Астанадағы «Қазмедиа» орталығында «Азия медиа диалогы» атты халықаралық шара басталды. Жиында Орталық Азиядағы радионың бүгіні мен ертеңі, медиа саласындағы ортақ мәселелер талқыланбақ. Осыған орай елордаға Еуропа мен Азия радиоларының басшылары жиналды.
Жалпы, аудиторияны зерттеу, радио форматын қалыптастыру, озық тәжірибелерді ескеріп, телерадиохабар тарату саласын заманға лайық дамыту мәселелерін талқылау үшін 40 елден 150-ге жуық сарапшы келді. Бұл туралы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлім етті.
Іс-шара аясында шілденің 9 күні Түркияның ТРТ радиосы мен «Қазақ радиолары» ЖШС басшылығы бейресми кездесу өткізді. Көршілес елдегі радио саласының мамандары Астанадағы этноауылды көріп, қазақтың салт-дәстүрімен кеңінен танысты.
Түркия радиолары басқармасының басшысы Ахмет Акчакая: «Бізді «Қазақ радиоларының» әлеуметтік желідегі жұмысы қызықтырып отыр. Интернеттің радио имиджіне берер пайдасын көріп, болашақта осы салада міндетті түрде тәжірибе алмасатынымызды айтқымыз келеді. Ал, біздің осы елге келген басты мақсатымыз – Түркия радиолары мен «Қазақ радиолары» арасында ынтымақтастық орнату», деді.
Айта кетейік, осы жылғы мамыр айында «Қазақ радиолары» ЖШС делегациясы Түркияға барып, Малатия қаласында Түркия елдері радио фестивалінің құрметті қонағы болған-ды.
«Егемен-ақпарат»