдық экспедиция құрамында болғанымызда, Ахмет Байтұрсыновтың кіндік қаны тамған Ақкөл төңірегіндегі көл аттас ауылға да жолымыз түскен. Аузын ашса, жүрегі көрінетін ауыл адамдары экспедицияны күтіп алып, сол өлкенің тарихы туралы әңгіме тиегін ағытқан еді. Сол жолы Ызбан ауылдық округінде бас маман болып қызмет істейтін Рабиға Жақыпбекова апамыз ауыл мектебіндегі музей бұрышынан аузын кере ашқан, тістері қасқырдың тісіндей ақсиып тұрған шортанның басын көрсеткен еді. Біз сол сәтті фотоаппарат объективіне баса қойыппыз.
– Ахаңның Ақкөлінен осыдан 3-4 жыл бұрын ауылдағы Амандық Олжабаев деген жігіттің ауына түскен шортанның салмағы 17 килограмм тартты. Ауылдастардың бәріне дәм ауыз тиюге жеткен болатын. Балықтың басын мектеп музейіне сол жігіттің өзі әкеліп берді, – деген еді апай. Шортан балық Қостанай-Торғайдың өзге де өзен-көлдерінде де кездеседі. Бірақ шортан біткеннің тұрқы кісі бойындай, салмағы осынша тарта бермейтіні рас. Балығы шоршып жататын Ақкөлдің бір байлығы, қасиеті болар деп ойлағанбыз.
Бірақ соңғы жылдары Ақкөлге Жыланшық өзені құюды қойған болатын. Он шақты жыл су жетпеген соң, көлдің табаны құрғап, балықтың қырылған кезі де болды. Бірақ табиғаттың бізбен бөлісе бермейтін құпиясы мол-ау. Биыл қыс жұмсақ болып, қар аз түссе де, Ақкөл суға толып, кемерінен асыпты. Тек Ақкөл маңы ғана емес, жалпы Торғай даласына су жайылды. Ақкөлдіктердің де, Торғай өңіріндегілердің қуанышында шек жоқ. Ақкөл, сол баяғы бала Ахмет жағалауында жүгірген Ақкөл түк болмағандай толқып жатыр. Ауыл адамдары бұл күнде қайтадан қармағын дайындап, ау тоқуға кіріскен. Амандықтың ауына түскен шортан музейде ғана тұра ма деген ауылдастардың уайымы сейілгендей.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы, Жанкелдин ауданы