• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
16 Желтоқсан, 2011

Ақжарылқап!

350 рет
көрсетілді

Қарасам көз жетпейтін қиырға бір, Басымнан өткен екен құйын жәбір. Алайда орны бөлек ұлтым үшін, Осынау қайнап-тасқан жиырма жыл. Қозыдай өзге енеге сүйреп-теліп, Байқады терідейін илеп көріп. Құтылып шылауынан құрық үзіп, Қосылдық аламанға түйдектеліп. Оздырмай бәйгелерге қосқан бұрын, Тартатын ауыздықтап тосқан мыңын. Көсілдік жиырма жыл көмбемізге, Тигенде қолымызға бостандығым. Біріне айналып біз ертіндінің, Күй кештік төгілердей ең сұмдығы. Аспанға лақтырдық тақияны, Елімнің алған кезде еркіндігін.

* * *

Жырлаймын сені сүйіп жиырма жыл, Жүрекпен жарқылдады миымда жыр. Бақытым: қуанған бір сәттерімде, Бақытым: батқан кезім қиынға бір.   Аңсаған шақтарымда аяулы арман, Көңілде күндерім көп қаяу қалған. Нан таппай қара шайға қамыққаным, Бәрі де бақытты кез жаяу қалған...   Өтсе де өкініш күн, әлекпенен, Кезім жоқ кесіп сөйлеп “нәлет” деген. Санамда соның бәрі сәулеленіп, Күні жоқ әдемі бір ән екпеген.   Арпалыс айналамда толған былық, Кейде бір әкетердей жолдан бұрып. Нәпсімен нақ майданда күрес ашып, Ол маған жыр жаздырды толғандырып. Қалпақтай түсірердей жасын жұлып, Минасыз жерді тауып басып жүріп. Адамдық ғұмырынан айнымадым, Азап кеп жүргенімен ашындырып... Іркілмей ашты қақпа көмей бүгін, Тілімнің тірегі бар егей мығым. Таймадым өзімсінген өрлігімнен, Тіршілік көрсетсе де өгейлігін. Мәртебем кетпесе де асып бүгін, Жабырқап тұрғаны жоқ, жасып түрім. Тамсанам тәуелсіздік тағдырыма, Отанға салқындамас ғашықтығым. Тартылып тұрмаса да релісім, Өзінше өсіп жатыр жыр-егісім. Тұрса да суық қарап нарық шіркін, Өмірге болған емес ренішім. Ырызық үлесім бар суым, дәмім, Тапжылмай көтереді туымды арым. Жанымды жуған кірдей жайдым күнге, Ғашықтық құштарлықтан суынбадым. Берші деп келмес әсте безілдегім, Өзге емес, бар болса егер: өзімдемін. Түспедім тағалының табанына, Еңіреп ертелі-кеш езілмедім. Ал енді соның бәрі неге десең? Тез жауап беру үшін елең етем. Уды да айналдырған бал шәрбатқа, Не деген тәуелсіздік керемет ең!

* * *

Есейген халіміз бар жас баладан, Батылдық байқалады бастамадан. Алауы азаттықтың жарқырады, Нұр тарап Алматы мен Астанадан. Көрді әлем: дүниенің әр тұсынан, Тау-дала хабарлы боп аң-құсынан. Көрді әлем; қазақ деген халық барын, Асығы түскендігін алшысынан... Көрді әлем: Астананы асқақтаған, Ойласа бойларына ас батпаған. Бір келіп кеткен адам дәмін татып, Сағынып жанарына жас қаптаған. Көрді әлем: Бәйтерегін, монументін, Ұл-қызы қыран мінез бәрі де еркін. Көкірегі күй секілді күмбірлейді, Ашатын ажар беріп әні көркін. Көрді әлем: Хан-Тәңірі, Көкшесін де, Ордендей жарқыраған көк төсінде. Ұзаққа жүгіретін сәйгүліктей, Өмірі дақ түспеген өкпесіне... Көрді әлем: Каспийімді, Аралымды, Арқаның арнасымен дән ағылды. Айтады төрешілер төрден билік, Жаратын жалғаны жоқ қара қылды. Атасаң Ертіс, Іле, Сыр, Жайықты, Даңқына дариясы бар лайықты. Түйелер Қызыл құмда шеру тартты, Кәдімгі елестетіп Құм-қайықты. Көрді әлем: Ақорданы айбаттанған, Түсіріп ақ сәулесін Ай мақтанған. Достықтың, берекенің басы болып, Қолына “адамзат” деп байрақты алған.

* * *

Осынау жиырма жыл әр басқаның, Біз көрдік жақсылыққа жалғасқанын. Байырғы бабасының мекеніне, Ат басын бұрды нақтап қандастарым. Өсектер артта қалып, алып қашты, Жеткізді мәртебеге ғарып басты. Мал өріп, отар-отар өрісім де, Отандық өндірістер қалыптасты. Бағбандар жеміс алды бақта мақтар, Шаң жұқпас шашасына шапқан аттар. Көгімнен көтерілді әр құрлыққа, Алысқа сапар шегіп ақ қанаттар. Көрінді елдігімнің ерендігі, Байқалды білімінің тереңдігі. Ертеңгі атар таңның тыныштығын, Қорғаған көз нұрындай Ел ерлігі. Достық пен бейбітшілік қалағаны, Күзетіп ел іргесін қарағаны. Баянды тәуелсіздік беріктеліп, Қымталды құс ұшпастай бар алабы. Бөгденің дақпыртына сыйынба құр, Ат басын арман қуып қиырға бұр. Таңбасын бастың тағдыр таңғажайып, Тарихты таңғалдырған жиырма жыл!

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, Қазақстан Жазушылародағының мүшесі.

Алматы.