Өмір деген – өсу, даму, жаңару. «Елу жылда – ел жаңа». Он жасымнан бергі көргендерімнің өзі қиял-ғажайып дүние. Мен өскен Үшарал ауылы негізінен қой шаруашылығымен айналысатындықтан, Талас асыл тұқымды қой зауыт деп аталатын. Аса бағалы қаракөл елтірісі бүкіл Одаққа жіберілетін. Иен далада қысы-жазы көшіп-қонып жүретін, жайлау, қыстауда жалғыз үй болып отыратын шопан өмірі маған жақсы таныс. Ол кезде жөнді жол да жоқ, техника тапшы, электр жарығы жете бермейді. Азық-түлік, ауыз су мәселесі тым күрделі. Қараңғы түнде жортатын қасқыр да көп. Жылан, шаян дегеніңіз өріп жүреді. Қыста – боран, жазда – аптап, киіз үйді солқылдатып ұшырып жібере жаздайтын даланың дүлей дауылы тағы бар. Әсіресе, балалары ауырып, әйелдері толғатып қалса, тіптен қиын. Қазақтың «үш жыл қой баққаннан ақыл сұрама» дейтіні де сондықтан шығар. Осының бәрін білгендіктен де, Кеңес өкіметі қойшыларды ынталандыру үшін біріне кілем, біріне автокөлік, біріне орден-медаль беріп, жиі марапаттап жататын. Бір ғана Талас ауданы бойынша 56 Социалистік Еңбек Ері атағы мал шаруашылығы еңбеккерлеріне, шопандарға берілді. Бірақ сол ауыр бейнеттің иелері «баламыз мал бақсын, шопан болсын» – демейтін еді. Айтатындары «балам білім алсын, үлкен шаһарда тұрсын, үлкен адам болсын» еді.
Үшарал мектебінің жанынан малшылардың балаларына арналған интернат ашылған. Онда кілең қазақ балалары жатады. Ауылымызда сталиндік депортация кезінде еріксіз қоныстандырылған оннан аса ұлт өкілдері тұрады. Бұрыннан мекен тепкен орыстарымыз да бар. Үйінің бір шетін босатып беріп, өз несібесінен бөліп, аузына тосып, барынша бауырына тартқан жұртты көріп, мұндай да мейірбан, кеңпейіл халық болады екен-ау, – деп жүректері жылыған олар да бір үйдің баласындай жарасып кеткен еді. Ата кәсібі болмаған соң ба, бұлардың ешқайсысы қой бақпайды, бірақ игілігін көреді. Біздің халқымыз еш ұлттың өкіліне қысым-қыспақ көрсетпеген. «Ол да адамның баласы ғой» – дейді. Жер басқан пенденің бәрі Адам Атадан тарайтынын меңзейді. Имандылық пен ізгіліктің шынайы көрінісі осы емес пе?
Ауылымызда қазақ және орыс мектептері болды. Бүкіл елді-мекенде бір ғана кітапхана бар. Шетімізден кітапқұмармыз. Жаңа түскен шығармаларды кезекпен оқимыз. Біз білімге шын құштар болдық. Ішіне шоқ салатын шойын үтік болатын. Әрі-бері сермелеп, қыздырып жіберіп қызыл галстугымызды «қатырып» үтіктеп мектепке қарай асығатынбыз. Сабақтан бос кезде ауыл ортасындағы жалғыз құдықтан қыздар иінағашпен қаздай тізіліп су тасиды.
«Құмөзектің» ар жағында күмбезі биік келісті мешіт бар. Мал кірмесін деп есігін ағашпен қағып тастаған. Адам кіруге рұқсат жоқ...
Біздің білімге сусап тұрған жан дүниеміз бен ұстаздарымыздың мүдделері де сай келді. Қандай керемет мұғалімдерден сабақ алғанбыз! Директорымыз Ермек Дүрімбетов таң қараңғысынан мектепке келіп, шам жағатын. Содан кейін басқалар біртіндеп келе бастайтын. Әлі күнге дейін есімде – ол кісінің сабақтан қашқан баланы атына міне салып, қайтарып келетіні. Өз істеріне шексіз берілген ұстаздарымыз – аса жақсы ән салатын жаратылыстану пәнінің мұғалімі Әмірбек Байгелдиев, әскери теңізші болған, темірдей тәртіптің адамы орыс әдебиетінің білгірі Истайбек Исимбаев, домбыраның құлағында ойнайтын математик Жаңабек Әбдірайымов, Абай өлеңдерін жатқа айтудан жалықпайтын әдебиетші Керімби Амантаев, аса сұлу апайымыз, неміс тілінің мұғалімі Раиса Абаева және басқалары біздің сапалы білім алуымыз үшін бүкіл қайраты мен махаббатын жұмсайтын еді. Бұл кісілер мұғалім, ұстаз деген ұғымға шын мәнінде лайық болатын. Сол кісілердің жүрегімізге жаққан білім шырағын өшірмей, біз оқуды жалғастыру үшін Қазақстанның түкпір-түкпіріне аттанған едік.
