Ағымдағы жылдың 5 шілдесінде Елбасы «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды. Осыған орай Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаты өтті.
«Аталған заңдар азаматтардың білікті заң көмегін алу кезіндегі конституциялық құқығын іске асыруда олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды нығайтуға, сондай-ақ білікті заң көмегін көрсету механизмдерін жетілдіруге бағытталған. Заңмен азаматтардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыруға және келесі мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар шаралар көзделген. Бұл – заң көмегін заңгер мамандарының өкілдерімен жеткіліксіз сапада көрсету, азаматтарды жосықсыз адвокаттар мен жеке тәжірибемен айналысатын заңгерлердің әрекеттерінен қорғау механизмінің болмауы, білімнің жылдам ескіруі және біліктілікті тұрақты көтеру қажеттілігі, адвокаттардың тапшылығы, адвокаттар алқаларының қызметінде ашықтық пен айқындықтың болмауы сияқты мәселелер.
Заңмен құрамында 6 адвокат, қоғамның 3 өкілі және отставкадағы 2 судьясы бар тәртіптік комиссиялардың екі деңгейлі жүйесі көзделген. Бұл азаматтардың шағымдарын объективті және жан-жақты қарастыруды, ашықтық пен айқындықты қамтамасыз етеді. 2020 жылдан бастап адвокаттардың, заң консультанттарының кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру енгізіледі. Бұл сенім білдірушілерге білікті заң көмегін алуға және сапасыз заң көмегі көрсетілген жағдайда келтірілген зиянды өтеуге кепілдік береді. Сонымен қатар заңнама тұрғысынан жеке тәжірибемен айналысатын заңгерлердің құқықтық мәртебесі, құқықтары мен міндеттері бекітіледі.
Бүгінгі таңда сотта азаматтың мүддесін жоғары заң білімі бар кез келген адам білдіреді, осы ретте осындай көмек жиі сапасыз көрсетіледі. Сондықтан сотта азаматтардың мүддесін білдіретін тұлғалар үшін заң консультанттар палатасының мүшесі болу міндеті көзделген, бұл сөзсіз Қазақстандағы заң қызметтерін көрсету нарығының дамуына, заң көмегінің сапасын және бәсекеге қабілеттілігін көтеруге себеп болады», деді Әділет министрінің орынбасары Жанат Ешмағамбетов.
Ол заңның негізгі мақсаты заң көмегінің ашықтығын, әділдігін және сапасын көтеру болып табылатын бірқатар басқа да жаңашылдықтарды қамтитынын, Заң нормалары халыққа жоғары біліктілігі бар мамандармен сапалы және қолжетімді заң көмегін көрсетуге бағытталғанын атап өтті.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»