Еліміздің әскери ЖОО-ларында қазақстандықтар үшін жаңа әскери мамандықтар қолжетімді болып отыр. Оның ішінде, биылғы жылдан бастап Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасын іске асыру шеңберінде және Қазақстан Қарулы Күштерін ақпараттық технологиялар саласы мамандарымен қамтамасыз ету мақсатында алғаш рет «Бағдарламалау» біліктілігін бере отырып, «Киберқауіпсіздік» мамандығы ашылды.
Қорғаныс министрлігі Кадрлар және әскери білім департаментінен хабарлағандай, Қорғаныс министрлігінің әскери ЖОО-лары мен Кадет корпусына оқуға түсу үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен 3000-ға жуық адам құжат тапсырған. Олардың барлығы бөлінген 865 орынға үміттеніп отыр. Ағымдағы жылғы 20 шілдеден бастап бозбалалар төрт кезеңді қамтитын іріктеуден өту үшін оқу орындарына келе бастайды. Егер азаматтық жалпы білім беру мектептерінің түлектері алдын-ала медициналық куәландыруды өздерінің өңірлерінде өтсе, кәсіби психологиялық іріктеу, дене дайындығын, түбегейлі медициналық куәландыруды оларға тікелей білім алатын ЖОО-да өтуге тура келеді.
Ағымдағы жылы алғаш рет Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына «Аударма және аударманы жүргізу», «Геоақпараттық картография», «Ғарыштық кешендер желілері мен байланыс жүйелері» және «Жерүсті әскерлердегі емдеу ісі» мамандықтары бойынша қыз балаларды қабылдау жүзеге асырылады. Аталмыш іріктеу Алматыда Құрлық әскерлері әскери институтының базасында өтетін болады. Оқыту аяқталған соң қыздар әскери қызметті Қазақстанның Қарулы Күштері қатарында жалғастыратындарын айта кету қажет. Білікті мамандар болуының, сондай-ақ бәсекеге қабілетті білікті мамандарды даярлаудың маңыздылығын түсіне отырып, Қарулы Күштер құрылған сәттен бастап әскери білім беруді дамытуға ерекше мән берілді.
Нәтижесінде 26 жыл ішінде Қазақстанда Қарулы Күштер дамуының келешегіне сай келетін әскери кадрларды даярлаудың ұлттық жүйесі құрылды. Жүйе үздіксіз білім беру процесін қамтамасыз етеді және «Білім беру туралы» Қазақстан Республикасының заңында қарастырылған бес деңгейді қамтиды. Бұл орта білім, техникалық және кәсіби, жоғары білім – бакалавриат, жоғары оқу орнынан кейінгі білім – магистратура және докторантура, сондай-ақ қосымша білім – әскери кафедралар, қайта даярлау және біліктілікті арттыру.
«Егемен-ақпарат»