• RUB:
    5.22
  • USD:
    479.44
  • EUR:
    523.69
Басты сайтқа өту
Әдебиет 26 Шілде, 2018

Баянғали Әлім­­жановтың 4 кітабының таныстырылымы өті

881 рет
көрсетілді

Ұлттық академиялық кі­тап­ханада ақын, драмату­рг, жазушы Баянғали Әлім­­жановтың «Әлем әуен­­­дері», «Қырғызым, бір туғаным...», «Добро­же­ла­тельный Аскар», «Сказ сто­летнего степняка» кі­тап­­тарының таныстырылымы өтіп, қаламгер ол жи­нақтарын кітапхана қо­рына тапсырды.

«Әлем әуендері» еңбегінде түрлі халықтарға арналған қызықты жырлары топтастырылса, «Қырғызым, бір туғаным...» атты жинағында бауырлас қыр­ғыз еліне арнаған өлең, жыр­лары, қырғыз ақындарымен ай­тыс­тары, «Манас» эпосының өзін­ше жырлаған екі тарауы, сұхбаттары енгізілген. «Мейі­рім­ді Асқар» деп аталған қа­зақ, ағылшын, орыс, неміс тілде­рінде, балалар мен жасөс­пі­рімдерге арнап жазылған ер­те­­гісінде, қазақ баласы әлем ха­лық­­тары ертегілерінің бар­лық кей­іпкерлерімен дос бола­тын­ды­ғын суреттеген. Ал «Сказ столетнего степняка» атты роман-аңызында автор орыс-герман соғысы және халықтар достығы туралы баяндаған.

Жиын барысында және кітап­ха­наға тарту еткен еңбек­тері жай­ында ойла­рын ортаға салып, сый­ға тартқан шығармаларына шолу жасаған Баянғали Әлім­жанов: «Бұл еңбектерім ұзақ жылдан бері көз майымды тауысқан жұмысымның же­місі. Жүзге келген қарттың өмі­рін орысша жазған себебім, біз­дің тарихымыз орыстілді ауди­торияға дұрыс жетпейді. Өзге­ріп, адам танымастай құбылады. Сол себепті де «Абылай хан және оның батырлары» деген кі­та­бымды да орысша жазған бо­ла­тынмын. Қазақ тарихы еш­бір бұрмалаусыз орыстілді қау­ымға жетсе екен деген тілек. Кі­тап­тарымды әдейі Тұрсынбек Кәкішев атындағы залға тапсырып отырмын. Ол кісі менің ұстазым болған. Кітап оқырман қау­ымға қызмет етеді деп сене­мін» деді.

Сондай-ақ жиында сөз алған ақын Қорғанбек Аманжол қа­лам­дасына арнаған өлеңін оқып, жылы лебізін білдірді. «Бая­нғали Әлімжановтың бұл істеп жүрген жұмыстары үлкен ерлік. Қазақ әдебиетінің әр жанрында қалам тербеп жүрген ойы жүйрік Баянғали орыс тілінде де еш қиналмай көркем шығарма жазады. Бұл көп қаламгерде жоқ қасиет. Оның он екі томдық қазақ тілінде жазған шығармалары бар. Соның өзі қазақ әдебиеті үшін үлкен олжа», деді ол.

Ұлттық академиялық кі­тап­ха­на ұжымы Баянғали Әлім­жановтың шығар­ма­шы­л­ы­ғына зор табыс тілеп, ал­ғыс­­тарын айт­ты. Автор шы­ғар­маларын iздеген оқырман кітап­тарды  электронды кiтапханадан да таба алады.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,  «Егемен Қазақстан»