• RUB:
    5.22
  • USD:
    479.44
  • EUR:
    523.69
Басты сайтқа өту
Өнер 25 Шілде, 2018

Риддерден шыққан Бетховен (ВИДЕО)

304 рет
көрсетілді

Биыл 4-сыныпты бітірген риддерлік Санжар Сағындықовтың әлемге әйгілі неміс композиторы Людвиг Ван Бетховен секілді есту қабілеті нашар болса да, музыкаға деген құштарлығы ғаламат. Арнайы құрылғы көмегімен дауыстың 50 пайызын ғана еститін 11 жастағы талантты бүлдіршін фортепиано мен гитарада қатар ойнайды екен. 

Ата-анасы оның құлағы дұрыс естімейтінін 4 жасында біліпті. Музыкаға қызығушылығын 6 жасында аңғарып, қаладағы музыка мектебіне беріпті. «Ұлымыз бірінші сыныпта жүргенде 5-сыныпқа арналған Бетховеннің «Элизаға» деген шығармасын фортепианода ойнады. Бұл музыканы бір жерден естіген болуы керек: «Осы музыкада ойнағым келеді» деп өтінді бізге. Бірден нотасын тауып, қағазға шығарып бердік. Лезде үйреніп алды. Оқытушысы бұған қатты таңырқады», дейді балғын музыканттың анасы Сәния.

Санжар осы уақытқа дейін облыс, республиканы қойып, халықаралық байқауларға да қатысып үлгеріпті. Латиф Хамиди атындағы халықаралық байқаудың үш мәрте Гран-приін иеленіпті (екеуі – фортепианодан, біреуі гитарадан). 2016, 2017 жылдары Ресейдің Барнаул қаласында өткен гитарашылар байқауында I және II орындарды жеңіп алып, теріскейдегі көршілерімізді өнерімен тәнті етіпті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Таңғы шұғыла» байқауының облыстық,  республикалық кезеңдерінде де топ жарыпты. Биыл Бурабайда болған «Burabay Summer Fest» халықаралық байқауында 400 баланың ішінен I орынды қанжығасына байлап, АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласына жолдама берген Гран-приге қол созым жерден қайтыпты. «Біздің баламыз құлағы 50 пайыз естісе де, дені сау балалармен бірге түрлі өнер сайыстарына қатысып жүр. Бірақ жеңілдік жасап, елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ», - дейді Санжардың анасы.

Риддер қаласындағы физика-математика мектебінде оқитын өнерлі өрен өзінің музыкалық қабілетін күннен күнге ұштап, жастығына, естуінің нашарлығына қарамастан күрделі шығармаларды тез игеріп алатын көрінеді. Тіпті бар-жоғы 10-15 минутта ноталарды оқып, шедевр туындыларды жарты сағатта үйреніп алады екен.

Фортепиано мен гитараның құлағында ойнайтын оқушының әке-шешесі қарапайым. Екеуі де теміржолда жұмыс істейді. «Санжардың екі арманы бар. Екі жылда бір рет әр елде өтіп отыратын Чайковский атындағы байқау мен  өзіміздің Елордада өтіп жүрген жас пианистердің «Astana Piano Passion» халықаралық фестиваль-байқауына қатысқысы келеді. Әсіресе Денис Мацуевті бір көріп, жүздесуді қатты армандап жүр», - дейді өнерпаз баланың әкесі Талғат Сағындықов.

«Санжарды емдету ойларыңызда жоқ па?» деген сауалымызға ата-анасы: «Нерв жүйесі жансызданып қалған дейді. Ешқайда апарып, дұрыстап тексеруден де өткізген жоқпыз» деп жауап берді. Бәлкім, емдетуге мүмкіндіктері болмай жатыр ма? Ол жағын ашып айтпады.

Талант – мемлекет байлығы. Ендеше, алдағы уақытта талантты балғынды шет елге жіберіп, емдету жағын да ойластыру керек болар.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Риддер қаласы