Моңғолияның Баян-Өлгей аймағының орталығы Өлгей қаласында нөсер жауынның салдарынан 530 үйді су басып қалған. Табиғи апат кезінде 2512 адам эвакуацияланып, мектептер мен балабақшаларға орналастырылды. Апат салдарынан келген шығын көлемі алдын ала болжам бойынша 4 млн АҚШ долларынан асып отыр.
Нөсер жаңбыр шілденің 14-інен бастап жауған. Жаңбыр салдарынан алғашқы күні 275 үй мен қора-қопсы су астында қалса, 16 шілде күнгі жаңбырдан соң су басқан үйлер саны 530-ға жетті. Моңғолияның МОНЦАМЭ агенттігі таратқан деректерге қарағанда, табиғи апат кезінде 170 адамға медициналық көмек көрсетілген. Қазіргі таңда аймақ басшылары, аймақтың төтенше жағдайлар жөніндегі қызметінің мамандары, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері таудан келетін тасқынды Қобда өзенінің арнасына қарай бұру шараларын ұйымдастырып, күні-түні кезекшілікте тұр. Метеорология қызметінің мамандары нөсер жаңбыр аталған аймақта шілденің 21-іне дейін қайталануы мүмкін екендігін хабарлауда. Бұл өз кезегінде өңірде сел қаупін күшейтіп, апат шығындарын молайтып жіберуі мүмкін. Қазіргі кезде қалада 100-ге жуық техника апат зардабын жоюмен айналысып жатыр.
Өлгей қаласының кейбір аудандарын 2016 жылы да су шайып, тасқынның салдарынан бір бала көз жұмған болатын. Сол жылы Қазақстан Үкіметі сел жүрген Баян-Өлгей аймағына 200 мың АҚШ доллары көлемінде гуманитарлық көмек берген еді. Ал қазақстандық белсенді азаматтар 2,5 млн теңге, Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері мен қоғамдық ұйымдары 3 млн теңге қаржылай көмек көрсеткен-ді. Сонымен қатар қазақстандықтар табиғат апатынан зардап шеккен қандастарға киім-кешек пен керек-жарақ жеткізіп берген болатын. Биыл да қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, басына іс түскен бауырларға жәрдем ұйымдастыруды бастап кеткен азаматтар бар.