Мен сол кездегі Жамбыл қаласындағы медучилищеге оқуға түстім. Сабақ тек қана орыс тілінде жүреді. Ауылдық жерлерден келген жастардың көбі орыс тіліне шорқақ еді. Оқу оңай болған жоқ. Химия пәнінің мұғалімі қоғамға көңілі толмайтын, көзі қарақты орыс ұлтының өкілі еді.
Ты и убогая...
Ты и забитая...
Матушка – Русь! – деп, Н.Некрасовтың атақты өлеңін үзіп, күйзеліп қайталап отырғанда, біз де оның сөзінің астарын аңғарғандай болатын едік.
Қала тұрмысы да жүдеу еді. Оқуға, өмірге деген құштарлығымыз тапшылықты білдірмей, жақсылыққа талпындық.
Осы оқу орнының қабырғасында жүріп, қалалық өнер байқауында өз өлеңімді оқып, алдыңғы орынды иемденіп, мақтау қағазын алдым. Облыстық «Еңбек туы» газетінің жанындағы әдеби үйірмеге қатысып жүрдім. Баттал Жаңабаев, Мейірхан Қуанышбаев, Кәрім Баялиев, Анарбек Айтбаев, Жақсылық Сәтібеков, Әлдихан Қалдыбаев сынды ағалардың жылы лебіздерін естідім. Әдебиет бөлімінің меңгерушісі, ақын Өкім Жайлауов ағамыздың алғысөзімен бір топ өлеңдерім облыстық газетте жарық көрді. Киелі Әулиеата өнердегі жолымды ашты.
Медучилищенің үшінші курсында жас ақын ретінде Алматыда өткен Қазақстан жазушыларының V съезіне делегат болып қатыстым. Үлкен өнердің есігін ашып, әдебиет әлеміне қадам басқанымды түсіндім. Ол кезде ақын-жазушыларға қамқорлық айырықша еді. Өйткені, олар кеңестік идеологияның жыршылары болуға тиіс еді. Солай болды да.
Тараздың тар көшелері, пешпен жылитын аласа үйлері жабырқаулы көрінетін. Адамдардың бәрі бір ізбен жүретін сияқты еді. Бүгінгідей биік үйлер, көрікті өнер-білім ордалары аз болатын. Шағын дүкендерден керекті затымызды таба алмасақ та, қалаған киімімізді кие алмасақ та, білім алып жатқанымызға қатты қуанатын едік. Біздің ең үлкен байлығымыз – жастығымыз еді.
Ол кездегі жастардың арманы – Алматыда оқу. Білімге деген құштарлық мені де Алатаудың аясындағы сұлу қалаға алып келді. Қазақтың ұлттық университетінің журналистика факультетіне түстім. Мұнда да тамаша ұстаздардан дәріс алдық. Бір ғажабы, ол кезде ұстаз бен шәкірт арасында бір-біріне деген керемет ықылас, пейіл болатын. Біз құрметтей білдік, ол кісілер балапандай баули білді.
Тұз-дәм бұйырып, Алматыда қалдық. Шаңырақ құрып, қызметке тұрдық. Ең жақсы жылдарымыз пәтер іздеумен өтті. Алматыға берік орнығып алған дядя Ваня, тетя Сималар бөпесі бар жас отау иелерінен ат-тонын ала қашады, қонағыңды да ұнатпайды. Орысша сөйлеуімізді талап етеді. Өз атымызбен атамайды. Коля, Гуля дейді. Көнбістігімізді біледі. Қанша төзімді болсақ та, намысымызға тиген сайын біз де ширыға түсеміз. Ұлтымызды, даламызды онан сайын жақсы көреміз.
Алғашқы жыр жинақтарым шыға бастады.
Ыстық мекенім!
Тыныштығыңды бұзбауы үшін бөтен үн,
Басымды тігіп өтемін...
Бақытым менің –
Бабамның байтақ мекені
Өзімнің жерім, ұлымның жері екені!
Осындай шумақтарды сыналап кіргізіп, жүрек түбіндегі арманды білдіреміз.
