Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек халық алдындағы есептік кездесуінің қорытындысы ретінде баспасөз конференциясын өткізді. Министрдің айтуынша, Индустрияландыру бағдарламасы өңдеу секторының дамуына оң әсер еткенін көрсетіп отыр.
«Биылғы бірінші жартыжылдықта өңдеу секторы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,2%-ке өсті. Индустриялық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша да оң динамика байқалып отыр. Биылғы қаңтар-ақпан айларында бұл көрсеткіш 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,1%-ке артып, 2,5 млрд АҚШ долларына жетті. 2018 жылдың қаңтар-маусымында өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция көлемі 18,2%-ке өсіп, 532,8 млрд теңгені құрады», деп атап өтті Ж.Қасымбек.
Индустрияландыру басталғалы бері (2010-2017жж.) барлығы 6,6 трлн теңге болатын 1148 жоба іске қосылып, 107 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Биыл жалпы сомасы 850 млрд теңге болатын 123 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Онда 14 мыңнан астам жұмыс орны ашылатын болады. Ведомство басшысының ақпараты бойынша, биылғы 1-тоқсанда тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 6,7 млрд долларды құрап, 24,4%-ке өсті.
«Индустрияландыру бағдарламасы аясындағы салалар инвестиция үшін тартымды болып келеді. Тікелей шетелдік инвестиция құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі шамамен 3 есе өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 2018 жылдың 6 айында 4,5 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,8%-ке артық. Біз 59 миллиард доллардан асатын 658 инвестициялық жобаның негізгі тізбесін құрдық, бұл 2020 жылға дейін жүзеге асырылады», деді инвестициялық жобалар туралы айтқан министр.
Құрылыс саласында биыл 12,1 млн шаршы метр тұрғын үйді немесе 103 мыңнан астам баспананы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Тұрғын үй құрылысына 513,3 млрд теңге инвестиция салынды. Бұл өткен жылғыдан 28,4%-ке жоғары. Республика бойынша 49 667 баспана пайдалануға берілді, оның ішінде 20 532 жеке үй бар.
«Мемлекет басшысының бастамасы бойынша ипотеканы одан әрі дамыту және төлем қабілеті бар халықты қолдау мақсатында «7 – 20 – 25» жаңа ипотекалық несиелендіру бағдарламасы енгізілді. Төмен пайызды ипотека жаңа құрылыстан баспана алуға беріледі. Ұлттық банктің дерегі бойынша биыл 4 шілдеден бастап кредиттік комиссияның қарауына өтініштер түсе бастады. Бүгінде 148 өтініш жолданып, 1,1 млрд теңге болатын 95 ипотекалық кредитті беру мақұлданды», деп хабарлады министр Ж. Қасымбек.
Еліміздің көлік саласы да өсім динамикасын көрсетіп отыр. Барлық көлік түрлерімен жүк тасымалдау көлемі 6,4%-ке өсіп, 1,8 млрд тоннаны құрады. 6 айдың қорытындысы бойынша транзиттің жалпы көлемі 8,5 млн тоннаға жетті. Бұл 2017 жылдың (7,8 млн тонна) сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 9%-ке артық. Контейнерлік тасымал көлемі 206 мың контейнерді құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40%-ке артты (2017 жылдың 1 жартыжылдығында – 148 мың ЖФЭ). Соның ішінде Қытай – Еуропа – Қытай бағыты бойынша аталған көрсеткіш 101 мың контейнерге жетті. Бұл 38%-ке артық (73,1 мың ЖФЭ). Азаматтық авиация саласында жолаушылар ағынының тұрақты өсім қарқыны сақталуда. 2018 жылдың 6 айында тасымалданған әуе жолаушыларының өсімі 19%-ті немесе 3,8 млн адамды құрады (2017 жылы 3,2 млн адам). Халықаралық бағыттарға ұшу географиясы кеңеюде.
«Былтыр 10 жаңа халықаралық әуе қатынасы ашылды. Биыл жыл басынан бері 12 халықаралық маршрут ашылды. Оның ішінде қазақстандық әуе тасымалдаушылар Атырау – Франкфурт, Астана – Қазан, Астана – Түмен, Астана – Вильнюс, Астана – Челябі, Астана – Краснодар, Астана –Том, Астана – Сочи бағыттарын орындайды. Сондай-ақ шетелдік тасымалдаушылар орындайтын Рига – Алматы («AirBaltic»), Новосібір – Павлодар («Сибирь»), Краснояр – Алматы («Ангара»), Мәскеу – Қызылорда («Аэрофлот») жаңа әуе маршруттары ашылды», деп атап өтті Ж.Қасымбек.
Рауан Қайдар,
«Егемен Қазақстан»