• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
23 Шілде, 2018

Шын талант ұятқа ұйиды

841 рет
көрсетілді

«Адамзат сапарының мейманымыз, бір мезет жер бетіне кетер соғып», деп жырлады Қасым Аманжолов. Қазір жер бетіне мейман болып келгендердің бір шоғыры атақ қуып әлекке түсіп жүрген секілді. Бұлай деуге себеп, атақ қуғандар шын талантқа көлеңкесін түсіріп, оны кейінге ысыра береді. Ал шын талант ұятқа ұйиды. «Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді», депті Шәкәрім. Ақыл көзін атақ қуған кезде бас көзі билеп кететіндей болады да тұрады.

Иә, қазақтың дарынына ешкім шүбә келтірмейді. Бірақ соны атаққа ұмтылу әлсіретіп жібергендей ме, қалай? «Атағыңа атың сай келсе ғана сыйлы боласың» (Бауыржан Момышұлы) деген қағиданы естен шығарып алғандаймыз. Бір қызығы, айбыны асып, мерейі тасып, сөзі өтіп, қылдан тайғанға жекіп жүргендердің кейін ұмытылып қалатыны кездесіп жатады. Толқын-толқын ұрпақ өзіне қажетін алады. Игілікке жарайтын рухани құндылық болса, тірлігіне пайдаланады. Атағы да, абыройы да дүрілдеген, қазірде сол биігінен түспеген ұлы Мұхтар (Әуезов) мен ғұлама ғалым Қанышты (Сәтбаев) айтпағанда, кезінде атақтан кенде болғанымен «Ез тірліктен ер өлім, артық екен дер едім, шіркін, тірлік жақсы ғой, түсірмесең беделін» деп, «Біреуге жұртта қалған жасығымын, біреуге аспандағы асылымын... өртке тиген дауылдай өлеңімді, Қасымның өзі емес деп кім айтасың», деген жыр дүлдүлі қазақтың кейін тат баспайтын асылына айналды. 

«Ақынмын деп қопаңдап жүргендердің, әммесінен Қасымның десі басым... Қасым солай болмаса несі Қасым?! Жыр бәйгеге аттанған адам болса, сөредегі Қасымын есіне алсын!..» деген ұлы ақынның рухтас інісі Мұқағали Мақатаев та ұлт ақынына айналды. Халық шын талантын атақсыз-ақ төбесіне көтеріп, мерейін үстем ететінін осы екі ақын көзге көрсетіп, көңілге бекітіп тұр емес пе?!

Жасыратын несі бар, осы күні ертеңгі абыройды ысырып қойып, атағы бар, қызметі мықтыға бас шұлғи салатын болып барамыз. Дара тұлғаға берген атақ – еңбектің өтеуі, жолай алғандардікі − алдамшы тірлік. Атақ та, қызмет те – уақытша, абырой − мәңгілік. Атаққа бас ұру кеселіне қазақ кейін ұрынды. Атақпен «байлап» қоюды кеңес дәуірі шы­ғарды. Оның астарында ши шығарып алмау идеясы жатқаны белгілі.

Алқалы жиынның, тойдың төрінен ел жақсыларынан, үлкендерінен бұрын атағы барлар ойып тұрып орын алатын болды. Академик, корреспондент-мүшелер де олардан оза жүреді. Осыған бейімделіп барамыз. Біреу атақ алды десе, оған бұрынғы көзқарасты өзгертіп, құрметпен қарай қаламыз. Алда-жалда бұл «дәстүр» бұзылса, атағы мен лауазымы өскендер жиын мен тойдан шыға жөнелетін жағы да кездеседі.

Қазақ ғылымының алтын ордасы Қаныш Сәтбаев іргесін қалаған, өзге алыптар ша­ңырағын көтеріскен Ұлттық ғылым академиясы еді ғой. Сол академияға академик болып сайлану ғылымның шыңына шығу еді. Оған нағыз ғалымдар қол жеткізетін. «Академик» деген сөздің өзі қасиетті ұғым болатын. Сол биікке жете алмаған, бірақ артына қалдырған мұрасы ұлт құндылығына айналған айтулылар аз емес. Сөзіміз жалаң болмас үшін дәйек келтірелік. Ұлттық академиямыз құрылғанда санаулы саңлақтардың қатарында корреспондент-мүше болып сайланып, сол атақпен өмірден озған ғұлама ғалым, әл-Фарабиді «тірілткен» Ақжан Машанов пен ұлт әдебиетінде «төңкеріс» жасап, ежелгі дәуір әдебиеті қазақ әдебиетінің бас­тау екенін дәлелдеген профессор Бейсенбай Кенжебаев, тағы басқа санаулылар болды. Қазір сол Ұлттық академия қоғамдық бірлестікке айналады. Бірақ ҰҒА-ның корреспондент-мүшелері, академиктер лек-лек болып сайланып жатыр. Ал олардың қазақ ғылымына қосқан үлесі қандай екен деген бір сұрақ көкейден кетер емес. Бұрын жұрт ғалымдардың атағынан бұрын ғылыми еңбегіне мән беретін.

Академик Өмірзақ Сұлтанғазин ғылым кандидаты болу үшін алдымен тақырыпты теориялық тұрғыдан талдап, іс жүзінде көрсетіп барып мақсатқа жететінін жиі еске түсіріп, қазір ғылыми атақты екінің бірі бөрікпен ұрып алып жатқанына өкініш білдіріп отыратын. Осы күні атаққа қолы жеткендер аты-жөнінен кейін, жұрт қалай қабылдар екен демей, алған атақтарын тізуді әдетке айналдырып барады. Зерделі еңбексіз, атүсті алған атақ абырой әкеле қойса деңіз. Атаққа сүйену «кем таланттың» (А.Сүлейменов) құралы шығар. Қазір белгілі, белгісіз академиялар көбейді. Оған ғылымға қатысы жоқ адамдар да түрлі жолмен мүше болу үрдісі өріс алған. Ендеше Сәтбаев заманындағы «академик» деген қасиетті сөзді жазбас бұрын, қай академияның академигі екенін көрсетуі керек секілді. Сонда бәрі айқындалары анық.

Шын еңбек, дара талант тас жармай қоймайды, ол ұрпақтың қазынасына айналады. Осы жерде мына бір жайды да айта кетсек дейміз. Бұл күндері магистр, PҺD доктор атану етек жайды. Айтушылар олар да ғылым жасайды дейді. Дегенмен, мұнда да атақ алу жағы басым түсіп, жүйесіздікке, бөлінген ақшаны игеруге, қағаз жүзіндегі есепке бейімделгендей. Әсіресе, магистрліктің шикілігі шыға бастағаны белгілі. Ә.Бөкейхан «Құдайдан кейін күшті нәрсе – ғылым» депті. Бұл жағынан келгенде білім мен ғылым атаққа емес, ұлт абыройы, ұрпақ ертеңі үшін қызмет етсе, қане! Атағы жоқ бабалардан қалған ұлт қазынасына кісілікпен, кішілікпен қызмет етсек, арыстар үлгісінде жұмыс істесек жұмысты ғана бәсекеге айналдырсақ есемізді ешкімге жібермес едік...