Нені жазуға болатынын, нені қозғамау керек екенін жетемізге жеткізіп қойған заман! Жазғаныңның жіті қадағалаудан өтетінін білетіндіктен де өзіңнің ішіңде де бір қырағы көз болатын.
Абайлап сөйлеуімізге себеп – алдыңғы толқынның қасіретті тағдыры.
Асыл елім! Жаным саған шын құштар,
Бәйтерек боп көгермейді сынғыш тал.
Атан түйе алтын берем десе де,
Қасиетіңді кемітпеспін бір мысқал!
Бұл ақынның ішкі серті.
Кейінірек:
Адамдарды құртады құлай ұқпау,
Алда әлі – ұлы үкім, ұлы айыптау.
Біздің ғажап даламыз жанпида боп,
Сүю менен қорғауға лайықты-ау! – деген жолдар жазылды. Мұның бәрі мұңлы кезеңнің жүрекке тиген сызынан туған...
Ол кезде лауазымды, жауапты жұмыстарға орыс тілін білмесең, коммунист болмасаң қоймайды. Оның өзінде Мәскеудің рұқсаты керек. Шет елге шығу да өте қиын болатын. Ілуде бір шыға қалсаң, қазақпын десең, ешкім білмейді, «Совет Одағынанмын» десең, «е, дұрыс екен, онда ұлтыңыз русь екен» – дегендей сөз айтатын.
Көнбістігімізді сынап, шыдамдылығымызды шыңдап алайын деді ме, әлде одан да сұм пиғылы болды ма, кім білсін, 1986 жылдың аяғында Кремль ұялмай ұйғарып, қызармай қарманып Қазақстанға жаңа басшы жіберді. Дәл мұндай көпе-көрнеу қиянатты күтпеген елдің еңсесі түсіп кетті. Жас қырандар сілкінді. Еркіндікке ұмтылды. Өктемдік намысты түрткілеп, ұйыстырды ұлтымды.
Қазақ деген текті елдің, азаткер ұлттың, жерінің көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орынды алатын ұлан-ғайыр даланы ұстап қалған жауынгер елдің өзінің ішінен лайықты бір көшбасшының табылмауы мүмкін бе еді?! Қалайша намысың келмейді, қалайша ышқынбайсың? Бірақ жауына қатты қасарған, қасарған сайын жасарған, найзамен нағыз қазақтың намысын кімдер баса алған?! Ақ қар, көк мұзда алаңға шығып, қаймықпай қарсылық танытқан жастардың асқақ рухы Алматының аспанын кернеп тұрды.
Дәл сол күндері менің баспадан шыққалы тұрған «Арғымақтар даласы» атты кітабымның қол қоятын данасы келе қалған екен. Редакторым әбіржіп үйге телефон шалды. «Алаңдағы жастардың ұраны сенің кітабыңның бірінші бетіндегі өлеңде тұр екен. Цензураның көзіне түсіп қалыпты, тез жет!» – деді. Бардым. Бірінші беттегі «Халық» деген өлеңнің екінші шумағы мынадай еді:
Халық күші қашаннан десең де ерек.
Бір перзенті биіктеп өсер бөлек.
Қанша ұлы, қанша көп болса дағы,
Әр халыққа кемеңгер көсем керек!
«Не осы шумақты аласың, не кітап шықпайды және кітапта қазақ деген сөз көп. Қазақ туралы өлең көп, біразын қысқартып, бір-екі саяси өлең қос», – дейді. Амалсыз біразы өзгертілді, ауыстырылды. Іш қазандай қайнады.
Е, Аллаға шүкір, әділет бар екен!
Мына жердің бетінен талай өркениет жойылып, менменсіген талай империя күйреп, құрып кетпеп пе еді?
Ауқымына адам санасы жетпейтін бүкіл ғаламның иесі, жер бетіндегі тіршілік атаулының да билеушісі Ұлы Жаратушының жарылқауымен бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап-көксеген Тәуелсіздікке қол жеткіздік!
Атырау-Алтай арасы дүр етіп түгел сілкінді. Бесікте жатқан бала да бостандық сұрап бұлқынды. Бұлттардың қалың қабаты парша да парша жыртылды. Оң жағымыздан Ай туды, сол жағымыздан Күн туды.
