• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Шілде, 2018

Қош, мұзайдынның мұзбалағы

355 рет
көрсетілді

Кеше қазақ спорты орны толмас ауыр қазаға ұшырады. 2014 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен Қысқы Олимпия ойындарының қола жүлдегері атанған мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қайтыс болды. миллиондаған жанкүйердің жүрегінің төрінен орын алған талантты спортшы жақында ғана 25 жасқа толған еді... 

Алматы қалалық Ішкі істер департаменті өкілдерінің мәлімдеуінше, оқиға бейсенбі күні күндізгі сағат 15:00 шамасында Алматы қаласындағы Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында болған. «Денис Юрьевич Тен көлігінен айна ұрлап жатқан анықталмаған екі адамның үстінен түскен. Жанжал барысында Денис Тенге пышақ жарақаты тиген. Осы дерек бойынша тергеу басталып, күдіктілерді ұстауға бағытталған барлық шара жүргізіліп жатыр», деді ІІД өкілдері.

Ал Алматы қалалық Ден­сау­лық сақтау басқармасы таратқан мәлімет бойынша, 19 шілде күні Жедел жәрдем стансасының пультіне сағат 14:56-да пышақ жарақатын алған адамға байланысты шақырту түскен. Оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы шұғыл түрде аттанып, науқас Денис Тен жедел жәрдем көлігімен Орталық қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлердің алдын ала диагнозы бойынша, оған оң жақ жоғарғы санының жарақаты, сан тамырларының жарақаты және қан жоғалту диаг­нозы қойылған.

Осы оқиғадан екі сағаттан кейін Алма­­ты­дағы Орталық қалалық клиника­лық ауруханада Денис Теннің қай­тыс болғандығы туралы суыт ақпарат хабар­ланды. Аталған аурухананың бас дә­рігерінің орынбасары Ержан Құтты­ғожиннің айтуынша, Денис Тен ауру­ханаға сағат 15.23-те жеткізілген. «Мар­құмның барлық туысы мен жақынына көңіл айтамын. Кенеттен келген өлім болды. Клиникаға аса ауыр жағдайда түсті. Екі сағаттан аса уақыт бойы жүрегі мен өкпесіне жансақтау шаралары жүргізілді. Бірақ, амал не, қайтыс болды. Өмірлік маңызы бар органдарындағы жарақаттардың салдарынан естен танып қайтыс болды», деп түсіндірді дәрігер.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов спортшы Денис Теннің қазасы туралы түсінік берді. «Бүгін сағат 14:56-да жедел жәрдем қызметіне көшеде белгісіз адамның пышақ жарақатымен жатқаны туралы хабар келіп түсті. Екі минутта шақыру бригадаға жіберілді және 10 минутта жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына жетті. 11 минутта науқас жедел стационарға жеткізілді. Жедел жәрдем машинасында реанимациялық шаралар жасалды. Жол үстінде ауруханаға хабар беріліп, науқасты хирургтар тобы күтіп алды. Дәрігерлер бірден ота жасап, екі сағат бойы жансақтау бөлімінде спортшының өмірі үшін күресті. Бірақ қанды көп жоғалтқандықтан, 17:30-да Денис Тен қайтыс болды. Дәрігерлер тарапынан барлық көмек толық көрсетілді. Бірақ жедел жәрдемге хабар берілгенше спортшы көп қан жоғалтқан еді. Қанның көп кетуі қашанда өмірге қауіп төндіретін факторлардың бірі. Оқиғаның егжей-тегжейі патологиялық-анатомиялық зерттеуден кейін анықталады», деді министр.

Денис Теннің қазасына бай­ла­нысты Мә­дениет және спорт министрі Арыстан­бек Мұха­ме­диұлы пікір білдіріп, туған-туыс­тарының қайғысына ортақтасып көңіл айтты.

«Дарынды мәнерлеп сыр­ға­наушы, біздің спортымыздың аңызы Денис Тен дәрі­герлердің барын салғанына қарамас­тан, қайтыс болды. Оның жасы енді ғана 25-ке толған еді... Барлығы да оны жақсы көруші, құрметтеуші еді. Осыдан бір ай бұрын ғана Астанада «Денис Тен және оның достары» атты мұзды шоуы өтті. Оған әлемнің түрлі елдерінен мәнерлеп сырғанаушы жұлдыздар және атақты жаттықтырушы Татьяна Тарасова келді. Денистің мұзды шоуы Астананың 20 жылдығына арналды. Ал бүгін біздің «алтын бала» Денис баукеспе ұрылардың қолынан қаза тапты...», деп жазды министр фейсбуктегі парақшасында. 

