Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2018 жылғы бірінші жартыжылдықтағы қызмет қорытындысы бойынша кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Онда осы жартыжылдықта агенттіктің атқарған жұмыстары талқыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды. Кеңейтілген алқа жұмысына агенттік төрағасы Алик Шпекбаев төрағалық етті.
Жалпыға мәлім, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасының сақталуын бақылау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган ретінде маңызды міндеттерді атқарады. Соған сәйкес аталған алқа жұмысында агенттіктің мемлекеттік қызмет, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді бақылау, мемлекеттік қызметшілермен әдеп нормаларын сақтау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу саласындағы қызметі нәтижесімен қатар, мемлекеттік органға бағынышты мекемелердің – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының, Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы және Мемлекеттік қызметтің персоналын бақылау ұлттық орталығының жартыжылдық жұмысы талқыланып, қорытындыланды.
Негізгі баяндаманы жасаған агенттік төрағасы А.Шпекбаев мемлекеттік қызметшілерге жалақы төлеудің жаңа жүйесінің оң нәтижелеріне тоқталды. Ол «Біз бұл бағыттың жүзеге асырылуының белсенді сатысына өттік. Қазірдің өзінде кадрлық тұрақтылық пен бәсекелестіктің артқандығы байқалады», деп атап өтті. Бұл орайда қызметшілердің бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттырып, сондай-ақ адам ресурстарын басқаруды жетілдіру үшін кадрлық іс жүргізу бойынша жалпы қызмет көрсету орталығын енгізу жобасы жүзеге асырылуда. Осының арқасында Агенттікте 147 кадр бірлігі қысқарып, нәтижесінде 432 млн теңгедей қаржы үнемделмек. Келесі қадам – мемлекеттік сатып алулар мен заңгерлік қызметті орталықтандыру. Ал үнемделген қаржыны мемлекеттік орган басшысы қызметкерлердің жалақысына үстемақы ретінде қосып беруге, сөйтіп оларды одан әрі адал және табысты жұмыс істеуге ынталандыруға толық құқы бар. Қазіргі кезде 2 трлн теңге көлемінде жалақы төлеу қоры бар ведомстволық бағынышты ұйымдарда 1,5 млн адам жұмыс істеуде. Үкіметте оларды оңтайландыру және топтастыру мәселесі қаралып жатқан көрінеді.
Жалпы, агенттік еңбекақыны арттыру, бәсекелестікті күшейту секілді мәселелерден басқа, мемлекеттік қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жетілдіру мәселесін шешуге де бастама көтеріп отыр. Олардың арасында жеңілдікпен тұрғын үйлер мен зейнетақы жүйесін енгізу, денсаулықты түзеуге жағдай жасау, сондай-ақ қызметкерлер балаларына балабақшадан орын ұсыну мен орталықтандырылған медициналық қызметтер алуды ұйымдастыру бар.
Агенттік төрағасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қол жеткізген нәтижелерге тоқталды. Оның айтуынша, іс жүзінде барлық салада жоғары лауазымды тұлғалардың қатысуымен жасалған сыбайлас жемқорлықтың көптеген дерегі ашылып, оған қатысы бар 700-ден астам адам, оның 18-і республикалық, 55-і облыстық, 101-і қалалық және аудандық буындарда анықталғандығын атап өтті. Мәселен, олардың арасында Энергетика вице-министрлері, сыртқы саясат ведомствосының жауапты хатшысы, Ауыл шаруашылығы министрлігі комитеттерінің төрағасы мен төрағасының орынбасарлары, Ұлттық компаниялардың топ-менеджерлері, құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ әртүрлі деңгейдегі судьялар бар.
Алқа мәжілісінде агенттіктің бизнесті қорғау бағытындағы қызмет нәтижелері де шығарылды. Мысалы, осы кезеңде агенттік 300-ден аса кәсіпкердің құқығын қорғаған. Бұл өткен жылдың көрсеткішімен (108) салыстырғанда 3 есеге көп.Тергеу барысында күдіктілердің мүлігіне 4,6 млрд теңгеге тыйым салынған, бұл өткен жылдың көрсеткішінен (1,2) 4 есеге артық.
Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»