Сол күндердегі халықтың көңіл толқынысын сөзбен айтып жеткізу қиын. Ұлт тарихындағы Ақ жарылқап Күн туған ұлы қуаныш еді! Жаныммен толқып, жүрегіммен тебіреніп, жылап отырып жыр-дастан жаздым. Бар малын, алтыны мен күмісін сыпырып беріп, жер ауып, тентіреп кеткен нағашы атамның кегі жатушы еді жан түкпірінде мұздай болып. Жетім қалып, Жамбылдағы балалар үйінде тәрбиеленіп, жәутең көз болған шешемнің шері бар еді көзімде. Бодан болған халқымның қасіреті бар еді жүрегімде.
Егілдім де, төгілдім. Елдің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа жыр арқылы аманат арттым.
Тұқыртқанға көнбеді тұлпар-тағдыр.
Сол тағдыры халықтың Сізге – аманат!
Осы толғаудың жазылғанына да жиырма жылдың жүзі болыпты. Біздің арманымыз асқақ, үмітіміз үлкен еді. Бірақ осынша аз уақыттың ішінде дәл бүгінгідей ғаламат өзгерістер болар, – деп ол кезде өзіміз де елестете алған жоқ едік.
Аяп, сүйіп
Қараймын саған, мекен,
Көңіліме кіреді алаң бөтен.
Бұл ғаламда бақытты елдер қанша...
Иығың тең солармен болар ма екен?!
Дәл сол кезде жас тәуелсіз мемлекеттің жағдайының қалай боларын болжау да қиын еді.Онсыз да тұралап тұрған одақ тараған соң елдің жағдайы күрт төмендеп кеткен-тұғын.
Ақынның сөзі заманынан бұрын туатыны рас шығар.
«Әр халыққа кемеңгер көсем керек», – деп жәй ғана жаза салмаған екенбіз. «Сөздің жаны бары» шын болып шықты.
Халық сайлаған тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгерлігін бұл күнде әлем саясаткерлері мойындады.
Астана идеясының тууы мен оның жүзеге асуы туралы Президент өзінің «Қазақстан жолы» атты кітабында зор махаббатпен, қарапайым тілмен баяндайды. Қала сәулетіне қатысқан адамдарға, қолдау көрсеткен Қазақстан халқына ризалығын білдіреді.
Астанасын аз уақытта өзінің қалауымен, өзінің қолымен асқақтатып салған азат халықта арман бар ма? Сарыарқаның төсіндегі шаһардың жақұттай жарқырап, күллі әлемге танылуы халықтың мерейін тасытты. Әсіресе еліміз Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығын сәтті аяқтап, Арқаның ақ боранына қарамай, Астана Саммитін өткізіп, төрткүл дүниені Қазақстанға қаратқан күндердегі көңіл күйіміз айырықша жоғары еді. Қырандай көкке қарап дүр сілкінген, қазақтың таңғажайып дәуірі еді бұл.
Біліммен, парасатпен заманыңа ер.
Асыл ер асқар шыңды ала білер.
Ерлігін Елбасының көргің келсе,
Есілдің бойындағы қаланы көр!
Білім мен ғылымның арқасында соңғы жарты ғасырда ғана дүние, әлем адам айтқысыз өзгерістерге куә болды.
Тәуелсіздіктің 20 жылында Қазақстан халқы дамудың даңғыл жолына түсті.
Бұл күндері ауылдың да, қаланың да келбеті өзгерген. Үшаралдағы баяғы құлыптаулы тұратын Абдолла Ишан мешіті «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтіп, имандылық пен тазалықтың төріне айналған. Әр үйдің алдында бір-бір құдық, бір-екі темір көліктен тұр. Жолдары жақсы. Мектеп компьютерлендірілген. Базары жайнап тұр.
Мал басы қайта көбейе бастады. Жайлаудың да, өрістің де өз иесі, өз қожайыны табылды. Бір қызығы, ауылда мал көбейгенімен, мал бағатын қойшы табу мәселеге айнала бастады. Бұл өмірде әркімге өзінің қабілетіне лайық орын бар. Сондықтан малын берекеге айналдырып, жаңаша базарлай білетін елдердің озық дәстүрлерінен үйрену де ләзім.
Бұрынғы Жамбыл қаласы 2007 жылы Елбасының Жарлығымен өзінің ежелгі Тараз атын қайтып алды. Ал 2002 жылы қаланың 2000 жылдық тойы өтті. Азаттықтың арқасында келген әділетті жеңіс еді бұл.