Мәнерлеп сырғанаудан жастар және ересектер арасында бірнеше дүркін ел чемпионы атанған Денис Тен маусым айының 13-і күні 25 жасқа толған. 2011 жылы Астана мен Алматыда өткен Қысқы Азия ойындарының чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионатының жүлдегері, 2014 жылғы Сочи Олимпиадасының соңғы күнінде қоржынға қола жүлде салып, Қазақстан құрамасының спортшыларын елге жүлдесіз қайтудан сақтап қалған болатын. Сондай-ақ Денис 2015 жылғы Төрт құрлық чемпионатында топ жарған. Халықаралық конькимен сырғанау одағына (ISU) енетін түрлі халықаралық турнирлердің жеңімпазы және жүлдегері атанған. Был­тыр ғана елімізде дүркіреп өт­кен Қысқы Уни­версиадаға қаты­сып, Қазақстанға алтын жүлде сый­лаған еді.

Денис Тен 2011 жылы Қазақ­­стан Рес­пуб­ликасының Тәуелсіз­ді­гіне 20 жыл медалімен, 2013 жы­лы Атырауда өткен «Менің Қазақ­станым» атты VI рес­пуб­ликалық патриоттар форумына қатысып, «Қазақстанды әлемге танытқан» аталымы бойынша марапатталған. 2014 жылы Мәдениет және спорт ми­нистрлігіне қарасты Спорт жә­не дене шынықтыру істері коми­те­тінің «Жыл спортшысы» ата­ғын жеңіп алған. Дәл сол жылы Со­чи Олимпиадасының қола жүл­дегері атан­ғаны үшін оған «Құр­мет» ордені берілді. 2015 жылы Қазақстан халқы Ассам­блеясының 20 жылдық медалі мен 2017 жы­лы Қазақстан Республикасы Үкі­ме­тінің № 821 Жарлығымен Де­нис Тен «Спорт» номинациясы бо­йын­ша «Дарын» мемлекеттік жас­тар сыйлығына ие болды. Сон­дай-ақ Денис Тен Қазақстан Рес­пуб­ликасына еңбегі сіңген спорт шебері.

Денис Теннің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты «Егемен Қазақстан» газеті ұжымының атынан марқұмның отбасына, туған-туысқандарына қайғырып көңіл айтамыз.

Қош бол, Денис!

Cерік ЖАРАСБАЕВ, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы:

– Қазақстан халқы, қазақ спорты ауыр қайғыға душар болды. Орны толмас қаза. «Ажал айтып келмейді» деген осы болар. 25 жасында әлемге аты әйгілі, мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан спортының тарихында Олимпиададан медаль алған алғашқы спортшы Денис Тен өмірден озды. Бұл оқиға соңына дейін зерттеліп, қылмыскерлер ұсталады деген сенімдеміз.

Қазақстан Республикасы Мә­дениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті атынан мар­құм­ның отбасы, туған туыстарына қайғырып көңіл айтамыз.

Бақтияр АРТАЕВ, бокстан Олимпиада чемпионы:

– Денис Тен інімнің өткенде ғана 25 жасқа толған туған күнінде бірге болып, аз-кем әңгімелесіп, ой бөліскен едік. Сол кезде әңгіме арасында «Қуаныштың бәрін жақсы көремін» деп айтып қалып еді. Бүгін, міне, өмірден озғаны туралы суыт хабарды естіп, есеңгіреп отырмыз. «Жалған дүние» деп осындайда айтатын шығар... Өйткені ештеңе мәңгі емес. Әр нәрсенің өлшеуі бар. Алланың Дениске өлшеп берген өмірі осы болды. Әрине болмайтын дүние үшін алтын баламыздың өмірден өтіп жатқанына қабырғамыз қайысып, жүрегіміз ауырады. Марқұмның ата-анасына бекем, сабырлы болыңыздар деп айтқым келеді. Денистің аты біздің жүрегімізден мәңгі орын алады. Оны ешқашан ұмытпаймыз!

Евгений ПЛЮЩЕНКО, мәнерлеп сырғанаудан екі дүркін Олимпиада чемпионы:

– Қандай масқара! Тіпті, айтарға сөз жоқ. Денис Теннің ата-анасына, туыстарына, достарына және жанкүйерлеріне көңіл айтамын. Бұл жалпы спорттағы орны толмас өте ауыр қаза болды. Ол керемет адам, таңғажайып спортшы еді. Сөзім жоқ...

Соңғы жаңалықтар