Елімізде денсаулыққа қатысты барлық ақпарат бір базада жинақталып, электронды нұсқада сақталмақ. Бұл қағазбастылықтан құтылуға септігін тигізіп, емделуші мен емдеушінің уақытын үнемдейді. Бұл туралы кеше Денсаулық саласындағы ақпараттық жүйе Интероперабельді платформа ұлттық жобасының таныстырылымында айтылды.
Шараға Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев пен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, вице-министр Олжас Әбішев және жобаны жүзеге асырып жатқан хорватиялық компания өкілдері қатысты. Бұл – денсаулық сақтау саласын цифрландыру мақсатында қолға алынған ауқымды жобаның бірі. Басты мақсат – амбулаторлық ем-шаралардың қағаз карточкасын толық электронды нұсқаға көшіру. Мұнда барлық статистикалық мәліметтер автоматты түрде жүйеленеді. Дәрігер алдына барғанда тек қана төлқұжат көрсету жеткілікті, дейді мамандар.
Өз кезегінде Премьер-Министрдің орынбасары А.Жұмағалиев Денсаулық сақтау министрінің жұмысына жоғары баға берді. «Жергілікті деңгейде компьютерлер сатып алынып, ақпараттық жүйелер дамытылуда. Сондықтан аталған жүйелердің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету маңызды. Мұны жылдың аяғына дейін аяқтау керек. Жүйені іске қосқаннан кейін дәрігерлер мен пациенттерді оқыту керек. Сонымен қатар электронды паспортты толығымын толтыру қажет», деді А.Жұмағалиев.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»