Тарихы тереңге тартатын көне Тараз бұл күнде жаңа дәуірді бастан кешуде. Қала сәулетті ғимараттарымен, білім ордаларымен, жаңа ықшамаудандарымен жылдан-жылға қанатын кең жайып келеді. Мысалы, бүгінде біз тұрып жатқан ықшам ауданның орны бұрын құлазып бос жатқан жер болатын. Жиырма жыл ішінде осы жер адам танымастай өзгерді. Сәнді де сәулетті тұрғын үйлер пайда болды. Оның іргесінен қала тұрғындары бір мезгіл серуендеп, көңіл көтеретін, ән мен күй тыңдап, рухани демалатын Қазақстанның Тұңғыш Президенті саябағы ашылды.
Тараз тұрғындарының рухы биік, ылғи да жүздері жадырап, жайнап жүреді. Сөйлесе қалсаң ағынан жарылып, жан дүниесін жайып салады. Адал еңбек етіп, ұлдарын үйлендіріп, қыздарын ұзатып, тойларын өткізіп, шат-шадыман өмір кешеді.
Облыс әкімі Қанат Бозымбаев – жаңа көзқарастың адамы. Әлемдік озық үлгілер мен жаңа технологияны Жамбыл жеріне енгізуге аса мүдделі. Жауапкершілік пен тәртіп, адалдық пен әділдік жас әкімнің өзіне де, өзгеге де қоятын басты талабы. Оның оң ниетін халық та мақұлдап, өңірдегі тындырған нәтижелі істеріне риза болып, қоғамның одан әрі ілгерілеуіне ынта-ықылас танытып отыр. Облыс көлеміндегі өнер адамына деген қамқорлық та өз деңгейінде. Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығына орай облыс әкімдігінің қолдауымен «Жайна, Қазақстан» атты жыр жинағым шықты. Жамбыл облысының Астанада өткен күндерінің аясында Н.Ә.Назарбаев Университетінде кітаптың тұсаукесері өтті.
Назарбаев Университеті Тәуелсіз Қазақстанның болашағына кепіл болатын, Қазақстанның интеллектуалдық көшбасшыларын дайындайтын әлемдік деңгейдегі университет. Кездесуді қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы Гүлтас Сайынқызы ашып, белгілі ғалым, профессор Серік Негимов жүргізіп отырды.
Университетте сабақ мемлекеттік тілде жүргізілетіні қатты қуантты. Кездесуде сөйлеген оқырмандардың қазақ тілінің майын тамызып, шешендікпен, көркем теңеулермен көсілгенін көргенде, төбем көкке жеткендей болды. Мұнда мемлекеттік тілдің мәртебесінің жоғары екендігіне көзім жетті.
Әлемнің ең таңдаулы университеттерімен деңгейлесе алатын бұл оқу орнында білім алатын жас ұрпақ бақытты ғой деп ойлаймын. Бұрын «Болашақ» бағдарламасымен шет елдерде оқысақ деп армандайтын жастар қазір өз елінде де білімнің биік шыңына жете алады. «Жақсы оқыңдар, үлкен қалада білім алыңдар» деп өткен әкелеріміздің өсиет-тілектерінің сәтті жүзеге асуына тәуелсіз елде толық мүмкіндік жасалған. Интернеттік жүйе қатты дамыған дәуірде сапалы білім алу саналы жасқа қиын емес.
Сана көзімен заман түбінен сыр ұқтым.
Сабағы мықты адамзат салған ғұрыптың.
Келешек ұрпақ, сенің құтың мен қуатың
Кемелдігінде білімнің,
сұлулығында рухтың!
Байтақ Қазақстанның оқу орындарында оқып жатқан жастардың бойында отансүйгіштік қасиеттің қалыптасуы – өте маңызды. Бүгінгі жаһандану жағдайында ұлттық ерекшелігімізді, рухани табиғатымызды таза сақтап қалуымыз, бәсекеге қабілетті ел болуымыз – жастардың кемел біліміне, сананың тәуелсіздігіне байланысты.
Өз тарихын біліп, өз тілінде сөйлеу, өз ғұрпын ұстап, өз дінін сыйлау – үлкен мәдениет. Шетелге шығып, оқып келген жастар мұны жақсы біледі. Әрбір тұлға – өз елінің өкілі. Олай болса, біз де қазақ қалпымызды сақтап қалуға міндеттіміз.
Қазақ болу, қазақты сүю, Қазақстанға қызмет ету – әрі мақтаныш, әрі қуаныш!
Бұлбұлдай әуез төккен лағыл таңда,
Бұл дұғам жамандықтан арылтар ма?
Ақ ұлпа қар жауып тұр!
Ақ нұрыңмен
Қазақты жарылқа, Алла, жарылқа, Алла!
Күләш АХМЕТОВА, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Тараз.