Көздеген мақсатқа жету үшін нақты жоспар керек. Онсыз дауылды толқынға ескексіз шығып кеткен қайық сияқты қалталақтап қаласың. Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардан туындайтын міндеттерді өңірде жүйелі жүзеге асыру үшін 2018 жылдың 12 ақпанында «Қызылорда облысы әкімінің 2018 жылға арналған бірінші кезектегі іс-қимыл жоспары» қабылданған болатын.
Осы бойынша 310 іс-шарадан тұратын жоспар бекітілген. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде аталған жоспардың қалай орындалып жатқандығы жөнінде облыстық энергетика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова баяндап берді. Талдауда көрсетілгендей, 310 іс-қимыл жоспарының әзірге 37 тармағы нақты орындалған, 3 тармақ бойынша жұмыстар аяғына жеткізілмеген. Ал 270-тармақтың 56-сы ұзақ мерзімді іс-шара болғандықтан әзірге ашып айту қиын. Бірақ жыл аяғына дейін 214-і орындалмақ. Оған негіз бар.
Басқарма басшысы іс-қимыл жоспарындағы орындалмай жатқан тармақтарға тоқталып өтті. Соның бірі – облыстық аймақтық туристік брендін әзірлеу облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасына тапсырылған болатын. Алайда, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың 2018 жылғы 19 қаңтардағы өкімі бойынша «Қазақстанның елдік туристік брендін» әзірлеу тапсырмасы қойылған. Осы себептерге байланысты аймақтық туристік брендін әзірлеу мәселесі өзектілігін жоғалтқан сияқты.
Сонымен қатар Жаңақорғанға қарасты Аққұм елді мекеніндегі 100 орындық мектеп биыл екінші тоқсанда пайдалануға берілуге тиіс болатын. Мердігер уәдесінде тұрғанымен мектепте не су, не электр жарығы жоқ. Оқу орнына су және электр жарығын тартатын бас су торабында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығы бітейін деп тұрған құрылысқа кедергі келтірген.
Қызылорда қаласының сол жағалауында емхана құрылысына қажетті құжаттарды әзірлеу де жүзеге аспаған. Үшінші тоқсанда орындалуы тиіс жоба облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұсынысы бойынша мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде жүзеге асатын жобалар тізімінен алынып тасталды.
Облыс әкімі орындалмай жатқан жұмыс бойынша жауапты тұлғаларға, сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Жауапты тұлғалардан қатаң сұрау болатынын ескертті.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы